Тұрғындарды тоңдырған 4 тәулік: Саранда барлық үйге жылу берілді

0 4

Сарандағы барлық үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Жылу беру орталықтары қажетті отынмен қамтамасыз етілген. Қаланың барлық өндірістік нысандары штаттық жағдайда жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазандықтардың, орталық жылу көзінің, сондай-ақ жылу желілері мен әлеуметтік нысандардың жағдайын тексеріп, жедел штаб отырыстарын өткізді.

— Қазір резервте тұрған барлық жергілікті қазандықтар дайындалып, іске қосылды. Жылу толық көлемде берілуде. Біз барлық қазандықтарда жылу беру температурасын бақылап отырмыз. Қосымша қазандықтармен кеңейту қажет болған жерлер де жақын арада кеңейтілетін болады. Тұрғындар бұрын болған екі қазандық бойынша сұрақ қойды, бұл үйлер басқа жұмыс істеп тұрған қазандықтарға қайта қосылды, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Арнайы комиссия құрылып, оның құрамында энергия қадағалау өкілдері, өңірлік және басқа да ведомстволардың басшылары, ТЖД бірлесіп жұмыс істеуде. Орталық жылу көзін жөндеу кезінде жабдықтарды жеткізуші зауыттың мамандары шақырылды.

– Біз барлық жылу көздерін аралап, жылумен қамту схемасын қалпына келтіру жұмыстарының барысына жеткілікті түрде егжей-тегжейлі талдау жасадық. Келесі шешім қабылданды: орталық жылу көзі іске қосылғанға дейін қаланы жылумен қамтуды жергілікті қазандықтар қамтамасыз етеді. Барлық әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілген, барлық өндірістік нысандар өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істеуде», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Үйлерге жылу беру аяқталуда. Жағдай энергетика министрлігі мен облыс әкімдігінің бақылауында.

Айта кетейік, 13 қазан күні Саран қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерде үйлерінде жылудың болмауына байланысты жаппай наразылығын білдіре бастады. Осыдан соң қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында жағдайды түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Саран қаласындағы жылу жүйесінің ақауына жол берген адамдар жауапқа тартылатынын айтты.

Осыдан соң Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жергілікті қазандықтардың, орталық қазандықтың, сондай-ақ Саран қаласының жылу желілері мен әлеуметтік нысандарының жағдайын тексеріп, қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.