Бұтында алабажақ көнетоз дамбал. Кеудеде әбден кірсіңді болған майка. Бәшпайға жұлығы шыққан шүберек шәркей іліпті. Төбесінен өткен күнның ыстығы табанына жетіп, арқасынан өткені жауырыны мен қабырғасын ерітіп, бүкірейген еркек бес қабатты үйдің ауласындағы сәкіде жанарымен жер тесіп отыр. Майланып кеткен селдір шашын милығына түскен ескі телпегі жауып, күнқағар қызметін атқарып тұр. Анда-санда басын көтеріп, қарсы алдындағы подъезде көшіп-қонып жанталасып жатқандарға әжімді қабағының астынан сығырайып қарап қояды. Одан жанарын аударып әкетіп, бір кездері қимас өмірін өткізген бірінші қабаттағы таныс терезеге қадайды.
Қараған сайын жандүниесі құлазып, өкініштен іші өртеніп, кеудесін өксік қысып, жанарын жас торлайды. Өзектегі өртін кім өшірер, іштегі дертін кім түсінер…
– Жора, қалың қалай? Не болды, күн шыққалы сәкіге байланып қалыпсың, — деп, көршісі Степан таяғын тықылдата жақындап, сіңірлі білегі бірден көзге түсетін күректей алақанын ұсынды.
Бұл сүйегіне дейін өткен күннен қызған қолын селқостау соза, ананың саусақтарын қысып қойды да:
– Қай жетіскеннен дейсің, Степа, — деп, телпегін сол қолының алақанымен басып, басын шалқайта, кежегесі кері кете жауап берді.
Степан сәкіге отыра кетті де, қолындағы таяғын жанына сүйеді. Аяғын алдына созып тастап, көршісіне:
– Ал, айт, не болды? — деді де, төсқалтасынан «Кент» деген темекі қорабын шығарып, ішінен бір талын алып ерніне қыстырды. Содан баптанып шырпысын іздей бастады. «Е, өз шаңырағынан шығып, туған ауласында шалқайып отырғанға не жетсін!» деп, Жора орыс көршісіне іштей қызғана қарады. Степан оны қызықтырғандай одан әрі кергиіп, темекісінен құмарлана сорып барып:
– Айтсаңшы енді, тыржалаңаш бұл не отырыс? — деді де, құлақты жара қақырынып, оң жағына шырт түкірді.
Жарты ғасыр шеккен шылымның түтіні дыбыс жолдарын байлап тастағандай даусы қарлығып шығады. Аузынан шыққан лебінің ащылығы сондай, жанындағы адамның қолқасын атады. Оны байқайтын Жора ма? Ішкі дертін көршісіне неден бастап ақтарарын білмей, дал боп отыр. Жауап бермеске де ләжі жоқ. Екеуі заманында Киров атындағы заводта бірге жұмыс істеп, кәсіподақтың арқасында осы төрт қабатты үйден бірге пәтер алған. Бұл үйлер кейіннен «Хрущевка» атанып кеткен. Сол кездегі жазылмаған заң бойынша қазақтарға не бірінші, не ең соңғы қабаттан пәтер тиетін. Жораға бірінші, Степанға ойып тұрып ортадағы үшінші қабаттан баспана бұйырды. Таңдайтын Жора бар ма, бұйырғанына мәз! Ұлы мен қызын қолтығына қысып, қоржын-қошалағы мен жалғыз мүлкі «Москва» тоңазытқышын сүйреп, кілт қолына тиген күні көшіп алған. Алматыға келгелі Салиқа деген атын ұмытып, Света болып кеткен келіншегі басы қып-қызыл болып шауып жүр. Бір күн үстел, екінші күні орындық тауып әкеліп, тоңазытқышымен қоса, алты шаршы аумақты толтырып тастады. Қалған екі бөлменің біреуі – жатын бөлме де, екіншісі – «Горизонт» теледидары тұрған қонақ бөлме еді.
