Талас ауданында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай және «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында аудандық спартакиада ұйымдастырылды. Іс-шара Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі мен дене шынықтыру және спорт бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Спартакиаданың басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, патриоттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ заңға құрмет пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру болды. Сонымен қатар жастардың өзара ынтымақтастығы мен достығын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Талас ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Төлендіұлы қатысып, қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде жастардың ел болашағы екенін атап өтіп, оларды белсенді өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты нығайтуға шақырды.
Жарыс барысында жастар спорттың бірнеше түрінен бақ сынасып, жоғары дайындықтары мен командалық ауызбіршіліктерін көрсетті. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Тамды ауылдық округінің жастары І орынды жеңіп алса, Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің командасы ІІ орынға ие болды. Ал С. Шәкіров ауылдық округінің жастары ІІІ орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мұндай спорттық іс-шаралар жастарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, олардың патриоттық рухын көтеруге, бірлік пен татулықты нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.