Үкімет Ұлттық қордан 2026-2028 жылдары қанша трансферт алмақ

0 3

Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кіріс жыл сайын 0,9-1 трлн теңгеге өседі деген болжам бар. Толығырақ Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтып берді.

— Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының басты ерекшеліктерінің бірі — бюджет параметрлері мен Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі бюджеттік жаңа қағидаларға толықтай сәйкес қалыптасты. Ұлттық қордан алынатын жыл сайынғы кепілдендірілген трансферт көлемі 2026-2028 жылдарға 2,8 трлн теңге деңгейінде жоспарланған. Соңғы екі жылмен салыстырғанда екі есе төмен. Бұл таразыланған фискалдық саясаттың көрінісі. Енді осы қағидатты іске асыруымыз қажет, — деді Тимур Сүлейменов Үкімет отырысныда.

Ұлттық банк басшысы айтқан жоспарға сәйкес, Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кіріс жыл сайын 0,9-1 трлн теңгеге өседі деген болжам бар.

— Активтерді басқару стратегиясын жетілдіре отырып, инвестициялық кірісті арттыруды жоспарлап отыр, яғни кiрiс үлесiн одан әрі ұлғайтуды көздейміз. Жалпы, бюджет параметрі мен бюджет қағидасын сақтай отырып, консолидациясын қолдаймыз. Салық реформасымен қатар қабылданып жатқан шаралар бюджеттің тұрақтылығын арттырып, фискалдық және монетарлық саясаттың үйлесімін жақсартады әрі дезинфляциялық әсер береді, — деп сендіріп отыр Т. Сүлейменов.

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов салық өндірудің төмендеуі Ұлттық қордан алынатын трансфертті көбейтуге мәжбүрлеп отырғанын мәлім еткен еді.

Ал Үкімет басшысы мемлекеттік бюджет шығынын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.