Талас ауданында жастармен кездесу өтті

0 46

Талас ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Төлендіұлы Есейхан ауылдық округіндегі Қаратау орта мектебінде жастармен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – жастармен ашық пікір алмасып, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және болашаққа бағыт-бағдар беру болды.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары жастарды алдағы атаулы мерекелермен құттықтап, елдің жарқын болашағы білімді, белсенді әрі жауапты жас ұрпақтың қолында екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды заң талаптарын сақтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық өмірге белсенді араласып, ел дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

Кездесу барысында мектептің бітіруші түлектеріне ерекше көңіл бөлініп, мамандық таңдауда саналы шешім қабылдаудың маңыздылығы айтылды. Дәулет Төлендіұлы түлектерге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тілеп, өз мақсаттарына адал еңбек пен табандылықтың арқасында жетуге болатынын жеткізді.

Іс-шара еркін форматта өтіп, жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Ашық диалог түрінде өткен кездесу жастардың ой-пікірін тыңдауға, оларды толғандырған мәселелерді талқылауға және өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік берді. Осындай кездесулер жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.