Қордай ауданы Кенен ауылының 1996 жылғы мектеп түлектері өздерінің 30 жылдық мерекелеріне орай ауылдың кіреберісіндегі әйгілі «KENEN» аркасы толық жаңартып берді. Бұл қақпа а алғаш рет 2016 жылы, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай, 1996 жылдың түлектерінің жұмылдырылған күшімен орнатылған болатын.
Сол кезеңде халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасының құрылысы жүргізіліп, ауылға кіретін негізгі жолдың бағыты өзгерген еді. Соның салдарынан ауылға алғаш келетін қонақтар мен жолаушылар Кенен ауылына бұрылар жолды таба алмай, жиі адасатын жағдайлар орын алған. Осы мәселені шешуді ойлаған түлектеріміз ауылдың кіреберісіне арнайы арка орнату туралы бастама көтеріп, оны жүзеге асырған болатын. Бұл — ауылдың сәнін келтіріп қана қоймай, сырттан келген жандарға бағыт-бағдар көрсететін маңызды нысанға айналды.
Арада он жыл өтті. Табиғаттың барлық сынағына төтеп берген арка ауылдың символына айналды. Дегенмен, уақыт өте келе оны жөндеп, жаңарту қажеттілігі туындап, нәтижесінде, осы жылы 2026 жылы ауылдың 1996 жылғы түлектері тағы да бір мақсатқа жұмылып, арканы толық жаңғырту жұмыстарын қолға алды.
Қазір жаңартылған қақпа алыстан көз тартатын сәулетті нысанға айналған. Заманауи әрлеу жұмыстары жүргізіліп, түнгі уақытта жарық беретін арнайы шамдар орнатылды. Арканың екі қапталына қазақ халқының қасиетті мұрасы — домбыра бейнелері орналастырылып, Кенен Әзірбаевтың туған ауылы екендігін айшықтай түсетін ұлттық нақыштармен безендірілді. Бұл өзгерістер ауылдың рухани болмысын айқындап, келбетіне ерекше сән берді.
Бұл игі бастаманың басы-қасында жүрген азаматтардың бірі — ауылдың тумасы, 1996 жылғы түлек, ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарып, капитан шенінде зейнеткерлікке шыққан сыныптасымыз — Аят Сегізбаев. Осыдан он жыл бұрын арка орнату идеясын алғаш көтерген де, биыл оны жаңғыртып, қайта жаңарту жөніндегі ұсынысты айтқан да осы сыныптасымыз болды. Бұл игі істің бастамашысы болған Аяттың ұсынысын ауылдастарымыз мен сыныптастарымыз бірден қолдап, жұмыстың сапалы әрі уақытылы аяқталуына белсене атсалысты. Атап айтқанда — Сарсенбеков Асхат, Нұрқаев Ғабит, Мекерғалиев Мадияр, Оңғар Жазылбек, Базарбаев Манат, Қамбарбаев Сұңғат, Қасабеков Ержан, Садабаев Саят, Қырықбаев Ернұр, Баймұханбетов Серік, Қақанов Сәкен, Қарқабатов Сәкен, Аманжолов Нұрлан, Әбілғазиев Дулат, Жарымбеков Ұлан, Орынбаев Данияр, Ауманқұлов Аңсабек, Баймұханбетов Бейнұр, Мақашев Еркебұлан, Дәулетбақов Айдос, Әбдімәжитов Бақыт және Жанбауов Мақсат сияқты сыныптастарымыз туған жерге деген жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Олар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», күннің ыстығына, жаңбырдың жауғанына қарамастан, кезектесіп, бірін бірі алмастырып отырып, арканы жаңарту жұмыстарының табысты аяқталуына өз үлестерін қосты.
Ерекше атап өтерлігі, бұл жұмыстың орындалуына 1996 жылғы «А» және «Б» сыныптарымыздың жігіттері бір кісідей атсалысты. Бала күннен бірге өсіп, мектеп қабырғасында қалыптасқан достықтары жылдар өтсе де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген азаматтар туған ауылдары үшін бір мақсатқа бірігіп, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Кенен ауылының 1996 жылғы түлектерінің арасындағы ерекше достық пен бірліктің тамыры мектеп қабырғасында қаланған. Осы буынды 1986 жылы мектеп табалдырығынан жетектеп кіргізіп, білім мен тәрбиенің алғашқы нәрін берген ұстаздарымыз – Шөмшиева Жүзімхан мен Егіншиева Райхан болса, жоғары сыныптарымызда бағыт-бағдар көрсетіп, үлкен өмірге қанат қақтырып, ақ батасымен шығарып салған сынып жетекшілеріміз — Даукеева Бейсекүл мен Қарабекова Қырымкүл ұстаздарымыздың да еңбегі орасан зор. Ұстаздарымыз шәкірттерінің бойына достықты, адалдықты, елжандылықты және туған жерге қызмет ету қасиетін сіңіре білді. Бүгінгі таңда туған ауылына жанашыр болып жүрген азаматтардың қалыптасуына осы ұстаздарымыздың тәрбиесі мен ақыл-кеңесі үлкен ықпал еткені анық.
Жыл басынан бері жүргізілген жөндеу жұмыстары оңай болған жоқ. Алайда түлектер ұйымшылдықтың, достықтың және туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің арқасында бұл жұмысты абыроймен аяқтады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған азаматтардың еңбегі ауыл тұрғындарының ерекше ризашылығына бөленді.
Бүгінде ауыл ақсақалдары мен тұрғындары түлектерге ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудыруда. Өйткені бұл тек құрылыс нысанын жаңарту емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің және елге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.
Жалпы, Кенен ауылынан түлеп ұшқан азаматтардың ауызбіршілігі көпке үлгі. Қай жылғы түлек болмасын туған жерінің дамуына үлес қосуға, ауыл тұрғындарын қолдауға әрдайым дайын. Бұл — Кенен ауылының қалыптасқан жақсы дәстүрі. Осындай игі бастамалар арқылы ауылдың көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтар жас ұрпаққа туған жерді сүюдің, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Өскелең ұрпақ үлкендердің туған жерге деген қамқорлығын көріп өседі. Сондықтан мұндай игі істердің тәрбиелік маңызы зор. Олар жастардың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, туған ауылына деген жауапкершілікті арттырады.
Кенен ауылының 1996 жылғы түлектері жүзеге асырған бұл игі бастама — туған жерге қызмет етудің, достық пен бірліктің, елге деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі. Осындай азаматтардың арқасында ауыл ажарланып, елдің мерейі арта бермек.
«Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығының шынайы көрінісі — дәл осындай игі істерден байқалады.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.