Сыртының төменгі жағы балшыққа былғанған, одан жоғары қабырғасы айғыз-айғыз, кейбір жерін балалар қолмен сызып тастаған, түсі жасыл әрі қияр тәрізді сопайған ұзын автобус ыңырана келіп алдына тоқтады. Май құймаған соң тозығы жеткен есіктері сықырлап, шиық етіп ашылып, арғы жағынан ішінде отырған жолаушылар көрінді. Бұл басын сұғып:– Ганюшкинге дейін ала кетіңізші, – деді. Төбесі шыбын тайып жығылардай жылтыраған, қарасұр өңді, домалақ жүзді, түксиген қабақ, аузының астыңғы жағы жылқының ернінше салпиған жүргізуші мұны мүсіркей қарап, мұрнының астынан міңгір етті:– Отырыңыз.Автобустың артқы жағындағы орындар бос. Ортаңғы жақта да бір орын бар екен. «Артқы жағы соғады, жол болса ұзақ, одан да осыған орналасайын» деп бұл соны таңдады. Бірақ мұның терезе жағына бір жас бойжеткен жайғасыпты. Қазақ қызы тәрізді. Жалпы мұндағы жолаушылардың бәрі бірдей қазақ емесін бұл мінгенде-ақ байқаған. «Өзбек акалары» мен «тәжік кокалары» аралас сияқты. Қоңыр күртеше киген, ақ малақайлы, мойнына қызыл мойын орағыш салған ақсары қыз құлағына құлаққап қыстырып алып, ұялы телефонынан әлденені тыңдап отыр. Қасына келіп жайғасқан бұған тыжырына, жақтырмай көз тастап, қайтадан өзімен-өзі болып кетті. Сірә, мұның үстіндегі тозығы жеткен, тер иісі мүңкіген қара күртешесі, одан көрініп менмұндалап айқайлап тұрған көк көйлегінің кірлеген жағасы, өсіп кеткен сақал-мұрты бойжеткенге ұнамаса керек. «Көнесің, басқа амалың жоқ. Саған ұнамадым екен деп артқы жаққа барып отырмаймын ғой. Қаласаң сенің сөйтуіңе болады» деді бұл іштей. Киім-кешегі салынған ескі сөмкесін аяғының астына қойғанда қыз тағы да жақтырмай қарады. Оған бұрылып жаймен ғана жымиып еді, көзін тайдырып әкетті. Бұл автобустың күнге күйіп тоза бастаған, сұрқы кеткен терезе жамылғышының арғы жағынан көрінген кең байтақ далаға сұқтанды. Әне, қаулай өскен шөп біткенді қуратып, мұның басындағы шашы сияқты тақұл-тұқыл қалдырған күзге өкпелеген, мұңға бөккен қоңыр төбелер, шексіз-шетсіз сұрғылт дала артқа қарай зулауда.Ойы бұзылып кетті. Қыз қозғалып, терезеге көз салды да:– Қай жерде келе жатырмыз, аға? – деді бұған бұрылып.– Манаш ауылына жақындап қалдық.Құдай-ау, мына қыздың бейнесі таныс сияқты. Қайдан көрді? Жо-жоқ, қасында мұндай жастар болған емес…«Назерке! Кімге ұқсайды десем. Енді есіме түсті. Аумаған сол! Өмірде мұндай ұқсас адамдар да кездесетін болып тұр-ау». Жастық шағы ойына оралып мұңға батты. Әскерден келген жылы би кешіне барғанда сол күні Назеркемен танысқан. Шыны керек, бірден ұнатты. Жиі кездескен сайын достық сезімдері лаулап мөлдір махаббатқа ұласты. Ганюшкиннің саябағындағы би алаңында да, Шарон жағасындағы жазғы кинотеатрда да екеуі бір-бірінен ажырамайтын. Өзен жағасын жағалай жүріп қызды сонау ПМК-дегі үйіне апарып тастайтын. Қандай қымбат шақтар еді десеңізші. Оған үйленетін болып сөз де байласып, серттескен. Алайда бәрі бұлар ойлағандай болмай шыққаны өкінішті. Бәріне кінәлі өзі.Тағдыр араларына қара мысық тастады. Ол – Бибінұр.
