Аңшының әңгімесі

0 565

Қақпанға түскен қарақұйрықты адалдап бауыздап, ердің артына бөктере байлаған аңшы атын тебіне түсіп алға жылжыды. Торы тайын тепеңдей шоқытып, оң жақ қапталдан қатарласа берген балаң жігітке бұрылып:
— Енді екі қыр асып Дәутөбенің етегіне құрылған қақпандарды көреміз. Кешкі ас-суымызды қамдап, сонда түнейміз. Дәутөбеде қабырғасы сексеуілмен өрілген шегенді құдық бар. Суы да тұщы.
— Көке, ауыр қақпандарды жүк қылып тасымай-ақ неге қайта құрып кетпейміз?
— Болмайды, — деді қарт аңшы. — Аң біткеннің иіс сезу қабілеті өте жақсы дамыған. Сондықтан қақпандарды жиектегі қосқа жеткізіп қайта дайындаймыз. Түңілігімен тиегін ауыстырып, қақпанның өзін қазанға қайнатамыз. Аздап жылқының тезегін қосып суға қайнаған қақпанда сезікті иіс болмайды. Сонда қақпаның да қапқыш болып олжалы қайтасың.
— Біз құрған қақпандарға неге тек қарақұйрықтың текелері ғана түседі. Ол аңның ешкі, лағы да болады емес пе?
— Оның себебі, біз қақпанды қарақұйрықтың теппесіне құрғандықтан солай болады. Әр аңның өзіне тән ерекшелігі бар. Жылдар бойы қалыңдап көңге айналған теппелерге тек қарақұйрықтың текелері ғана тезек тастайды. Сондықтан қақпанға түсетін де солар. Бұл аңды аулаудың бұдан басқа тағы бір әдісі бар. Қарақұйрық өте сақ келеді. Алыстан болсын қылт еткен қарайған байқаса кірпік қақпай тесірейе қарап тұрып алады. Кәнігі аңшы сол кезде жаймен шапанын шешіп сексеуілге іледі де, өзі екінші бір жағынан жақындай түседі. Қарақұйрық әлгі қарайғанды бақылап тұрғанда аңшы да оқ жетер тұсқа жетіп үлгереді. Бұл аңның ең бір осал тұсы — осы.
— Қарақұйрықты қасқырдан басқа қандай жыртқыш аулай алады?
— Мәлін аулайды. Мәлін де жыртқыш аңдар қатарына жатады. Ертеректе қарақұйрықтың ешкісін қалай аулағанын өз көзіммен көргенім бар,-деп аңшы әңгімесін сабақтай түсті.
— Осы Мойынқұм жалдарының біріне шығып айнала дүрбі салып тұрғанмын. Сексеуілдің басын шала жайылып тұрған қарақұйрықты байқадым. Сол-ақ екен, алаңсыз тұрған аңға үлкен бір мәлін атылып барып мойнына орала кетті. Қарақұйрық қашып та үлгермеді, тікесінен тұрған күйі бұлқынады келіп. Бірақ мойынға оралған мәлін жіберер емес. Атқа қамшы басып менде шаптым. Жетіп барып қарасам, қарақұйрықты жерге жығып үлгеріпті. Жемтігінің екі көзін жаба оратылып, қыл тамағынан қылқындыра тістеп алған. Басынан құйрығына дейін сұрша теңбіл денесі жыландай жиырылып жатыр. «Ай!» деп қатты дауыс шығарғанымда, мен жаққа жалт қарады. Ойпырмайдың түсінің суығын сонда көрдім. Екі көзімен ішіп-жей қарап өңменімнен өтіп барады. Аспанға мылтық атқанымда барып жемтігін тастай зытып берді. Содан бері менің де аң біткеннің ішінде мәлінді суқаным сүймейтін болған.
Қос аңшы әңгімелесе отырып Дәутөбеге жақындап қалды. Аңшы қақпан құрған тұстарын бажайлай қарап, арасында тың тыңдап қояды.
