Жамбыл ауданында кәсіпкерлікті дамыту картасына 2 жобаны енгізу жоспарланып отыр

0 8

Жамбыл ауданында ағымдағы жылға кәсіпкерлікті дамыту картасына 2 жобаны енгізу жоспарланып отыр. Олар Қарой ауылдық округінен «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысы мен Айшабибі ауылдық округінен «Супер Фарм» ЖШС-нің «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысы. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Бақыт Алпысбайұлының айтуынша, «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысының жобасы Қытай Халық Республикасының «Визон Инжиниринг ЛТД» компаниясымен бірлесе іске асырылады. Жоба құны шамамен 16 млрд. теңгені құрайды. Жер көлемі – 16,0 га. Нәтижесінде, 108 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жобаның бас жоспары мен техника-экономикалық негіздемесі әзірленген. Сондай-ақ, «Визон Инжиниринг» компаниясымен жобаны іске асыру бойынша алдын-ала тиісті келісім-шарт жұмыстары жүргізілген. Қытайлық инвестор компания тарапынан жобаның сметалық құжаттары әзірленуде.

Ал Айшабибі ауылдық округінен «Супер Фарм» ЖШС-нің «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысының жоба құны шамамен 3,5 млрд. теңге. 250 адам жұмыспен қамтылатын жобаның жер көлемі – 1,5 га құрап отыр. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, аталған екі жоба Жамбыл облысының Индустриаландыру картасына енгізілді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.