Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын талқылайды

0 24

Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын қарастырады.

Одан бөлек, күн тәртібіндегі тағы бір мәселе — дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі шаралар.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтеді. Онда ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков журналистер сұрағына жауап береді.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Президенттік орталығында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды.

ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат Жолдауды қоғамды жаңғыртудың маңызды кезеңі деп бағалады. Оның айтуынша, құжат жаңа Конституциямен сабақтасып, елдің ішкі дамуындағы өзгерістер мен халықаралық жағдайды ескереді.

— Жолдаудың негізгі мақсаты — елді ауқымды жаңғырту. Онда Қазақстанды Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналдыру, энергия профицитіне қол жеткізу, су тапшылығын шешу, «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыру, жаңа Азаматтық кодекс әзірлеу, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу және ең төменгі жалақыны арттыру міндеттері қамтылған, — деді Бақытжан Темірболат.

Ал Құрылтай депутаты Юлия Кучинская Жолдаудағы басымдықтардың қоғам сұранысымен үндес екенін атап өтті. Оның сөзінше, Жолдау елдің одан әрі даму бағыттарын айқындайды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындау жаңа саяси құрылымның тиімділігін көрсетеді.

Сонымен бірге, бұған дейін қандай дәрі-дәрмектерді тегін алуға болатынын жазғанбыз. Елімізде азаматтардың жекелеген санаты амбулаториялық ем алу кезінде дәрі-дәрмектерді тегін немесе жеңілдікпен ала алады.

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді реттейтін негізгі құжат — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығы. Құжатта белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санатта тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі бекітілген.

Қазақстан дәрі-дәрмегі Ауғанстан нарығына шығуы мүмкін
Фото: ДСМ

Мәселен, жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастардың белгілі бір санатына клопидогрел, ацетилсалицил қышқылы, бисопролол және амлодипин сияқты препараттар қарастырылған.

Жүйке жүйесінің жекелеген аурулары кезінде тізбеге карбамазепин, ламотриджин, топирамат және леветирацетам сияқты эпилепсияға қарсы дәрілер енгізілген.

Кейбір онкологиялық және гематологиялық аурулары бар науқастарға иматиниб пен дазатинибті қоса алғанда, арнайы препараттар қарастырылған. Сондай-ақ созылмалы вирустық гепатиттерді, ішектің қабыну ауруларын және сирек кездесетін тұқым қуалайтын дерттерді емдеуге арналған дәрілік терапия схемалары бар.

Бұл — қолданыстағы тізбеде көрсетілген белсенді заттардың мысалдары ғана. Олар тиісті диагнозы бар әрбір науқасқа міндетті түрде берілетін дәрілердің әмбебап тізімі емес. Нақты препаратты, оның дозасын және оны беру шарттарын ресми тізбе мен дәрігердің тағайындауы бойынша тексеру қажет.

Елде дәрі-дәрмек бағасын төмендетудің жаңа тетіктері енгізілді
Фото: ДСМ

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бекітілген тізбеге енгізілген аурулары бар азаматтардың жекелеген санатына қарастырылған. Созылмалы аурудың болуы науқасқа дәрілер автоматты түрде тегін беріледі дегенді білдірмейді.

Тегін дәрі-дәрмекті алу үшін алдымен науқас өзі тіркелген емханаға жүгінуі керек. Аурудың түріне қарай алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерінен немесе бейінді маманнан кеңес алу қажет.

Дәрігер науқастың жағдайын бағалап, медициналық көрсетілімдерді тексереді және тиісті негіздер болған жағдайда ем тағайындайды. Егер қажетті препарат нақты жағдай бойынша бекітілген тізбеде болса, тиісті рецепт рәсімделеді.

Сонымен қатар, бұған дейін фармацевтика саласындағы жағымды жаңалықты жариялағанбыз. Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы төмендеді, ибупрофен 35%-ға арзандаған.

Елімізде 1,2 млрд-қа жуық дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланып, оның жартысы сатылған. Таңбалау жүйесі дәрілік заттардың айналымын бақылауға және дәріханалардағы баға өзгерістерін қадағалауға мүмкіндік береді.

Онкологияда дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыратын жаңа жүйе енгізілді
Фото: ДСМ

Бұл туралы өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, таңбалау жүйесі отандық және импорттық дәрілік заттардың өндіріс көлемін қадағалауға, сондай-ақ олардың сатылымына талдау жүргізуге жол ашады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда күн сайын 750 мыңнан 960 мыңға дейін дәрі-дәрмек қаптамасы сатылады. Дәріханалардағы сатылымның ең төменгі көрсеткіші жексенбі күндері тіркеледі.

аптека, дәріхана
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

— Жүйе препараттардың өңірлердегі қалдықтарын бақылауға мүмкіндік береді: қай дәріханада, қай өңірде, қай елді мекенде тапшылық немесе артық қор бар екенін анықтауға болады. Платформаның өзі ауытқуларды анықтап, талаптардың бұзылу жағдайларын көрсетуге мүмкіндік береді, — деді Әсет Нүсіпов.

Министрлік дәрі-дәрмектердің бағасын бақылау үшін де аталған жүйені пайдаланып отыр. Мысалы, 2025 жылғы мамырда еліміздегі дәріханаларда «Ибупрофен» дәрілік затының орташа бағасы 1460 теңге болса, биыл қазан айында ол ең төменгі деңгейге — 941 теңгеге дейін түсті. Осылайша, аталған препараттың орташа бағасы 519 теңгеге немесе шамамен 35,5%-ға төмендеген.

Еске салайық, бұған дейін Мерзімі өткен дәрілердің 7,5 мың рет сатылғаны анықталғанын жазғанбыз.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.