Түркі өркениетінің XXI ғасырда жаңа бір белеске жетуі негізінен Қазақстанға байланысты

0 15

Османлы патшалығында халық пен билеуші топ екі бөлек өмір сүрді. Араб тілінде хүкім жүргізіп, парсы тілінде әдебиет қалыптастырған басқарушы топ жай бұқара тап – түрік шаруаларды  ахлақсыз, санасыз, жабайы түрік (Etrak-ı bi İdrak) деп атайтын. Осман мемлекеті ыдыраған тұста арабтар, албандар, балқандар бөлек-бөлек мемлекет болып кетті де, Түркияға ие болып түріктер қалды.

Мұстафа Кемал патша мен серіктерстері билікке келіп жаңа республика құрғанда бұл мемлекетке жаңа бір біріктіруші идеалогия қажет болды. Олар сөйтіп жаңа мемлекетке түрік деген атау береді. Оған дейін түрік сөзі көп қолданылмайтын. Басқалар түрік деп атаса да түріктер өзін османлы деп келді. Ататүрік екінші сорт саналып келген халықтың рухын көтеру үшін «Түрік болу қандай бақыт» дейтін сөзді жалпыхалықтық ұранға айналдырды.

Қазақстанмен салыстыратын болсақ, ашығын айту керек, Кеңес үкіметінде қазақтар екінші сорттағы адамдар сияқты еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі осындай теңсіздікке қарсылықтан туды. Біз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болдық. Бірақ бастапқыда Елбасының басымдылықтарында ұлттық идеология бола қойған жоқ. Басымдылық экономиканы көтеру болды. Екінші жағынан,  Қазақстанның демографиялық жағдайында қазақтардың рухын көтеру үшін мүмкіндік қажет еді. Қазақстанда реформалар «Алдымен экономика, сосын саясат» модулінде жүрді. Ішкі саясатымызда да, сыртқы саясатымызда да осылай.

Арада ширек ғасыр өтіп, қазақтар демографиялық жағынан да, экономикалық жағынан да есін жиғаннан кейін бізге жаңа бір рух беретін, біріктіруші идея қажет болды. Білесіздер, осы мақсатта бір жарым жылдан бері «Рухани жаңғыру» жүріп жатыр. Түркия мен Қазақстанды салыстыруды жалғастырсақ, Түркия түрікшілдік иедологиясын қалыптастыру үшін арнайы ғылыми зерттеу жасады. Түрік тілі инститиутын құрып, бүгін қолданып жүрген «Ыстамбұл түрікшесін» қалыптастырды. Қалыптастырды дегенде, тілді қайдан алады? Әрине Түркістаннан. Қазақ тілінен, қырғыз тілінен алады. Әсіресе мемлекетті басқаруға қатысты ұлыс, құрылтай, егемен деген сияқты сөздер. Екіншіден, тарихи сананы жандандыру үшін Түрік тарих институтын құрады. Сонау ғұн дәуірінен бастап бүкіл түркі тарихын түрік тарихы деп жазады. Қызық дерек, Түркияның қарулы күштерінің, құрылық әскерлерінің құрылу датасы біздің дәуірімізден бұрынғы 220 жыл. Мүмкін болғанша арыға, ескіге сүйрейді. Осылайша Ататүрік бұл реформаларды жасады, бірақ кішкене жасанды жүзеге асты. Өйткені Османлы империясынан шыққан Түркияның ислам әлемі идеологиясы бар. Халифат бар. Еуропа мүддесі бар. Осман империясы құрылғанда Византияның мұрасын алды ғой. Түркия да құрылғанда «түрік» атауын иемденді. Түрік өркениетіне ие болды. Бірақ уақыт өткен сайын қоғамдағы түрлі топтар әр жаққа тарта бастады.

Ал, Қазақстандағы қазақ ұлтының ұтып тұрған жері қазақтар атамзаманнан бері аталарының ғасырлар бері өмір сүріп жатқан жерін мекен етеді. Бүгін президент мақаласында айтылғандай, қазақтың ру аттары қазақ атауынан да ескі. Қазақтың рухын көтеру үшін осы рулардың тамыры тереңде екенін көрсету керек. Мақалада айтылғандай біреуді кемсіту мақсатымыз жоқ, бірақ қазақтар ата-бабасын білуі, солармен мақтануы керек. Мысалға ұлы жүздің ішіндегі қаңлы руы. Бұл рудың тарихын зерттесеңіз анау ғұн дәуірінен бірақ шығады. Қытай деректерінде «Сырдың бойында қаңлы деген ел өмір сүреді, олар тамақтан бұрын және кейін қолдарын жауады» дейді. Дулат руын қарайық, Болғарияның хандар шежіресінде барлығы дулат болатынын жазады, Аспарух дулат деген сияқты. Қоңырат руын алайық, Молдавада Гагаузия деген автономия бар. Оның Астанасы Комрат, бұл негізінде қоңырат. Жалайыр руы бір кезде Бағдатты жүз жыл билеген. Осылай зерттей берсек дерек көп, тарихымызға терең енген сайын біздің рухымыз көтеріледі.