— Қақпанға түскен аң жақын маңайда болса, тоқпаққа байланған шынжырдың сылдыры естілуі мүмкін. Алыстап кетсе, сүйретілген ізінен табамыз. Сен қырдың күнес бетіне қарай айнала бер. Мен төменгі қалыңды сүзіп шығайын.
Қалың сексеуіл өскен құм төбені айнала жүрген бала жұмсақ құмға қазыла түскен тоқпақтың ізін байқады. Дереу аңшыға хабар беріп, екеуі із кезе бастады. Көп жүрмей-ақ қақпан да табылды. Бірақ шынжыр, тоқпағы айыр сексеуілдің томарына орала жатқан қақпанда аң болмай шықты. Құм үстінен айнала жүрген адам іздері байқалады. Қақпанның қанды ауызына қамшы тістелген.
— Бұл қалай? — деп таңдана сұрады бала. — Қақпандағы аңды алып, орынына қамшы тістетіп кеткені қалай?
— Жол-жоралғысы солай,-деді, аңшы асықпай атынан түсіп жатып. — Бұл бір жолаушы жүрген адамның ісі болды. Қақпанға түскен аңды көрген соң алған болар. Жолаушы жүрген соң адам қолындағы барын қыстырады. Аңның ақысы ретінде бір затын тастап ырымын жасайды. Не болса да жөн білетін кісі екен. Қамшысы да жаман емес.
Аңшы қып-қызыл тобылғыдан сапталған, алты таспа бұзау тіс қамшыны қызыға қарап тұрған балаға ұсынды.
— Сен ала ғой. Бұл да — олжа. Ал, қақпандағы аң-жолаушының несібесі шығар, — деп баланың арқасынан қағып-қағып қойды.
— Көке, жол-жоралғы, ырым деген не осы?
— Бұл бір ескіден келе жатқан қазақтың әдет-ғұрпы, балам. Қазақ жақсылыққа ниет етіп ырым жасайды. Бүгінгідей орнымен жасалған істі — жөн-жоралғы дейді. Соның бір пайдасы тиіп бүгін қамшылы болдың. Қолыңдағы алты таспа бұзау тіс қамшымен қасқыр соғып алуға да болады. Бұл да бір аңшының қаруы. Қазақ қақпан құрғанда да ырымдап тақ саннан қояды. Үшеу, бесеу немесе жеті, тоғыз қақпан. Құрылған қақпандарды араға күн салып қарап тұру керек. Болмаса түскен аң арам өледі, немесе басқа жыртқыш аңдарға жем болады. Борсық, түлкі қақпанның түңілігін шайнайды. Егер қақпанға қасқыр түссе өз аяғын өзі шайнап қиып тастап кетеді. Сондықтан аңшы басылған қақпанды уақытылы бақылағаны дұрыс. Ал, мәлін түссе ол қақпан қайта шаппай қалады. «Кесір шалады» деп аңшылар мәлінді алмай кетеді. Ырымға жаман, жолың болмайды деп есептейді. Кейбір аңшылар мәлін түскен қақпанның қандыауызын ауыстырып та жатады. Жалпы мәліннің терісін қазақтар көп пайдалана бермейді.
Қарт аңшы әңгімесін айта жүріп қанжығаға байланған бүгінгі олжасын жерге түсірді. Аттарын әудем жерге жетектей апарып, аяқтарына шідерлі тұсауын салды.
— Біраз от шалып алсын жануарлар. Бүгін осында түнейміз. Мына жерді ошақ орнындай етіп тізеден асыра қаз. Сосын сексеуілден отын дайында. Тік ошақты қыздырамыз,-деді аңшы.
— Көке, ошақ болғанымен бізде қазан жоқ, аңның етін қалай пісіреміз?
— Асықпа,-деді аңшы. — Әзірге жерді қаза бер. Қалғанын істің барысына қарай көре берерсің.
Қарт аңшы бәрін білгісі, үйренгісі келіп құлшынып тұратын осы бір балаң жігітті жақсы көретін. Қасынан тастамай ертіп жүретіні содан. Талай жылдық аңшылық кәсібінде осы балаға мұра етіп қалдырғысы келген. Көнеден келе жатқан қазақтың етті көміп пісіру әдісінде ел ұмытпаса екен дейді.
