Жамбыл облысының тұрғыны коронавирустан жазылып шықты

0 8

Жамбыл облысы Шу ауданының 29 жасар тұрғыны коронавирустан сауығып шықты.  Қырғыз Республикасынан оралғаннан кейін 24 наурызда одан алынған талдаулар қорытындысы оң нәтиже көрсеткен болатын. Екі апта ішінде ол инфекциялық стационарда жатып, қажетті ем-дом шараларын қабылдады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрғыннан екі рет талдау алынып, инфекцияның жоқтығы расталды. Он енді алдағы екі апта бойы дәрігерлердің бақылауымен үй карантинінде болады.

Сондай-ақ, бұған дейін ауруы анықталған жүк тасымалын жүзеге асыратын 1958, 1975, 1984 жылдары туған қырғызстандық үш азамат өз Отанына жіберілді. Олардан мемлекеттік шекараны өту кезіндегі тексеріс барысында коронавирус анықталған. Арнайы автокөліктермен олар шекара маңындағы өткізу пунктіне жеткізіліп, ары қарай Қырғыз Республикасының медициналық қызметтері алып кетті.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жұқпалы аурулар стационарында барлығы 41 науқас жатыр. Олардың жағдайы қанағаттанарлық.

Айта кетейік, облыс бойынша дәрілік заттар, медициналық жабдықтар, дезинфекциялық  және жеке қорғану құралдары,  ПТР мен тест-жүйелерін сатып алуға жалпы 860 млн. теңге бөлінген. Оның 536 млн.теңгесі ҚР Үкіметінің резервтік қорынан, 43 млн. теңгесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық қорынан, 281 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Қазіргі уақытта облыстық медициналық мекемелерде сатып алу және жеткізу шаралары жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.