Қазақстанның саяси тарихындағы қасіретті кезеңдер дұрыс саралануы керек ( ХХ ғ. 20-50 ж.ж.)

0 48

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жарияланған Үндеуі мен осыған сәйкес республикамызда Мемлекеттік хатшы Қ. Көшербаевтің төрағалығымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссияның бастамашылығымен облысымызда осы бағыттағы атқарылар жұмыстарды үйлестіретін өңірлік комиссия да өз жұмысын бастаған болатын. Тиісінше, атқарылып жатқан және атқарылар ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымы да нақты анықталған еді.

Осы орайда, өңірімізде жүргізілген саяси қуғын-сүргін тарихына экскурс жасай отырып, Әулиеата өңірінде жүргізілген жаппай қуғын-сүргін саясаты еліміздің барлық аймақтарындағыдай түрлі әлеуметтік топ өкілдерін түгелдей қасіретке ұшыратқандығын айта аламыз.

Нақтылар болсақ, нәубетті саясатты жүзеге асыру барысында Оңтүстік өңірде жауапқа тартылған коммунистердің ішінде 58-і облыстық мекемелердің басшылары мен жауапты қызметкерлері болса, аудандық деңгейдегі 14 ауком хатшысы мен 16 ауатком төрағалары да «халық жауы» ретінде жапа шекті. Олардың қатарында, ҚК(б)П Сарысу аукомының хатшысы Н.Данияров, Мирзоян аукомының хатшысы С.Баймаханов, Мирзоян ауаткомының төрағасы Досымбаевтармен қатар, Әулиеата уездік «Қосшы» одағы басшыларының бірі Ж.Мыңбаев және Мирзоян ауданы №49 ат зауытының директоры Ә.Абдыразақовтар бар. Мирзоян қаласында қазақстандық алғашқы журналист-коммунист Сабыр Айтқожиннің де қызметі доғарылды. 1936 жылы ол Мирзоян аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметіне келіп, 1937 жылдың 2 қазанында тұтқындалады, оған контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл ұйымға қатысқансың және мектеп құрылыстарын салу мен сауатсыздықты жоюға бағытталған іс-шараларды қаскөйлікпен бұздың, — деген айыптар тағылып, КСРО Жоғарғы Соты Әскери Коллегиясы С.Айтқожинді ату жазасына кескен еді.

Ал, жаппай және кең ауқымды жазалау шараларының басталуына белгі ретінде БК(б)П ОК-нің 1937 жылдың 2 шілдесіндегі шешімі мен осыдан кейінгі, шұғыл түрдегі Ішкі істер Халкомы Н.Ежовтың қолы қойылған №00447 бұйрықты айтуға болады, бұл арқылы 268950 адамды репрессияға ұшыратып, оның 75950-ін ату жазасына кесу көзделінді. Аталған цифрлар тиісінше КСРО аймақтары бойынша «бөлініп», күтілгеніндей, жергілікті жердегілердің «жоспарды қолдауына» («қарсы жоспарларына») ұласты. Осылай Қазақстан К(б)П ОК бюросы 1937 жылдың 19 қарашасында репрессияланатын антикеңестік элементтердің санын ұлғайту жөніндегі шешімін қабылдады. Репрессияланатындар екі категорияға бөлінді. Біріншісіне, билік басындағылардың пікірі бойынша, «барынша дұшпандық» көзқарастағы антикеңестік элементтер жатқызылып, оларға ату жазасы қолданылса, екінші категориядағы осындай элементтер бәлкім қауіпсіздеу деп есептелінгендіктен болар, лагерьлер мен түрмелерде 8-ден 10 жылға дейін, кей жағдайда 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
ОК бюросының шешімімен республика бойынша бірінші категориядағы «бекітілген жоспар» 2000 адам болып белгіленді, мұның өзі Орталық бұдан бұрын белгілеген 1925 адамдық «нормадан» асып түсті. Тиісінше 275 және 350 адамнан «қосымша резерв» те қарастырылып қойды. Әулиеата уезі құрамында болған Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бірінші категориядағы 150 адамның саны өзгертілмей, екінші категориядағылардың саны «жоспардағыдан» жүзге кемітіліп – 300 адам болып белгіленді. Соңынан, Республика бойынша репрессияға ұшырағандардың саны бірінші категориядағылар 600 адамға, екіншісіндегілер 1000 адамға асып кетті.