Аңшы терісі сыпырылған аңның етін түгелдей жіліктеп, асықпай мүшеледі. Етті терінің үстіне ауната тұздап, мойын етті бөлектеп бір қойды. Енді балаға шегенді құдықтан су алдырып қарынның ішін сыртына айналдырып жақсылап жуды. Дайын болған қарынға мүшеленген етті жайғастырып сала бастады. Аңның етін қарынға түгелдей сыйғызып жіберді. Өкпе, бауыр, мойын етті қарынға қоспады.
Енді бала қазған ошаққа жақындап барып: «Әлі де отты жаға түс, ошақтың ыстық болғаны жақсы»,-деп тапсырды.
Сәлден соң жалыны басылған ошақтан бықсыған шалаларын теріп алып тастады. Қып-қызыл болып жайнап жатқан сексеуілдің шоғының бетін құрғақ топырақпен жұқалап жапты. Бұл — шоқтың қарынға тікелей тимеуі үшін қажет. Енді, аузы бүріліп бекітілген қарынды тік ошаққа түсіріп жайғастырды. Нар қамыстан қиып әкеліп қарынға түтікше жасады. Оны ошақтан екі адымдай қашықтықта басын шығарып, от тиер тұстарын көміп қойды. Түтіктен еттің буы шығып тұрады.Қарын салынған ошақтың бетін де топырақпен жапты. Содан бала жинаған отынды үстіне мол етіп үйіп, алау жақты.
— Бұл от кемінде төрт-бес сағат жануы керек. Ал, біз асықпай қас қарая келеміз. Оған дейін ет те піседі,-деді аңшы.
— Көке, бұрын соңды мен көрмеген бұл тағамды қалай атайды?
— «Көмбе қарын». Бүгінгі дайындаған кешкі асымыз солай аталады. Бұл бір еліміз көшпенді замандардан келе жатқан етті көміп пісіру әдісі. Ел көшкенде бір күншілік артта қалған көштің соңғы легіне етті осылай дайындап қалдыратын болған. Артта қалған көш дайын етпен әлденіп аялдамай жүре береді.
— Мен қақпан құруды үйрендім, енді қақпанның шынжыр, тоқпағынан бөлек негізгі құрылым бөліктері қалай аталады?
— Қақпанның астыңғы дөңгелек темірін «төсегі» деп атайды. Оған бекітілген екі жарты шеңберді «қандауыз» дейміз. Ал, жанындағы иілгіш темір «серпер». Негізгі күш осы серперде болады. Тиек ағытылғанда жылдам серпіліп әрі қандыауызды аштырмай ұстап тұратын да — осы. Қақпанның тиегі ағаштан, түңілік жаппасы құрым киізден жасалады. Аю, бұғы секілді ірі аңдарға құрылатын қақпанның қандыауызы ара тісті, әрі қос серперлі болады. Қақпанның арқар қақпан, киік қақпан, қасқыр қақпан, түлкі, қоян қақпан деген түрлеріде бар.
Бүгінде қақпаншылар да азайып кетті ғой. Баяғыда небір қандауыз қара қақпандарды көруші едік. Серперінің қаттылығы сондай екі кісі әзер деп басатын қақпандар болатын. Ондай қақпандар шапқанда жерден бір метрге дейін көтеріле қабады. Қандай жылдам аң болсын құтқармайтын нағыз қандауыз қара қақпандар ғой. Қақпанды қазақ қадірлеп жеті қазынаның біріне жатқызған. Өмір сүру үшін таптырмас аңшылық құрал ретінде пайдалаған. Сол қақпандар бүгінде тіпті ұмытылуға айналды. Осы бір көнеден келе жатқан ұлттық өнер, киелі кәсіп қақпаншылықты жадыңнан өшірмеуге тырыс, балам. Ұзақ ғасырлар бойы жалғасын тауып Ата-бабамыздан бізге жеткен асыл мұра енді саған аманат.
