Жамбыл облысында Алғыс айту күніне орай 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады

0 2

Көктем шыға салысымен қазақ елі алғыс айту мерекесін тойлайды.

Көпұлтты мемлекет үшін бұл күннің мәні зор. Ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеріп, ұлыстар достығын нығайта түсетін ерекше мейрам Жамбыл жерінде де тойланып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген мереке түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосты. Жергілікті өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Шараға көрші қырғыз елінен де қонақтар келді.

Алғыс айту күнін Жамбыл облысындағы ел-жұрт та кең көлемде атап өтіп жатқаны рас. Бізде өңірде жылда 1 наурыз күні әр ұлт алғысын әртүрлі білдіреді. Бірі шаңырағында дастархан жаяды. Ал енді бірі дәл осы күні туған-туыстарын жинап, ата-бабаларынан естіген қиын-қыстау замандағы естеліктермен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа жеткізуді әдетке айналдырған. Бірақ бүгін таңертеңтен бері облыс тұрғындары, ардагерлер мен жастар Достық үйіне жиналып бір-біріне алғыс айтты.

Әсіресе түрлі ұлт өкілдері бұл мерекеге ерекше көңіл-күймен келген.  Олар: «Бұл мейрам ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеріп, ұлыстар достығын нығайтады», – дейді. Аймақтың барлық аудан, ауылдарында 200-ге жуық шара өткізу жоспарланған. Негізгі мерекелік жиын өңірде тұрып жатқан түрлі этностардың ұлттық ойындарынан бастау алды. Оған кез келген келуші қатысып, ептілігі мен шыдамдылығын тексеруге болады. Сонымен қатар ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі де қойылған. Ал дәл қазір түрлі этнос ақсақалдарының қиын-қыстау кезеңдегі есінде қалған әңгімелерінің желісімен театрландырылған көріністер қойылып жатыр. Мұнда түрлі тарихи себептермен қазақ топырағына табан тіреген этнос өкілдерінің бастан кешкендері мен оларды бауырына басқан қазақ халқының кең пейілділігі суреттелген. Жұрт Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мейрамды ұлыстар достығын нығайта түсетін ерекше мейрам деп біледі. Сондықтан олар 1 наурыздың Алғыс айту күні болып аталуын тек ризашылық күні емес, тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке деп қабылдайды.

Дуниядар Абдуллаев, түрік этномәдени орталығының төрағасы: 

— Рақмет! Бұл керемет мереке. Ерекше мейрам! Барша тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі. Әр ұлт өздерінің ұлттық құндылықтарымен бөлісіп жатыр.

Иә, бұл мереке елімізде биыл үшінші мәрте тойланып отыр. Биыл мейрамға көрші қырғыз елінен арнайы қонақтар келді. Олар 80-нен астам этнос өкілі тұратын аймақ жұртшылығының татулығына тәнті болып, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Айта кету керек, «Рахмет саған – Туған ел!» кешенді іс-шарасы аясында медиация бойынша Ашық есік күні де ұйымдастырылды. Алғыс айту күніне арналған шаралар аудандарда ертең де жалғасады.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.