Спорттан ашық біріншілік

0 15

Талас ауданында орталық қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған аймақтық біріншілік ұйымдастырылды.
Шараға Д.Қонаевтың жеке күзетін басқарған, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, Шымкент қаласының және Түркістан облысының Құрметті азаматы Шәріпбек Жамалбек, Алматы облысы Талғар ауданының Құрметті Азаматы Сайлаубек Нүрпейісов, белгілі кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев және өзге де есімі елге танымал тұлғалар шақырылды.
Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен аймақтық біріншілікте Түркістан облысы, Шымкент және Тараз қаласы, Шу, Қордай, Сарысу және жергілікті Талас ауданынан келген спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай қой көтеру, кермеге тартылу, садақ ату, кіші футбол, арқан тарту, гір тасын көтеру сынды спорт түлерінен жүлделі орындарды сарапқа салды.
Жарысты аудан әкімінің орынбасары Дәулет Төленді ашып, қатысушыларға сәттілік тілесе, генерал-лейтенант Амангелді Смағұлұлы: -Дінмұхамед Ахметұлы спортқа ерекше мән берген. Әрдайым қолдау көрсетіп отырған. Айталық Еуропаның екі дүркін чемпионы атанған алматылық «Буревесник» волейбол командасының жеңісін жоғары бағалағаны есімде. Сонымен қатар, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровке Жоғары құрмет көрсетті. Спорт ел мен елді байланыстырып, достық қарым-қатынасты арттырады. Мұндай жарыстар жастарды шыңдайды,-деді. Ал біріншілік қонақтары Шәріпбек Жамалбек, Сайлаубек Нүрейісов және Талас ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Шахмарал Төлентаев Д.Қонаевтың қайраткерлік болмысы мен ед дамуына сіңірген еңбегіне тоқталды.
Жекелеген спорт түрінен жарыстар өте тартысты жағдайда өрбіді. Бәсеке 45 жасқа дейін және 45 жастан жоғары спортшылар арасында өтті. Дегенмен, бұл біріншілікте Талас ауданына қарасты ауылдық округтен келген спортшылардың белсенділігі мен тыңғылықты дайындығы ерекшеленіп тұрды. Кермеге тартылудан Сарысу ауданынан келген Мұхамедали Смаилов пен Ойық ауылының намысын қорғаған Марат Амировтің бәсі басым болса, Қой көтеруден ойықтық Жексен Нұрдәулетке тең келер қарсылас табылмады. Ал, Садақ атудан Ойық ауылынан Дінислам Байтан мергендігімен ерекшеленсе, гір тасын көтеруден ақкөлдік Жандос Досанұлы шын мықтылығын танытты. Арқан тартудан да жеңіс осы ақкөлдік командаға бұйырды. 12 команда арасында өткен жасыл алаңдағы футбол бәсекесінде 45 жасқа дейінгі жастар спортшылар арасында тараздықтар тұғыр биігінен көрінсе, одан жоғары буын арасында Түркістан облысының ардагерлерінің бәсі басым болды. Біріншіліктің ортасында болып, оның жоғары деңгейде өтуіне аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров, №31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қанат Шыныбеков зор үлес қосты.
Жалпыкомандалық есепте Ойық ауылының спортшылары 1-орынды, Ақкөл ауылының құрама командасы 2-орынды, ал Сарысу ауданының жігіттері 3-орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлде­гер­лерге ұйымдастырушылар тарапынан диплом, медаль, кубок және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Бұл күні аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың рухына дұға бағышталып, дәм берілді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.