Ардагерлер алқалы жиында бас қосты

0 11

Талас аудандық ардагерлер кеңесі Пленум мүшелерінің отырысы өтті. Күн тәртібінде 2026 жылдың бес айындағы атқарылған жұмыстар, 2026 жылдың жұмыс жоспарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу, Пленум мүшелеріне өзгерістер енгізу, «Ғұмыр-дария» газетіне осы жылдың екінші жарты жылдығына жазылу, С.Шәкіров, Қызыләуіт, Қаратау ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларының есебін тыңдау және әртүрлі мәселелер қаралды.
Үстіміздегі жылдың бес айында аудандық ардагерлер кеңесі мен ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымдары тарапынан атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қамысбай Сауқымов жан-жақты баяндап, кейбір ауылдық округтерде ауыліші іс-шараларын жандандыруға шақырды. Сондай-ақ, ол С.Шәкіров ауылдық округінде атқарылып жатқан (төрағасы-Сауатбек Дүйсебаев) үлгі боларлық істерді ризашылықпен атап өтті.
Ал, 2026 жылы атқарылатын жұмыстар жоспарымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Асемов таныстырып, бұл жоспар толығымен мақұлданды.
Келесі кезекте С.Шәкіров ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Сауатбек Дүйсебаев, Қызыләуіт ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Темірбек Баяқов, Қаратау ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Түзелбек Рақышұлы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы және аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Ілес Нұрұлы өздері тарапынан атқарылған жұмыстар туралы мағлұмат беріп, бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.
С.Шәкіров ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы С.Дүйсебаев өз ауылы ақсақалдарының ел ішіндегі татулықты нығайтып, жастарға дұрыс тәрбие беруде көптеген жұмыстардың ұйытқысы болып келе жатқанын айтып, ақсақалдар алқасы аптасына бір рет бас қосып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдайтынын және ауылдың көркеюіне үлкен мән беріп келе жатқанын, ауыл ақсақалдарының бастамасымен ауыл маңындағы жерлерге су жеткізу мақсатында каналдар мен арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізгенін, мектеп оқушыларымен жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын түсіндіріп отыруды дәстүрге айналдырғанын жеткізді.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлы қазіргі кезде ауданымыздағы жас отбасылар арасында ажырасу фактілері көбейіп тұрғанын, билер кеңесі бұл мәселе бойынша медиациялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп отырғанын, бірқатар отбасылар бітімдестіру жұмысы нәтижесінде қайта тіл табысқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ С.Әбсадықұлы жақында аудандық батагөйлер жарысын өткізіп, көп нәрсені ойға түйгенін, келесі батагөйлер жарысына 55-75 жас аралығындағы азаматтарды тарту керектігін, жылда байқауға қатысатын қарияларды демалдырып, жаңа буын өкілдерін тарту ойда бар екенін жеткізіп, ауылдық ардагерлер ұйымы төрағаларына осы бастан батагөйлерді дайындай беруді тапсырды.
Пленум мүшелері тізіміне өзгертулер енгізіп, облыстық ардагерлердің төл газеті саналатын «Ғұмыр-дария» газетіне бір кісідей жазылып, ұйымшылдық көрсету нақты түрде табысталды.
Ардагерлерге қамқорлықты үзбей, назарда ұстау ерекше айтылып, түрлі пікірлер ортаға салынып, бір шешімге келді.
Сондай-ақ ардагерлер жұмысына белсене араласып, ауыл жұртшылығының бірлігін нығайтып жүрген бірқатар ардагерлер аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жиын соңынан Пленумның қаулысы қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.