Туысының тойына барып, оны вальске алып шыққанда өмірінің шетіне от қойғанын байқамапты. Содан қыз үйіне жеткізіп салуын өтінді. Барған соң:– Қуыс үйден құр шықпа, – деп ішке сүйреді. Күйеуге тимесе де баласы бар екен, жүгіріп келіп шешесінің аяғынан құшақтады. Бибінұрдың анасы болса керек бір әйел оны келесі бөлмеге әкетті. Екеуі әңгімелесіп отырып шарап ішті. Таңертең сонда ұйықтап жатқанын көріп шошыды. Қасындағы қызды оятпастан дереу шыға жөнелді. Үйге келсе де Бибінұр ойынан кетпей, кешке кері іздеп барды. Назерке мұның бойындағы өзгерісті бірден аңғарды. Сұрай берген соң болған жайды жайып салып:– Бұдан былай кездеспей-ақ қояйықшы. Сенің өз бақытыңды табатыныңа сенемін, – деді бұл. Артынша ақымақтық жасағанына өкінгенімен, «Айтылған сөз – атылған оқ», енді кеш еді. Болар іс болды.– Түсінікті, – деді қыз. – Мені алдап, қолжаулық етіп келген екенсің ғой…– Шынымен де өзіңді сүйгенмін!– «Сүйгенмін» деген сөз болмайды, ол сүймеймін дегенің, – қыз бетін басты да жылаған күйі жүгіре жөнелді. Ертеңіне кешірім сұрайын деп іздеп барғанында шықпады. Бибінұрмен кездескеніне ата-анасы, бауырлары, тіпті туыстары қарсы тұрса да бұл ақыры оған үйленіп тынды. Бірақ қалыңдығы мұның ата-анасымен бірге тұруды қаламады. Неге екенін қайдам әке-шешесін, бауырларын көрсе кірпідей жиырылу күнделікті әдетіне айналды. Үйдің үлкендерімен сөзге келе берген соң, ақыры еншісін алып, бөлек шығып қалаға кетті. Бұл әлгі Горбачевтің қайта құрып, одақтың іштей іріп жатқан шағы. Қалада әр жұмыстың басын шалса да отбасын ешкімнен кем етпеді. Әйелінің айтқанымен жүріп, өзінің ата-анасымен, бауырларымен араласуды сиретті. Өзі бармағанымен, Бибінұр жақтырмағанымен анасы жарықтық араға ай салып амандығын білуге келіп тұратын. Әкесі мен анасы дүниеден өткен соң бауырлары мұны мүлдем ұмытқандай. Онысына өкпелемейді де. Үйленгенде, ұзатылғанда тойларына келуге жарамаған, қол ұшын беріп көмектеспеген, «тірі өлікке» айналған ағаларын іздеп қайтсін?! Өмірде бір-бірімен ат құйрығын үзісіп жатқан ағайындылар аз ба? Өстіп жүргенде жылдар өте әйелімен екеуінің арасы күннен-күнге суый бастағанын аңғарды. Ашу шақырып еді, ол ажырасуға арыз берді. Сот үйді баласы болғандықтан соған қалдырды. Бұл болса қаңғып далада қалып, көше кезді. Әншейінде қасынан қалмайтын әйелінің туыстары мұны құбыжыққа санап, есіктерінен сығалатпады.