Аңшылар айналып келгенде ымырт үйіріліп қалған еді. Екеуі шоғы басылып ыстық күлі ғана қалған тік ошақты ашуға кірісті. Аңшылық өмірдің бәрі қызық көрінетін балаң жігіттің көмбе қарынды көргенше тағаты таусылып барады. Қарт аңшы асықпай ошақтың бетін кең етіп ашты. Қарынның бетін былғамай мұқият тазалап, кішкене бәкісімен тіліп жібергенде өз буына піскен аңның жас етінің иісі бұрқ ете қалды. Былбыраған жас еттің иісіне еріксіз жұтынған қос аңшы бір-біріне риза кейіппен қарасып қойды.
Бүгінгі көрген қызықтарына көңілі толып, дәмі тіл үйірген еттен тамсана жеп отырған балаң жігіт:
— Әлі де үйренерім көп екен-ау,-деді, таңданысын жасырмай.
— Аман болсаң дала кезген аңшылық өнердің талай құпиясын ашармын саған. Тек, аңшылықтың айла, тәсілдерін меңгердім екен деп аңдарды орынсыз қырғынға салуға болмайды, балам. Аңшылық та адалдықты, тазалықты талап ететін киелі кәсіп. Астамшылық жасауға болмайды. Олар да Құдай тағаланың жаратқан аңы. Олардың да жер басып, несібелерін теріп жеуге қақылары бар. Аң атқанда қашырып барып атқан дұрыс. Кемінде бір мүмкіндік беру керек. Оны аңда сезеді. «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деген бар. Яғни, қашып құтылуына бір мүмкіндік беру арқылы обалынан да құтыласың. Және де аңдардың төлдейтін уақытында тиісуге болмайды. Бұл жөнінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанында буаз маралды атқан Сарыбайдың тағыдыры арқылы жақсы мысал келтірілген. Аң аулау — қызық қуып, қырып салу емес. Оның да өз жөн-жобасы, аулайтын және ауламайтын кездері болады. Қасқыр екеш қасқыр да киіктер төлдегенде тиіспейді. Дәл киіктер төлдейтін уақыттарда «мойыл» деп аталатын шөп өседі. Қасқырлар соны жейді. «Қасқыр, мойын жейін бе, мойыл жейін бе?-депті» деген сөз осыдан қалған. Мойылды «қасқыр жидек» деп те атайды. Осы мойыл жайлы мынандай бір аңыз бар: «Жаратқан иеміз қасқырды жаратқанда қасқыр: «Мен енді қандай тамақ жеймін?»,-деп сұрапты дейді. Құдай тағала: «мойыл же!»,-депті. Сонда қасқыр: «Мойыл ма, мойын ба?»,-деп түсінбеген сыңай танытады. Сонда Жаратқан ие: «Мойын жесең тоймайтын боласың»,-деген екен. Содан бері қасқыр қойға шапқанда тек тамақтап кете беретін тойымсыз аш көзге айналған деседі.
Бұл қасқырдың ақыл-айласы кейде адамнан артық болады. Ертеректе басымнан мынандай қызық жағдай өткені бар,-деп аңшы малдас құра ыңғайланып отырды.