Репрессиялық іс — шараларды тікелей қолдану құқы бірқатар сот және соттан тыс органдарына берілді. Осылай КСРО Жоғарғы Сотының Жылжымалы коллегиясы Оңтүстік Қазақстан аймағының ірі-ірі партия және кеңес қызметкерлерінің ісін қарады. Жылжымалы коллегия шешімдеріндегі үкімдердің басым көпшілігінің ең жоғарғы жаза болғандығы, бір жағынан аймақтағы партиялық – кеңестік элитаның бір бөлігін жоюды көздегендігі болса, екінші жағынан қалғандарын қорқытып, Орталыққа қандай бір түрде болмасын оппозицияда болу мүмкіндігін болдырмауға ескерту ретінде болды, яғни биліктің барлық тетіктерін өз қолдарында ұстап отырған БК(б)П ОК-нің сталиндік тобына қарсы шығу әрекеттеріне үзілді-кесілді тиым салынды. Облыстық соттың шешімдерінің мазмұны да осыған ұқсас болып, РКФСР ҚҚ 58 ст. негізінде әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырудан, ату жазасына дейінгі жазалар қолданылды. Облыстық соттың шешімімен сотталғандардың құрамы әлеуметтік статусы бойынша әр тақылеттес болып, түрлі деңгейдегі партиялық-шаруашылық қызметкерлерін, қатардағы партия мүшелерін және жәй азаматтарды да қамтыды.

Соттан тыс орган ретіндегі «үштіктер» құрамына партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы, облыс прокуроры және НКВД облыстық басқармасының бастығы кірді. «Үштіктердің» соттан тыс үкім шығарудағы және халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының істерін қараудағы шексіз өкілеттіліктері, өз кезегінде олардың мүшелерінің жеке қауіпсіздігіне кепіл бола алған жоқ. Осылай, КСРО Жоғарғы Сотының Жылжымалы коллегиясының үкімімен ОҚ Қ(б)П О К бірінші хатшылары Ә.Ы.Досов пен Б.Манкин репрессияға ұшырап кетті. Зерттеліп отырған кезеңдегі ІІХК-ның облыстық басқармасының бастығы С.Д.Пинталь, бәлкім «үштіктің» төрағасы да шығар репрессияға ұшырап, басқа бір соттан тыс орган КСРО ІІХК – ның ерекше кеңесінің 1937 жылғы желтолқсандағы үкімімен ату жазасына кесілді. Жалпы алғанда республика бойынша «үштіктің» 24 мүшесінің 15-і репрессияға ұшырады. Соның өзінде аз уақыт ғана жұмыс істей отырып «үштіктер» репрессиялық үкімдердің басым көпшілігін шығарып үлгерген еді.
Кең ауқымдағы репрессиялық іс-шаралар қолдануға әлеуметтік-психологиялық дайындық алдын-ала және мұқият ойластырылған болатын. БК (б) ОК– нің 1936 жылдың 29 шілдесіндегі жабық хатында « қырағылық мәселесі мен дұшпанды тани білуде» жіберілген кемшіліктерді жою өте қатқыл түрде талап етілді. 1936 жылдың 5 тамызындағы осы мәселені талқылауға арналған Қазақ өлкелік комитетінің бюросы, өз партия ұйымдарын және әсіресе жетекші кадрларды ерекше қырағылық танытуға және дұшпанды тануда «мейлі ол жақсы қызметкермін деп мәймөңкелесе де, мейлі өзін партияның белсенді және шын берілген мүшесі ретінде көрсетуге әрекеттенсе де, — қателеспеуге міндеттеді.

