Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен жиын өтті

0 6

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары бойынша жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыпов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар барысын жеткізді. Оның айтуынша, 2019 жылғы облыс бойынша инфляция 105,3 пайызды құраған, оның ішінде азық-түліктер бойынша 109,5 пайыз, әлеуметтік тауарлар инфляциясы 110,0 пайызға айналған.

Айта кету керек, бұл көрсеткіштер республикалық деңгейден төмен. Аталған басқарма басшысының орынбасары тұрақтандыру шараларының негізгі тетігі ретінде тұрақтандыру қорынан тауар интервенциялары жүргізілуде екендігін жеткізді. Жаңадан қабылданған жергілікті қағида аясында қорға қажетті 10 тауардың тізімі тұрақтандыру қоры комиссиясының өткен жылғы 11 қараша күнгі отырысында бекітілген.

Қазіргі таңда өңірдегі тұрақтандыру қорынан әлеуметтік 8 тауар түрі нарық бағасынан төмен бағада өткерілуде. Айталық, қарақұмық пен күріштің келісі 240 теңге, картоп 75, сәбіз 55, пияз 45 теңгеден, ал, сүттің бір литрі 160, күнбағыс майының литрі 325 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, бір бөлке нан бағасы 55 теңгені құраған. Осы орайда, аталған қордағы тауардың өткізу көлемін арттыру мақсатында Тараз қаласындағы негізгі ірі 8 супермаркет желілерімен (Смарт, Корзина, Гаухар, Дамдес, Сафият, Халил, Алма, Нурислам) келісімдер жасалып, арнайы әлеуметтік сөрелер ашылған.

Сонымен қатар, нан бағасын тежеу шарасы аясында ірі 6 наубайхана басшыларымен меморандумдар қабылданып, бүгінгі таңда әр наубайхана тәулігіне 100-300 бөлке нанды әлеуметтік осал топтаға жанұяларға 75 теңгеден сатылуда екен.
Басқосу барысында, әлеуметтік дүңгіршектер санын арттыру үшін қосымша 11 дүңгіршектің құрылыс орындары белгіленіп, жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқандығы айтылды. Жоспар бойынша ағымдағы жылы әлеуметтік дүңгіршектердің санын екі есеге арттыру және тұрақтандыру қорының ішкі нарықтағы үлесін 5 пайыздан асыру көзделуде.

Асқар Исаебекұлы тұрғындардың тұрмыстық ахуалына аса назар аударып, бұл тұрғыда әлеуметтік тауарлардың бағасын тұрақтандырудың маңыздылығын баса айтты. Ол бойынша жұмыстарды үнемі жүйелеп отыру керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жолдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.