Биыл Сарысу ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт ашылады

0 22

Сарысу ауданында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп келеді. Әсіресе өнеркәсіп саласының қарқынды дамуы аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестиция көлемінің артуына оң ықпал етуде.

Бұл туралы Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов «Жамбыл» телеарнасындағы «Қоғамдық талқылау» бағдарламасында айтты.

Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 48 млрд. 402,6 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,2 пайызға орындалған. Бұл аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда ауданда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Еврохим» және «Qazaq Soda» компанияларының зауыт құрылыстары жүргізілуде. Жалпы құны 638 млрд. теңгені құрайтын бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоспар бойынша зауыттар 2027 жылы толық қуатында іске қосылады деп күтілуде.

Аталған өндіріс орындары пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Еврохим» компаниясының жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауытының ресми ашылуы биыл өтеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аталған кәсіпорында 300 адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Оның 160-ы – аудан тұрғындары.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер қалыптасқан. Есепті кезеңде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2 млрд. 146,6 млн. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,9 пайызға орындалған.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де артып, 24 млрд. 439,1 млн. теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғарылап, алғашқы тоқсанда 2025 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде бірқатар отбасы жаңа қонысқа қол жеткізді.

Бүгінде аудан аумағындағы ірі өндіріс орындары аудандық бюджетке жыл сайын шамамен 2 млрд. теңге көлемінде салық түсіруде. Кәсіпорындарда 2 800-ге жуық адам еңбек етеді. Оның 90 пайыздан астамы – жергілікті тұрғындар.

Жалпы, Сарысу ауданында іске асырылып жатқан ауқымды жобалар өңір экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және жаңа өндірістік мүмкіндіктердің қалыптасуына негіз болып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.