Өздері үшін хан сарайындай болған баспанамен қоса, «қалалықтар» деген мәртебеге ие болып, екі баласын заводтың бала бақшасына беріп, жұмыстарына шапқылайтын. Қаланың ханымдарынан қалыспай Светасы басын жарты жыл көкке, жарты жыл қызылға бояп, көкірегінен қос алмасын сығалатқан кеудеше, бұтына тырсиған джинси шалбарын жапсырып, етжеңді денесімен былқ-сылқ басып, жұмыстан соң асүйде шұжықтарды шыжғырып, картоп, не макарон қуырып жататын.
Өзі болса әкесі азан шақыртып қойған «Жайсаңғали» деген есімін ұмытып, «Жора» болып кеткен. Өзіне бұл атты кім жапсырғаны да есінде жоқ. Жұмыстан келе, залдағы көк диванға көлденеңінен түсіп, «Горизонттың» ішіндегі жаңалықтарды қараған болып, одан қалса «Қасқыр мен қоянды» тамашалайтын. Күндердің күнінде үйлерінде қара телефон пайда болды. Әйелі екеуінің қуаныштарында шек болмай, кезектесіп қаладағы күллі танысымен түннің жарымына дейін сөйлесіп, уақыт өткізетін.
Бірер жылда егіз балапандары да мектеп табалдырығын аттады. Оқыған баланың машақаты балабақшадағы балдырғаннан қиын екен. Қызымен әйелі, ұлымен өзі жағаласып отырып сабақ оқыған болады. Жаз шыға балаларымен кезекті еңбек демалыстарын алып елге тартатын. Перзенттеріне екі ауыз қазақша үйрете алмай, ауылға барса намыстан жарылып «осыдан қолға алмасам ба» деп қайтқанымен, аналары қазақша сөйлемейтін балалар қайдан үйренсін, шалақазақ болып өсіп жатты.
Сөйтіп жүріп олар да мектептерін бітірді. Жоғарғы оқу орнына түсуге шамалары келмейтінін білген соң, екеуі ең болмаса училищеге түссе екен деп армандады. Қызы орта медицина қызметкеріне, ұлы орта білімді теміржолшылыққа оқитын болды. Әйтеуір өздері сияқты заводтың қара жұмысшысы болмағанына шүкіршілік етіп жүргенде, естерін жинап қараса, екеуінің де самайына ақ кіріп, шаштары селдіреп, маңдайларына әжім түсіпті. Екеуі де заводтағы ақ құлақ ағайындармен бірге ащы судан тартынбай, тұздаған қызанақ пен қиярға әуес болған соң ба, қырықтан асып, елуге жетпей жатып бет терілері қуырылып, көз алдылары көлкілдеп шыға келді. Қызын қалалық ауруханаға медбике етіп, ұлын таныстарын салып жүріп пойыз жолсеріктігіне көмекші етіп орналастырды. Бір мақсаттарына жеткендей масайрап жүріп жатты. Күндердің күнінде қызы бір қылқимойынды, ұлы бір ұзынсирақты алып келіп таныстырды: «махаббатпыз, қосылмасақ болмайды» деген. Жолдығалидың жүрек түпкіріндегі «қыз ұзатып, келін түсіріп, құдандалы болып, қазақтыққа бет бұрармыз» деген арманы желге ұшты. «Ой, папа құда түсу деген не, ауылдағы қазақтарға ұқсап. Келініңіз жаңа жылға қарай босанады»,- деді ұлы, бұдан кейін оны жеделдете үйлендірмесе болмады. Келінді үйге кіргізіп, екі жасқа қонақ бөлмені босатып берді.
