Жамбыл облысында қоршаған ортаны ластаған құқық бұзушыларды анықтау жұмыстары жалғасуда: 44 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

0 52

Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізіп, құрылыс нысандарында, сауда орындарында, кәсіпорындарда және өзге де ұйымдарда аумақтарды абаттандыру қағидалары мен санитариялық талаптардың сақталуын тексеруде.

Аталған жұмыс «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізілуде. Олардың негізгі мақсаты – елді мекендердің тазалығын сақтау, азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру және қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін күшейту.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс аумағында 44 123 экологиялық құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде аумақтарды абаттандыру қағидаларын және коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзудың 35 872 дерегі, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 8 251 дерегі тіркелді.

Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Алты ай ішінде облыс аумағында қалдықтарды заңсыз орналастырудың 417 орны анықталды. Әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылуда.

Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері азаматтарға абаттандыру қағидаларының талаптарын түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Тұрғындарға тұрғын үйге іргелес аумақта құрылыс материалдарын, көмірді, отынды, тақтайларды, автокөлік шиналары мен қосалқы бөлшектерін жинауға; аулаларда және қоғамдық орындарда жапырақтарды, құрғақ шөпті, бұтақтарды, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды өртеуге; сондай-ақ рұқсатсыз қоршауларды, шынжырларды және автотұрақ бөгеттерін орнатуға тыйым салынатыны ескертіледі.

Бұл жұмыста облыс тұрғындарының да үлесі зор. Азаматтардың әлеуметтік желілер мен басқа да байланыс арналары арқылы жолдаған өтініштерінің арқасында проблемалық учаскелер жедел анықталып, оларды уақытылы тазарту жұмыстары ұйымдастырылып, жаңа заңсыз қоқыс орындарының пайда болуының алдын алу қамтамасыз етілуде.

«Таза Қазақстан» акциясы елді мекендердің тазалығын сақтау, оларды абаттандыру және тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру жолында мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіреді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.