Президентіміз «Ұлы даланың жеті қыры» деп жеті құндылығымызды санаған. Атқа міну, ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түкі әлемі бесігі, ұлы Жібек жолы  және алма мен қызғалдақтың отаны. Мағжан Жұмабаев Түркістан өлеңінің соңында

«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па?

Көп түрік енші алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» дейді. Президент те мақаласында «Қазақ елі түркі әлемінің қара шаңырағы» дейді. Қара шаңырақ мәселесінен қазақ шежіресіне қарайтын болсақ, «Түрік менің төр ағам, Өзбек өз ағам» дейтін мақал бар. Осы мақалды Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай талдайды: «Түркиядағы түркімендер(түріктер) қазақтардан бес ата үлкен, өзбектер үш ата үлкен» дейді. «Олар елшісін алып кеткен кезде қазаққа қара шаңырақ қалды» дейді. Географиялық ерекшелігіне қарасаңыз Қазақстан түркі әлемінің дәл ортасында орналасқан. Ұлы дала еліміз дейміз ғой, Қазақстан анау сақ, ғұндардан бастап, көк түріктер, Алтын орда боп жалғасып келе жатқан сабақтастықтың үзілмеуіне мүмкіндік жасады. Нақты үлгісі төре ұғымы. Өкінішке орай қазақтардан басқа елдерден шежіре ұғымы, төрелер, рулар ұмытып бара жатыр.

Төре – Шыңғысханның тұқымы ғой. Төрелерді құрметтейміз. Олар неге төре деп аталды десек, төре деген заң, заңдылық пен мемлекеттілікті ұстап тұрған адамдар. Бәлкім түрік деген атау да осыған мағыналас шығар. Қазақстан геосаяси жағдайда түркі әлемінің тура ортасында. Бұл бір жағынан қазақтарға белгілі бір жауапкерлішік артады. Шағатай ұлысының топырағындағы Өзбекстан шағатай ұлысын қабылдамайды. Екіншіден, өзбек атауы, Өзбекстан дейтін мемлекет атауы Шайбаниден шықты. Мұны да қабылдамайды. Осындай тұрғыдан Қазақстанға түсіп тұрған бірінші мәселе түркі мемлекеттері арасындағы сабақтастықты жалғастыру. Қуанышқа орай, қазақтар сақтардан бастап Алтын ордаға дейінгі барлық мемлекетті арғы тегіміз деп айта алады. Өйткені барлығында біздің аталарымыз. «Ел» мен «төре» сөздері тіркессөз ретінде көбінесе қатар қолданылса да, Махмут Қашқари еңбегінде «Ел қалар, төре қалмас» деген мақалды келтіріп, оған былай түсінік береді: саяси құрылымдар ескіріп қалады, жойылып кетеді, ал әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ескірмейді. Содан болар «Мәңгі ел» қайта-қайта қалпына келіп отырған. Өйткені Түркілердің мемлекеттері ыдыраса да, ол елдің негізі, рухы – төре, яғни салт-дәстүр халықтың санасынан шықпаған.

Махмұт Қашғари  тағы бір сөзінде «Нағыз таза түрік тілін қалаларға келмейтін, Ұлы далада көшіп жүрген түркілер сөйлейді» дейді. Ол көшіп жүргендер қазақтар. Яссауи түркі әлемі үшін маңызды. Яссауи түркі әлемінің түркілік болмысын сақтап қалуы, арабтанбауы үшін, уахаби-сәлафи идеяларынан қорғану үшін яссауи идеясын қалыптастырды. Осы тұрғыдан президенттің Оңтүстік Қазақстан обылсын Түркістан облысы деп өзгертуі және облыс орталығын Шымкенттен Түркістанға өшіруі шынын айтқанда халлықаралық қатынастар үшін үлкен ерлік. Өйткені Түркістан атауынан Қытайдың өзі үркіп қалады. Ресей де секемденеді. Иран да қуанбайды. Осындай жағдайда біздің Түркістан атында облыс құруымыз ерлік. Осы Түркістан облысының Қазақстанның түркі әлемінің қара шаңырағы ролінде маңызы зор. Осы жерде Яссауидың ілімін, яғни түркілік-ислам түсінігін жандандырып, күшейтуіміз керек.

Қорыта айтқанда, Қазақстан түркі өркениетінің бесігі. Егер біз ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұраларын, жыр-дастандарын, ертегілерін, шежіресін сақтап қала алсақ рухы биік, мықты елге айналамыз. Сонда ғана алпауыт Қытай мен алып Ресейдің ортасында тең дәрежеде бір мемлекет боламыз. Сонымен қатар, Түркі өркениетінің XXI ғасырда жаңа бір белеске жетуі негізінен Қазақстанға байланысты.

Анкарадағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еуразия бөлімінің басшысы, PhD доктор Дінмұхаммед Әметбек

Leave A Reply

Your email address will not be published.