Жамбыл облысында екі жыл бұрын басталған тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба  11 ауылдық округке енгізілсе, оны биыл 20 елді мекенге енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек  Сапарбаев  апарат жиынында айтты.

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаның  аймақта биыл жүзеге асырылып жатқанына екінші жыл. Осы жобаның нәтижесімен танысуға республикадан, Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайрбеков бастаған 12 адамнан құралған жұмыс тобы келіп, екі күннен бері аймақта жұмыс істеуде. Топ құрамында барлық министрліктің өкілдері бар. Олармен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеше арнайы жиында бас қосып, екі күндік іс-сапар барысын әкімдік отырысында талқылады.

—        Үкімет басшысы Асқар Маминге облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаны бұдан арықарай жалғастыру туралы  ұсыныс айтқан едім. Бүгінгі таңда оның нәтижесі жақсы. Жобаны алғаш қолға алған сәтте оның нәтижесі жақсы болып жатса, өзге облыстарға да енгізу мәселесі қаралған,  — деді Бердібек Машбекұлы.

Жалпы жобаның маңыздылығы мен тиімділігіне тоқталған аймақ басшысы аталған жобаның тиімді болғанына,  әлеуметтік көмек алушылардың санының азайғанына да тоқталды:

-Жұмыссыздар жұмыспен қамтылды. Соның есебінен бұрын әлеуметтік көмек алып отырған азаматтардың саны 490 адамға кеміді. Жоба аясында ауыл сыртындағы жер телімдері игеріле бастады. Үй іргесіндегі жерлерге бау-бақша салынды. Ел табыс табудың, өз отбасының азық қорын жасаудың жолын үйренді. Халықпен болған әрбір кездесуде тұрғындар осы жоба жарты жолда тоқтап қалмаса екен, ел осы жобаның игілігін көрсе деген өтініштерін айтты. Бұған дейін 11 ауылдық округте жүзеге асырылған жобаны енді 20 елді мекенге енгізуді көздеп отырмыз,-деді.

Осыдан кейін сөз ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайрбековке берілді:

—       Екі күннен бері облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобамен «Алқаптан сөреге» жобасының барысын зерделедік. Осы жобалардың барысында аудан әкімдерімен, шаруалармен кездесіп олардың ұсыныстарын да тыңдадық. Бізді жылыжайдың жұмысы қызықтырды. Жалпы облыстың мүмкіндігінің зор екенін байқадық, — деді Нұрбек Слямханұлы.

Жиынның соңында  Бердібек Машбекұлы:

-Басталған жобаны соңына дейін жеткізсек. Ауыл шаруашылығы үшін бұл жобаның маңызы зор. Оның игілігін ел көрсе. Түптеп келгенде халықтың тұрмысын жақсартуға осыдан жақсы нәтиже беретін жоба жоқ. Сол үшін өңірімізде атқарылып жатқан жобалардың қорытындысын Үкімет отырысына шығарып, оның бұдан әрі жалғасуына үлестеріңізді қосады деген сенімдемін, — қорытындылады.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here