Қордай ауданында «Нашақорлыққа жол жоқ» атты акция өтті

0 51

Қордай ауданында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу және қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі – «Нашақорлыққа жол жоқ» атты акция болды. Аталған шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат беру, сондай-ақ жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру.

Акция барысында тұрғындармен және жастармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық материалдар таратылды. Мамандар есірткі заттарының адам ағзасына әсері, оның салдарынан туындайтын денсаулық мәселелері мен әлеуметтік қиындықтар туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар жастарға өмірдегі дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығы айтылып, спортпен айналысуға, білім алуға және қоғам өміріне белсенді араласуға шақырылды.

Нашақорлық мәселесі қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Сондықтан да оған қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті саналады. Мамандардың пікірінше, қоғам болып бірлесе әрекет еткенде ғана жастарды түрлі қауіп-қатерден қорғап, олардың жарқын болашағын қамтамасыз етуге болады.

Осы бағыттағы іс-шаралардың жалғасы ретінде Қордай ауданында «Нашақорлыққа қарсы өмір марафоны» атты велошеру ұйымдастырылды. Ауқымды шара 5 маусым – Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күніне орай өткізілді. Веломарафон аудан тұрғындарын, әсіресе жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, қоғам назарын есірткі мәселесіне аударуды көздеді.

Іс-шара ауданның Орталық саябағында бастау алып, оған әртүрлі жастағы тұрғындар белсенді қатысты. Велошеруге қатысушылар арнайы белгіленген бағыт бойынша жүріп өтіп, мәреге жеткеннен кейін саябақта ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты. Шара барысында қатысушылар өздерінің спортқа деген қызығушылықтарын көрсетіп қана қоймай, нашақорлыққа қарсы қоғамдық бастаманы қолдайтындарын да білдірді.

Салтанатты жиынға аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов қатысып, мұндай іс-шаралардың жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Ақынғалиұлы Сатымқұл сөз сөйлеп, жастарды денсаулықты күтуге, спортпен тұрақты айналысуға және қоғамның белсенді мүшесі болуға шақырды. Ол өз сөзінде нашақорлықпен күресте әрбір азаматтың жауапкершілігі ерекше маңызды екенін атап өтіп, жастардың болашағы өз қолдарында екенін айтты.

Шара барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Арынұлы Үдергенов те сөз алып, есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол жастарды заң талаптарын сақтауға, құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақырып, есірткінің адам өміріне, отбасы мен қоғамға тигізетін ауыр зардаптарына тоқталды. Сонымен бірге құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтіп, әрбір азамат заң талаптарын білуі және орындауы қажеттігін жеткізді.

Іс-шара аясында қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында нашақорлықтың алдын алу тақырыбында сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Қызықты әрі танымдық форматта өткен ойын барысында жастар өз білімдерін сынап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Белсенділік танытқан қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар шараның мәдени бөлігінде жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Әсем әндер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған өнер кеші қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді. Бұл өз кезегінде жастарды біріктіріп, қоғамдағы жағымды құндылықтарды дәріптеуге ықпал етті.

Іс-шара соңында жастар салауатты өмір салтын қолдау мен жарқын болашаққа деген ұмтылыстың белгісі ретінде көкке түрлі-түсті шарлар ұшырды. Бұл әсерлі көрініс қатысушылардың есінде ұзақ сақталатын жарқын сәттердің біріне айналды. Сонымен қатар спорттық жарыстарға қатысып, үздік нәтиже көрсеткен жастар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық және спорттық шаралар жастардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын таңдауға ықпал етеді. Сондықтан алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырыла бермек.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.