Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына сауал жолдап, «Ауыл ел бесігі!» жобасының кейбір шарттарын өзгертуді ұсынды.
— «Ауыл ел бесігі» жобасында қаражат бөлу өңірдің тұрғындар санына байланысты деп көрсетілген. Бірақ бұл қате ұстаным. Мысалы, 100 мың адамға 100 миллион теңге бөлінді делік. Сонша халық бір облыстың 4 ауылында тұрса, бір облыстың 20 ауылында өмір сүруі мүмкін. Салдарынан аталған ақшаны бір облыс 4 ауылдағы инфрақұрылымды ұстауға жұмсаса, басқа облыс сол қаражатты 20 ауылға жеткізуге мәжбүр. Ол жетпейді де. Мәселен БҚО-да 405 ауыл бар. Оның 145-і шекара маңында. Ауылдардың саны көп болған сайын күтіп ұстауды қажет ететін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның да саны арта береді, — деді Мәжіліс депутаты.
Ол бұл проблеманы шешу үшін бағдарламада шекаралық ауылдарға басымдық беру керек деп отыр.
— «Ауыл ел бесігі!» жобасы бойынша бөлінетін қаражатты елдімекендерінің санын ескере отырып, соның ішінде шекара маңында орналасқан ауылдарға басымдық бере отырып бөлу қажет, — деді Нартай Сәрсенғалиев.
Еске салсақ, Ақтөбе облысының шаруалары Ресеймен арадағы шекараға қоршау салуды сұраған еді.