— Мен қақпанды үнемі осы аймаққа құратынмын. Қақпаным да құр жатпай олжалы қайтып жүрдім. Бірақ кейінгі кездері осы төңіректе екі қасқыр пайда болып, қақпанға түскен олжамды қоймайтын болды. Әбдән дәнігіп алған немелер мен құрған қақпандарды айнала торып жүретін әдет шығарды. «Қап, бәлем, тұра тұр! Осыдан қолыма түсерсің!»,-деп мен де тістеніп жүрдім. Содан бір күні осы жуан жалға құрылған қақпандарымды шетінен бастап бақылап келе жатқанмын. Кенет алдымнан бір қасқыр шыға келді де жалт беріп биік жалға өрлей салды. Ара қашықтық жақын болған соң әлгі қасқырдың артқы аяғын сүйрете басып бара жатқанын анық байқадым. Менде атқа қамшы басып қуып кеп бердім. Қолымдағы алты таспа бұзау тіс қамшымды ыңғайлай ұстап: «енді құтылмассың!» деп қоямын тістене. Әбден ызасы өткен бұл қасқырды қалайда соғып алмаққа бекіндім. Бірақ алдымдағы шойнаңдай қашқан қасқыр жеткізер емес. Әне-міне қамшы сілтер тұсқа жеткенде жалт беріп жанамалай қашады. Өзі де жарақатын ауырсынғандай арасында омақаса құлап, бір аунап тұрады. Астымдағы тобылғы меңді торы да осал жылқы емес. Талай қасқыр қуғанда құтқармай, алдыңғы аяғымен тарпи теуіп белін үзіп жіберген кездері болған мінезді жылқы. Содан ақсақ қасқырды қуа, қуа ит тұмсығы батпайтын қалың сексеуіл біткен ит қиынның қалыңына келіп жеткенімді байқамай да қалыппын. Осы қалыңға кіргенде ақсақ қасқырдан көз жазып қалдым. Бірден атып алмағаныма енді өкіне бастадым. Ары-бері қарап, түк шықпаған соң кері қайтып, осы маңайға құрған қақпандарымды көре кетуді ұйғардым. Қалыңнан шығып әудем жерден көзге ерекше көрінетін, өзі бір шоғыр болып бөлек өскен сары шырпылы сексеуілдерге беттедім. Қақпанымды сонда құрғанмын. Көк жігерлі жуан томарға борсықтың майын жағып арнайы қасқырға құрған қақпаным еді. Бір шоғыр болып биік өскен сексеуілге жақындай бергенде астымдағы торы құлағын тіктей қадап тұра қалды. Торы аттың аң көргендегі үйреншікті әдеті бұл. Мен де қамданып қалыңға тікелей кірмей сыртынан орағыта айналып, шолақ мылтығымның шүріппесін қайырдым. Айнала бере алдымнан жаңа ғана өзім қуып келген ақсақ қасқыр шыға келді. Бірақ бұл жолы қашпады. Бірдеңеге мазасызданғандай күйгелектене айналшықтап, қалың сары шырпы балақтаған сексеуілге бірнеше барып қайтты. Аяғының ақсақ дымыда жоқ, айнала жортып жүгіріп жүр. Ақыры әудем жерге жылыстап барды да шоқиып отыра қалды. Енді сәлден соң қасқыр айналшықтаған сексеуілдің түбінен кішкене бөлтіріктің басы көрінді. Аяғында қақпан. Ауыр тоқпақ байланған шынжырлы қақпанды тырмыса тартып, ызалана ырылдап қояды. Енді қасқырға қарасам басын аяғының үстіне қойып көсіле жатыр екен. Бөлтірігіне мөлие қараған екі көзі мұңлы көрінді. Қос құлағын қайшылай қозғап қыңсылаған аянышты дыбыс шығарады. Қасқырдың мұндай шарасыз күйін бірінші мәрте көруім. Өз терісін тірідей сыпырғанда қыңқ демейтін қасқыр, бөлтірігі үшін басын ажалға тігіп аңшының алдында жатыр. Сонша жерден мені ертіп әкелу үшін ақсаңдай басқан айласының өзі неге тұрады?! Бойымды аяныш сезімі билей бастады. Асықпай аттан түсіп бөлтірікке жақындадым да, қайтер екен дегендей қасқырға қарадым. Ол неге болса да көндім дегендей орнынан тапжылмай жатыр. Әншейінде қасқыр көрсе осқырына қалатын торы атым да алаңсыз жайылып тұр. Тіпті, таяқ тастам жерде жатқан қасқырды ит құрлы елейтін емес. Бұл бір аң мен аңшының ортасында орнаған керемет бейбітшіліктің белгісіндей әсер етті маған. Бөлтірікті босатып қоя бердім. Сонда ғана орынынан жеңіл көтерілген қасқыр ақсаңдай басқан бөлтірігін ертіп жорта жөнелді. «Бұлар енді менің олжама тиіспейді» деген ой келді маған. Бұл ойдың басыма қайдан келгенінде білмеймін. Әйтеуір бойымда сондай бір сенім пайда болды. Сол күні тек, қасқырға арнап құрған қақпандарымды түгелдей жинап алдым. Аңшылық түйсігім алдамапты. Сол күннен бастап қақпаныма не түссе де өзіме бұйыратын болды.