«Саған әділетсіздік жасалды» деген, мұны түсінген біреуі болсашы. Араққа салынып, бомжға айналып, жертөле мен құбырлардың арасына түнеді. Ата-ана мен ағайынның, адал махаббаттың қадірін білмеген мұны құдай осылай жазалады. Бүгін міне, беттің арын белге түйіп, туған жеріне оралып келеді. Ганюшкинде бомж болып ғұмыр кешсе де сүйегі осында, ата-анасының қасында қалғанын тілейді. Тағы бір күрсінді де:– Атың кім сенің? – деді қасындағы қызға автобусқа мінгелі алғаш рет тіл қатып.– Жанерке! – деді қыз телефонынан әлденені қараған қалпы.– Есімің де, өзің де әдемісің!– Рақмет аға! Анамның есімі Назерке болған соң, соған ұқсатып қоя салыпты.Мұны естігенде төбесінен найзағай түскендей күй кешті.Жанерке үнсіз. Бұл болса ішкі ойымен арпалысуда. Құдайдың әмірі күшті. Кеше ғана бұл араққа салынып, адамнан гөрі тірі мақұлыққа айналып, былыққа батқан, қоғамның қоқысында жатқан. Жаратушы одан суырып алды. Сөйтті де басқа жолға салды. Пенде біткеннен көңілі суып жүрген еді, дүниедегінің бәрі қара түске боялмағанын көрсетіп, ақ жүректі жандармен кезіктірді. Оны аз десеңіз енді міне өзі өмірде бар-жоғын білмейтін қызымен қатар отыр. Кім екенін Жанеркеге айтқысы келсе де батылы бармады. Оған «Мен сенің әкеңмін» дегені жағынан шапалақпен тартып жібергендей әсер етсе ше? «Соншама жылдар бойы іздемей бүгін бұлай деуге қалай аузың барады?» десе қайтпек? Солай деуі мүмкін нәрсе. Туған қызымен кезіктірген құдай оған мұны айтқызудың да сәтін түсірер. Қатты ауырып ажал тырнағынан қалғаннан кейін бұл Ұлы Жаратушының бар екенін мойындаған. «Өзекті жанға бір өлім», неге ішпеймін, ішемін! Арақтан өлгеннің моласы жоқ. Бәрібір түбінде өлесің» деп талай батырсынғанымен жан алқымға тақалғанда адам араққа бола өмірмен қоштасқысы келмейді, жан тәтті екен. Арақ пен ажалдың егіздігін де түсінді. Біріншісі тұзағына іліккен адамды қойды бөлтірігіне тасыған қасқырдай екіншісіне сүйрейді. Ішімдіктің еш пайдасы жоғын ұқпаудың соңы неге соқтыратынын талай көрді. Әйтсе де шекесіне ауру деген шоқпар тиіп, ауруханаға байлағанша өзін ештеңеге ұшырамайтындай сезінді. Тек сонда ғана ұқты, қу жалған мәңгілік емес екен, әп-сәтте шетіне шыға келуің мүмкін. Ұзақ жол бойы мұның көңілін осындай ой бұлттары торлады. Назеркемен өткен күндерін сағынышпен еске ала отырып, Ганюшкинге қалай жеткендерін де сезбей қалды. Үлкен автобус селоның ішіне кірмеді, арқа жағынан екеуін түсіріп кетті. Жүргізушіге жолақы төлегісі келген емеурін танытқанында ол:– Бара бер! Сізден ештеңе сұрамаймын, – деді қарсылық білдіріп. Орталыққа қарай салпаң қағып жаяу келе жатырғанда бір көлік тоқтап, дабыл қақты.– Жанерке жүр, – деді бұл артында келе жатқан қызға қол бұлғап. – Орталыққа жетіп алайық.Оны жеткізіп тастап, ата-анасының үйіне, бүгінде кенже інісі тұрып жатқан шаңыраққа келді. Тап-таза, жып-жинақы аулаға кіргенде алдынан арсылдап қара төбет шықты. «Кет жоғал» деп, жекігеніне сескенбеген төбеттің әзілдеп тұрмағанын, енді бір аттаса шынымен де қабатынын біліп, кері шығып ауланың есігін жапты. Іштен келіні көрініп, итті орнына байлады. Екі қара домалақ үй ішінен жүгіріп келіп, қонаққа жатырқай қарады. Келіні қайнағасымен жылы жүзбен сәлемдесіп, қош келдіңін айтып, амандық-саулық сұрасқан соң ішке бастады. Інісінің бір сағаттан соң жұмыстан келетінін айтқан ол:– Ванныйға кіріп жуынып алыңыз, жылы су бар, – деді мұның сыртқы киімін іліп жатып.