Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы көбейді

0 2

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың, базалық және ынтымақты зейнетақылардың барлық түрінің мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға ұлғайтылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарғысын 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру ісі жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардағы арттыруды ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы 132 811 теңге болады. Аталған сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейтінін атап өткен жөн.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің ұлғаюына бірнеше мысал:

· 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды;

· мөлшері бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды;

· I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға артты. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке дара болып табылады және соңғы 2 жылда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты алмастыруға байланысты болады.

Бұған дейін Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Дәмежан Сәдуақасова 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері мен жәрдемақылардың қаншалықты артатынын түсіндірген еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.