«Қызың жігітімен кететін болды, құдалар интернационал жандар екен, құдалықты түсінбейтін»,- деп жайсыздау хабар айтты әйелі. Ұл болмағаны жақсы болды, әйтпесе, жатын бөлмені босатып, бәйбішесімен асүйге шығар ма еді. Қанша қимаса да, қыз кетті қияға. Келінін «әне босанады, міне босанады» деп отырғанда дүние төңкеріліп, «Желтоқсан» деген көтеріліс басталды да кетті. Ел іші дүрлігіп, көшеде жөңкілген жұрт, ешкімді-ешкім ұғып болмайтын бір әуре сарсаңда Жолдығали немере сүйді. Ұлтжанды қазақтар алаңда алысып, азаттық аламыз деп аласұрып жүргенде мұның дүбәрә балалары махаббаттарының қызығына батып, жемісін жинап жатты. Көктемге қарай піспей жетіліп, жиен немере дүниеге келді.
Екі шарананы ширатып, одан тәй-тәй бастырып жүргенше тағы екі-үш жыл өте шықты. Келін тағы бір баланы жарық дүниеге әкелді. Тіршіліктің қамыты бұрынғыдан ауырлап, Светасы екеуі екі немеремен алысып кетті. Келін жалғыз күйеуінің табысы жетпейтінін сылтауратып, тоқыма фабрикасындағы жұмысына қашты. Сол арада баласын құшақтап қыз байдан қайтты. Құдай қарасқанда ұлы жұмысындағы шағын отбасыларға арналған жатақханадан бөлме алып, бөлек шыққан. Қонақ бөлме қайтқан қызға тиді. Бөлінген ұл үлкен баласын ата-әжеге қалдырды.
Әйелі екеуінің түн ұйқысы төрт бөлініп бала күзететін баяғы жастық шақтары қайта айналып келгендей болды. Оны өздері «ұлымызға баласын бағып беріп қарасып жатырмыз. Бізді қартайып, қалжырағанда балаларымыз осылай қарайды»,- деп көңілжұбатар жасап жүрді. Күндердің бір күнінде қызы баласын ата-анасының баурына қалдырып, қайтадан күйеуге тиіп кетті. Сонымен әйелі екеуі екі немерені бауырына қысып, екі бөлмеде бөлек ұйықтап, жасына жетпей кемпір-шалға айналды.
Бұлар осылай отбасылық шырғалаңдарымен болып жатқанда он бес елден құралған үлкен державаның быт-шыты шығып, әр республика өз алдына тәуелсіз мемлекетке айналған. Заводтары жабылып, төрт қабатты үйде тұрып жатқан көршілерінің бәрі жұмыссыз қалды. Не зейнет жасына жетпей, не жаңа заман көшіне ере алмай қалған бір топ еркек пен әйел аулада бала ойнататын да, өздері шахмат пен дойбы ойнап уақыт өткізетін. Күні бойы аулаға шығып сәкіде отырып, аяғынан шатқаяқтап жатқан жас мемлекетті жамандап, өткен өмірлерін аңсап жылағанымен ғасыр тұрмақ, мыңжылдық ауысса да кеткен дәурен қайта оралмады.
Жораның пысық Светасы бір жатақханаға вахтерлік жұмысқа тұрып алды. Екі күнде бір кезегіне барып, қонып ертесіне келетін. Жайсаңғали базардан арзан-құрзан ас-ауқат әкеліп, алжапқыш байлап екі немересіне тамақ пісіріп ілдалап жүрді. Өзі де бір жерге нантабарлыққа ілінгісі келгенімен еш реті келмей-ақ қойған. Немерелер мектепке барып, енді Жора «үйішілік тәрбиеші мұғалімге» айналды. Оларды мектепке апарады, әкеледі. Кешке қарай сабақ оқытады. «Миым атала болды мына екеуімен»,- деп әйеліне шағынып қоятын. Ондайда: «Сен тәуелсіз боламыз» деп қуанып едің ғой, міне болдың. Ешбір басшыға тәуелді емессің! Өзіңмен-өзің! Елің де Москваға бағынбайды! Армандарыңа жеттіңдер! Тек мемлекеттің қазынасы бос, сенің қалтаң қуыс!» деп, қызылбас қатыны табалайды. «Россиядан бөліндік, не таптық! Осы ма жеткеніміз. Жыным ұстаса Отаныма кетіп қалам!» деп қорқытатын. Орынбордың қызы ғой, бірақ оны Ресей қайтсін. Ол тұрмақ көшіп барған қаны таза өз орыстарын «қазақтар» деп шеттетіп, күн көрсетпей, шыдамағандары қайта көшіп келіп жатқан.