Орталық лақтырған «тастың» алғашқы «дүрсілі» ретінде «қырағылықты күшейтудің арқасында әшкереленіп және соңынан партиядан қуылған 43 контрреволюционер троцкист-зиновьевшілдер мен олардың сыбайластары» туралы оқиғаны айтуға болады. Республикалық партия ұйымының 100 мыңнан аса мүшелерінің ішінде аталған ағымның бұдан да көп жанашырлары (жақтаушылары) болуы әбден мүмкін еді. Дегенмен, жазаланғандардың шын мәнінде аталған топтарға қатыстылығы анық айқындалған жоқ. Осы кездегі мәліметтерде Әулиеата өңірі бойынша: Мирзоян қызылша совхозында троцкист В.Нестеров троцкистік – алашордалық топ құрып, оған ұлтшылдар, Қазыбаев пен Төленов кіргендігі айтылады.
Бұл арқылы белгіленілген немесе жасырын дұшпандар нақты таңбаланған – «ұлтшыл», «алашордашыл», «троцкист-зиновьевшіл», — деген саяси атқа ие болды. Кейіннен «дұшпандар» тобына «фашистер», шпиондар», «барлаушылар мен диверсанттар», сонымен қатар «бүлікшілдер» де қосылды. Осымен бірге «жайбарақат элементтердің», «ашық ауыздардың» және шіріген либералистердің өмірін өксіту әдістері де анықталды.

Бұдан кейінгі «дұшпандар» шеңберінің кеңеюі ішкі және сыртқы саяси факторлардың әсеріне байланыстырылып, 1937 жылдың өн бойында «троцкистер мен басқа да екіжүзділер», «троцкистік-зиновьевтік фашист бандиттер», «ақгвардияшылар» болып кете берді. Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша БК(б)П Өлкелік комитетінің УІІ Пленумы «бірқатар ұйымдарда қазақ ұлтшылдығы мен соған бейім тұрғандарға қарсы күресті ешқандай әлсіретпеуді» атап көрсетті. Сонымен қатар үнемі қайталанып отырған кінәлаулардың қатарына « жапон империализмінің агенті» деген атау да енді. Жоғарыда аталынған және кейін де жалғастырылған дұшпан образдары қоғамдық санада ерекше қарсылыққа душар болмады, мұның өзі репрессиялық іс-шараларды қолдануды негіздеп, заңдастыруға жағдай жасағандай еді.

Репрессиялық қимылдардың үдей түсуі — ауыл шаруашылығындағы, ұн тарту өнеркәсібіндегі, темір жол транспортындағы «контрреволюциялық топтардың» үстінен «көрнекілік процестер» жүргізу арқылы көрінді. Ашығында, «көрнекілік», аталған салалардағы жағдайды алдын-ала тексеру арқылы анықталған нақты адамдардың кінәсін мойнына сөзсіз қою арқылы,олардың халық алдында сағын сындыру үшін керек болды. Сонымен қатар процестердің жүргізілуі баспасөзде барынша кең баяндалып, бұл арқылы халықтың санасында дұшпан образы стереотипі қалыптасуы керек болды, мұның өзі «соттар құрамы мен мемлекеттік айыптаушыларды тыңғылықты дайындаған» жағдайда, бұдан кейінгі репрессиялық шаралардың жүзеге асуын жеңілдетті. Осылай, Қазақ АКСР-і ХКК – мен К (б)П ОК бюросының «Қазақстандағы ұн тарту өнеркәсібіндегі зиянкестік әрекеттердің зардаптарын жою жөніндегі» құпия қаулысында ұн тарту өнеркәсібі саласындағы жағдайдың барынша қанағаттанарлықсыз екендігі айтылып, ондағы « троцкист – оңшыл және ұлтшыл халық жауларының дұшпандық әрекеттеріне» қарсы көзге көрінерлік күрес жүргізілмей отырғандығы атап көрсетілді.
Зерттеліп отырған өңірге қатысты айтсақ, Мирзояндағы ұн тарту зауыты мен Шымкенттегі ұн тарту комбинаты «едәуір мөлшердегі құрал – жабдықтарды қасақана іске қоспағандығы» үшін жабылып тасталынды. Бұл арада аталған фактілердің орын алғандығында күмән болмаса керек. Гәп басқада сыңайлы. Себебі, орталықтандырылған, жоспарлы экономика жағдайындағы халық шаруашылығын басқару, кемшіліктерсіз болмағандығы белгілі, тек жіберілген қателіктерге саяси реңк берілуі жоғарыда аталған саланың қатардағы қызметкерлерінің қатаң репрессиялық жазалауға ұшырауына ұласқан еді.

