Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдастыруымен 2026 жылғы 20 мамыр күні Тараз қаласындағы №39 мектеп-гимназиясының базасында «KIDS ATHLETICS» республикалық семинары жоғары деңгейде өткізілді. Аталған іс-шара дене шынықтыру және спорт саласындағы педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, балалар жеңіл атлетикасын дамытуға бағытталған маңызды білім беру алаңына айналды.
Семинар жұмысына Тараз қаласындағы білім беру ұйымдарынан жалпы саны 83 дене шынықтыру пәнінің педагогтері қатысты. Қатысушылар арасында тәжірибелі ұстаздармен қатар жас мамандар да болып, олар балалар спорты саласындағы жаңа бағыттар мен заманауи әдістемелер жөнінде мол мағлұмат алды. Іс-шара барысында балалар жеңіл атлетикасының маңыздылығы, оны мектеп бағдарламасына тиімді енгізу жолдары, оқушылардың денсаулығын нығайтудағы дене белсенділігінің рөлі жан-жақты талқыланды.
Семинардың негізгі мақсаты – мектеп оқушылары арасында жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттау, балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру, сондай-ақ дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру болды. Осы бағытта қатысушыларға халықаралық тәжірибеге негізделген заманауи әдіс-тәсілдер таныстырылып, дене тәрбиесі сабақтарында қолдануға болатын тиімді жаттығулар кешені көрсетілді.
Іс-шара барысында теориялық бөліммен қатар тәжірибелік жұмыстар да ұйымдастырылды. Педагогтер арнайы спорттық тапсырмалар орындап, командалық ойындар мен эстафеталық жаттығуларға қатысты. Практикалық кезеңде мұғалімдер оқушылардың қызығушылығын арттыруға арналған интерактивті әдістермен танысып, балалардың жас ерекшеліктеріне сай жаттығуларды ұйымдастыру тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан үздік тәжірибелерін ортаға салды.
Семинар аясында балалар спортының дамуы, бұқаралық спортты қолдау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де кеңінен қозғалды. Мамандар қазіргі таңда оқушылар арасында дене белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталып, спорт арқылы тәртіп, ұйымшылдық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға болатынын атап өтті.
Аталған республикалық семинар дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және білім беру ұйымдарында балалар жеңіл атлетикасын дамытуға үлкен серпін берді. Сонымен қатар бұл іс-шара педагогтер арасында шығармашылық ынтымақтастықты нығайтып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.