Жайсаңғали да қашанғы қатыннан сөз естіп, қор болып отырсын, күндердің бір күнінде үйдің маңында ашылған автотұраққа күзетшілікке орналасты. Күнара тәуліктік кезекшілікке барады. Күндіз тыным таппай кірген-шыққан көліктер мен иелерін аңдып зыр қағады. Кешке қарай белгіленген уақытта екі төбет итті қоршаудың ішіне жібереді де, қақпаны тарс жауып, ыдысқа салып алып келген тамағын жылытып ішіп, ағаш төсекке жайғасады. Қос алақанындай ғана теледидардан кино көреді, ән тыңдайды, қалғып-мүлгіп ұйықтайды.
Ертесіне таң сыз бере иттерін ұясына қамап, қақпаны ашып көлік иелерін қарсы алады. Кезекшілігін ауыстыруға келген серігіне аман-есен орнын тапсырады. Бар болғаны осы…
Алғашында әйелі бұл «қызметіне» қарсы болды. «Немерелермен кім айналысады? Оларды мектепке апарып-алып келу керек, тамағын уақтылы ішкізу керек»,- деп бажылдады. Жора да одан кем емес дауыспен: «Әлі алпысқа да келмедім, неге біреудің баласын бағып үйде отыруым керек?! Менің балаларымды кім бақты? Екеуміз сүйреп жүріп жеткіздік. Әке-шешелері өздері бақсын!» деп жауап берді. «Біз оларға көмектесуіміз керек, қазір капитализм, күндерін көрсін»,- деп шаңқылдап қоймап еді, бұл «Өзің бақ! Әйелсің! Әжесің!»,- деп ақырып жіберді. «Мен жұмыс істеп, осы үйдің нанын тауып отырмын»,- деп қызылбас та тепсініп қояр емес. «Мен еркекпін, сендерді асырай алам. Сондықтан жұмысқа шығам!»,- деп екі қолымен ас үйдің үстелін тоқпақтап отырып, теңдік алып осы жұмысқа шыққан еді.
Бұрын ауладағы ақсақал-қарасақалы бар жұмыссыздармен домино, карта ойнап, біруақ сыра ішкенін сап тыйды. Шахмат дейсіз бе, Жора сияқтыларға ондай ақсүйек ойын қайдан жұқсын? Ол аулада шахмат ойнамақ түгілі, маңына да жуымаған. Көршілері кездесіп қалғанда:
– Сен бізді ұмыттың ғой! Менсінбей кеттің ғой! — деп өкпе артып жатады. Оған Жоралары басын былғаңдатып, күлімсіреп төмен қарай береді. Бар жауабы осы. Ал, түсініп көр!
Кезекшілігінен босаған күні орнын толтырайын деп, күні бойы немере қарайды. Алдымен үйге керек көкөніс пен сүт өнімдерін көтергенінше әкеледі. Түскі асқа жақсылап сорпа мен қуырмаш жасап қояды. Немерелерін мектептен алып келіп тамаққа тойдырып отырып көрген-білгендерін сұрап, әңгімелеседі. Екі аялдама жердегі демалыс паркіне апарып ойындары қанғанша ойнатады. Артық-ауыс тиын-тебенімен балмұздақ алып береді. Басында қарсы болған бәйбішесі Жорасының осылай ерекше тәртіпті ата болып келе жатқанына қарап қуана бастады. Балалары да ризашылықтарын білдіргені ме, дәл атасы демалатын күні қолдарындағы балаларын да әкеліп тастайтынды шығарды. Осылай, өздерінше бақытты болып жүргенде, тіршіліктерінің ойранын шығаратын оқиға болды.