Сонымен қатар Түрксібтің аймақтық бөлімшесіндегі «дұшпандық әрекеттер» фактілерін ашу туралы бірнеше архивтік құжаттарды сөйлетсек, онда «оңшыл-троцкистік контрреволюциялық ұйым филиалын» « әшкерелеу»- «…5. Мирзоян паравоз депосы. Мұндағы ұйымды басқарған паравоз бөлімшесінің бұрынғы бастығы Шитов. Барлығы Мирзоян депосы бойынша 11 адам тұтқындалған. Ары қарай қарастырылып отырған құжатта тағы 13 адамның қамалғандығы айтылады. «Шу, Мирзоян, Шымкент, Луговая станцияларындағы шпиондық — диверсиялық топтарды әшкерлегеннен» кейін тағы да 19 адамды қамауға «негіз» табылған еді. Жалпы Түрксиб бойынша 1937 жылдың өзінде оңшыл — троцкист ұйымдарының 182 мүшесі мен 142 жапон және поляк «шпиондары» тұтқынға алынды. Соңғысын, сол кездегілерге Польшаның КСРО-ға қатысты ашық дұшпандық саясаты мен аталған елдің Кіші Антанта елдерінен құралған «санитарлық кордон» құрамында болғандығымен түсіндіруге болатын. Жапонияның Қытайдағы агрессиясынан кейін КСРО-ның Қиыр Шығыстағы шекараларына өз әскерлерін жақындатуы «Жапония пайдасына шпиондық жасады» деген мәселені де көтерген еді.

Осыншама қатал түрде жүргізіліп жатқан іс –шаралар БК(б)П ОК –гі сталиндік топқа бәрібір мардымсыз болып көрінді. Сондықтан, жаңа бағыт таңдалынып, өңірлердегі партия және кеңес басшыларын саяси дискредитациялау (қорқынышты репрессиялық іс-шараларды үдету мақсатында) басталынды.
Өңірлік элитаның репрессияға ұшыраған бөлігінің басым көпшілігі, партия қатарына революциядан кейін және азамат соғысы большевиктердің жеңісімен аяқталғаннан соң кіргендер болатын. Саясатта болмай тұрмайтын күдіктенушілік жағдайында Орталық оларға өте сенімсіз көзқараста болды. Олардың саяси өмірге енуі де ішкі партиялық пікірталастың өршіп тұрған кезіне сәйкес келіп, онда И.В.Сталин мен оның тобының асыға үнемі алшысынан түсе бермейтін. Сондықтан да, И.В.Сталин басқарған Орталық элитаның бір бөлігінің көзін жоя отырып, қалған бөлігін қорқыныш тұзағына ұстау саясатына жүгінген еді.

Осы тұрғысында, Қазақстан Президентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі пәрменді іс-шаралары, Қазақстанның саяси тарихында болған осы оқиғаларды түйсініп, оның ерекшеліктерін ұғынуға, ондағы ойластырылған қитұрқылар мен тарихи уақыт талайында тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың өмірлік-бақилық өксігін түсінуге және мұндай қасіреттің қайталанбауына кепіл боларын меңзеп тұрғандай. Біз де осы ұстанымға қосыла отырып, қазірге дейін көпшілік қауымға ұсынылған ғылыми-зерттеу еңбектерімізді ұштау арқылы, жаңа талаптарға сай, жаңа сападағы ғылыми жұмыстарымызды жарыққа шығаруға барлық мүмкіндіктерімізді пайдаланалатындығымызды айта аламыз. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды ешбір тоқтатпайтындығымыз да белгілі. Олай болса, жазықсыз жапа шеккен бабаларымызды ақтау ісі жан-жақты сараланып, осы және басқа да нәубетті науқандардың себеп-салдарын анықтау үрдісі өзінің лайықты жалғасын таба бермек.

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің профессоры,
Тапаева Альбина – Жамбыл облысы әкімдігі
ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшысы,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау
жөніндегі облыстық жұмыс тобының мүшелері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.