Айнаға қарап, өзінің азып кеткен түріне көз салған соң онысын құп көрді. Жуынып шыққанда байқағаны «Бірге туғандар табысар, тумаған тұра жабысар» дегендей, бауырлары мұның келгенін естіп осында жиналыпты. Көздеріне жас алып, сағыныса көрісіп жатыр. Ешқайсысы да сен кезінде әйеліңнің жетегіне еріп бәрімізді тастап кеттің деп көзге шұқымады.– Дұрыс болған екен, – деді кенже інісі мұның ажырасқанын естігенде. – «Жаман аттан жайдағым, жаман қатыннан бойдағым жақсы» деген аталарымыз. Азаматсыз ғой, далада қалмассыз, біреу табылар.– Ортамызға оралуыңызбен! Сіз әке-шешеміздің орнын басар ағамызсыз, – деді үлкен қарындасы – Қайсымыздың үйімізге келсеңіз де қош аламыз.– Бірақ үлкейіп келе жатырсыз, соқа басыңыз сопайып жалғыз жүргенше үйленгеніңіз дұрыс, – деді екінші қарындасы сөзге килігіп. – Әлі де кеш емес. Маған ұнайтын бір келіншек бар. Қаласаңыз, екеуіңізді кездестірейін.– Сен де қызықсың. Келмей жатып үйден қуғандай көрініп.Үйлен деп ақыл айтпасаңшы, ағамыз оны өзі шешеді. Анамыз жарықтыққа өзіңізді әңгімелеп, «бізді ұмытқан шығар» десек, «Ағаларың бөгде емес, ол да менің ұлым, сондықтан оны сыйлауға тиіссіңдер» деп шаң жуытпайтын, – деді өзінен кейінгі інісі.Қалай қарсылайды деп қорыққан бауырларының ақ пейілі мұның көңілін босатты. Сонша жыл ат ізін салмаса да оларға жетер жан жоқ екенін ұқты.– Ағайынның қадірін алыстағанда түсінесің. Маған сендерден жақын ешкім жоқ, айналайындар! «Ат айналып қазығын табады» деген ғой бабаларымыз. Құдайдың қалауымен түзелдім. Қалада бір шаруаларым бар, соны тындырған соң қалған өмірімде өздеріңмен арамыз ажырамайды. Ақымақ болған ағаларыңды кешіріңдер, –деді бұл көзі жасаурап.Шай ішіліп, ас желінді. Туған шаңырақтың ауасы да жанға жағымды. Үй іргесіне қатырма қағаздар ұсталынып, еденіне астынан жылытылатын тас паркеттер төселіп, өзгергенімен, оттай ыстығын айтсаңшы. Себебі осында өзіне ең қымбат адамдар әкесі мен анасы ғұмыр кешті.Арада біраз күн өткен соң қалаға барып Назеркені тауып алып сөйлесті. Шыны керек, бұл кездесу екеуіне де ауыр тиді.– Оралатыныңды білгенмін, – деді Назерке жанарына мөлдір шық ұялап. – Мен осы күнді талай жылдар бойы сарыла күттім. Өзіңді шынайы сүйгенмін. Маған опасыздық жасасаң да, сатып кетсең де сені жек көре алмай қаншама азап шектім. Бірнеше рет іздеп баруға да оқталдым. Маған үйленбесең де қалған өмірімде ашынаң болып өтуге де әзір едім. Оң босағада отырып бала көтеріп қалғанның не екенін еркектер ұға ма? Жұрттың табасына қалмайын деп осы қалаға жол тарттым. Қала мені бауырына тарта қоймады. Ешкімнен оны күткен де емеспін. Жалғызбасты анаға ұрпақ өсірудің түсірер ауыртпалығын білсең ғой. Жанерке «Әкем қайда?» деп сұрағанда: «Ол алыста! Әзірге келе алмайды. Маған сенің маңдайыңнан сүйіп, мына сыйлығымды бер деп тапсырды» дейтінмін. Иә, оған мерекелерде сенің атыңнан да сый әперетінмін. Қызым қатты қуанатын. Бойжеткен соң оған бәрін айттым. Алғашқыда біраз тулады, ашуланды, сосын түсінді. «Мама! Мен сені ешқашан жалғыз қалдырмаймын» деді маған. Жолда оны көргеніңді айтып отырсың.– Жіберген қателігім үшін кешір, қалған өмірімде Жанерке екеуіңді алақаныма салып аялап өтемін, – деді бұл. Алғашқыда Жанерке бұған біраз қырын қарап жүрді. Бірақ үнемі асты-үстіне түсіп, дегенін жасаған соң көңілі жібіді. Балалық шақтан әке мейіріміне шөліркеп өскен жас қыз мұны кешірді. Бұл туған ауылына екеуін ертіп оралып, бірер жыл пәтер жалдап өмір сүрді. Кейін нарық заманына бейімделіп, кәсіпкерлікпен айналысқан соң үй салып, шетелдік көлік те мінді. Сол екі аралықта Назеркеден ұл да сүйді. Ең бастысы, жұбайы мен бауырлары өзара жарасып кетті. Адам түзелейін десе ерік-жігері жететінін бұл өмірімен көрсетті.
Автор:Қанат ҒҰМАРОВ