Арада жылдар өтіп, ақсақ бөлтіріктің де көкжал арланға айналғанын сырттай көріп жүрдім. Бір күні әлде бір шаруаларға айналып қақпандарға бірнеше күн кешігіп келдім. Астымда осы — Ақжал күрең. Ол уақытта Ақжалдың енді үйретіліп жүрген дөнен кезі. Жас күнінде тым секемшіл, үркек еді жануар. Жай аяңмен келе жатып бұта түбінен ытқып шыққан қояннан үркіп жалт берді. Ат үстінде алаңсыз отырған мен қалай ауып түскенімді байқамай қалдым. Жазым деген аяқ астынан ғой, аунап түскенде сексеуілдің көк жігері оң жамбасыма қадалды да қалды. Алғашында ет қызумен білінбеді ме, білектей томарды жамбастан суырып алдым. Жарақаттың беті ашылып қызыл қаным атқылай жөнелді. Дереу белбеуімді шешіп жуан саннан қысып байлап қойдым. Қан тоқтағандай болғанымен жанымды көзіме көрсете беу-беулетіп әкетіп барады. Әлі де толық бастығып үйренбеген Ақжал ат кетті жайына. Жаратқанға жалбарынып, жарақат аяғымды құшақтап құм арасында мен қалдым жалғыз. Қозғалуға шама жоқ. Тап осылай екі күн, екі түн өткенде әбден қансырап есім кіресілі, шығасылы болуға айналды. Бір есімді жиғанда айналамды қасқырлар төңіректеп жүргенін байқадым. «Ит-құсқа жем болып, айдалада өлген деген осы екен ғой» деп жатып талықсып кетіппін. Бұдан әрі қанша жатқанымды да білмеймін, есімді жиғанда құлағыма сөйлескен адамдардың дауысы жетіп, өзімнің қауіпсіз жерде жатқанымды сездім.Кейін мені тауып алған жылқышылардан сұрасам, олар мені қасқыр қуып келе жатып көрген екен. Олардың айтуынша, бір ақсақ қасқыр тапа тал түсте жылқыға шабуыл жасайды. «Ажалыңа асыққан қасқыр шығарсың» деп ашуланған жылқышылар қос атпен қуып кеп береді. Әлгі ақсақ қасқыр не жеткізбейді, не алыстап кетпей бұларды бір түстік жерге дейін әурелейді. Сөйтіп мен жатқан белге келгенде бұларға қарасында көрсетпей жоқ болады. Тіпті аяғы сау қасқырда олай жүгіре алмас еді деп таңдана айтысты жылқышылар.
Мен сонда барып қалай тірі қалғанымның себебін түсінгендей болдым. Мен жараланып жатқанда келген қасқырлар баяғы ақсақ қасқырмен қақпанға түскен бөлтірік болар деп ойладым ішімнен. Ескі әдістерімен ақсаңдай қашып, жылқышыларды маған көмекке ертіп әкелген болып отыр. Міне, ғажап! Қасқыр екеш қасқыр да менің жасаған жақсылығымды ұмытпағаны ма, сонда? Айдалада қансырап өлгелі жатқанымда, өзім құтқарған бөлтірік келіп сол жақсылықтың қарымтасын қайтарғандай көрінді маған. Иә, тап солай болғаны анық. Тіпті, бүгінге дейін мені ажалдан құтқарған сол ақсақ бөлтірік екеніне күмәнім болған емес,-деп қарт аңшы сөзінің соңын нық сеніммен аяқтады.
Түн ортасы таяғанша әңгіме айтқан аңшы, бүгінге осы да жетер дегендей аттардың тоқымын төсеп жатудың қамына кірісті. Бұл уақытта таңғажайып қиял әлеміне берілген балаң жігіт те тәтті ұйқының құшағында кетіп бара жатты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.