*
– Жора, қымбаттым, мен біттім! Өлетін болдым! — деп қызылбас қатыны сыртқы есіктен аттай сала, қол сөмкесін төрге қарай атып ұрып, босағаға отыра қалып еңірей жөнелген.
Асүйде түскі астың қамымен картоп аршып тұрған Жайсаңғали әйелінің ащы дауысынан шошып кеткені сонша, әшейінде өтпейтін қара пышақ басбармағын орып түсті. Жан дегенде жалғыз қатыны ойбайлап жатса оңай ма, қанының сорғалағанына қарамай, кіреберіске жүгірді. Тізесінен бір қарыс жоғары белдемшесі одан әрі түріліп, аяғын созып салып қызылбасы:
– Міне, бәрі бітті. Келген жерім осы болды! Мен енді жарты жылда өлем, сен жас қатын алып құтырып жүресің! — деп қарадан-қарап алжапқышын байлап отбасындағылардың тамағын жасап алаңсыз жүрген күйеуінің ертеңіне барып келіп зар илеп отыр.
– Светик, не болды сонша?! Мына отырысың не? – деп, қан сауғалаған саусағына қарамай әйелінің қолтығынан демеп тұрғызбақ болды. Әйел деген байқағыш емес пе, еденге қарап:
– Мынау не қан?- деп баж ете түсті.
– Мен ғой, мен… Сенің дауысыңнан шошып кетіп, қолымды кесіп алдым,- деп бәріне өзі кінәлідей енді басбармағын екінші қолымен қысып ұстай алды.
– Таңбайсың ба, енді, жер әлемді қандамай! — деп енді жуынатын бөлмеге сүйрей жөнелді.
Жайсаңғали кінәлі баланың түріне түсіп, бет жуатын жерде басмармағынан қаны сорғалап тұр. Света үйішілік аптекасын әкеліп, Жорасының жарасына йод құйып жанын шығара ашытып барып, тастай етіп таңып берді. Жайсаңғали қайтадан ас үйге тартты. Света:
– Енді мына түріңмен қалай картоп аршисың? Тұр былай,- деп тар есіктен сығылыса аттап, қазанға бетеді. Күйеуі енді не істерін білмей орындыққа отыра кетті де көңілін алаңдатқан нәрсені сұрады:
– Жаңа неге айқайлап жылап келдің? – деп сұраған көзі бақырайып. Сол кезде әйелінің есіне неге аттандап келгені қайта түсті ме:
– Жора! Мен өлетін болдым…,- деп қайта аңырай бастады.
– Қойшы, енді дұрыстап түсіндірші, былай,- деді енді Жайсаңғали жұмсақтау үнмен.
Света қазандағы сорпаның тұзын көрді де, қақпағын қайта жауып, күйеуіне қарама-қарсы жайғасты. Басына төнген қара бұлттың жайын бастан-аяқ түсіндіре бастады. Өткен аптада жұмыстарында «скрининг жасатыңдар әрі кезекті санитарлық тексеруден өтіңдер»,- деп тапсырған соң, ел қатарлы емханаға барып қан тапсырып, гастроскопия, мамаграфия деген аппараттарынан өтіп нәтижесін күтіп жүрген екен. Бүгін таңертең жұмысына учаскелік медбике «жеделдетіп бізге келіңіз»,- деп хабарласады. «Естігеннен ішім мұздап, қорқып кетіп, жанымдағыларға ісімді тапсыра салып, жүгіре жөнелдім. Бірден учаскелік дәрігер қабылдады да «анализдеріңіздің қорытындысы бойынша сізге маммологке бару керек»,- деді. Алып-ұшып, маммологке келсем, ол анализ қорытындылары мен менің кеудемді шешіндіріп қарап онкологке жіберді. Онколог те кеудемді қайтадан пальпация жасап қарап «кеудеңізге түйін байланған, зерттеулер нәтижесі бойынша қатерлі ісік белгісі сияқты. Оның залалды, залалсыз екендігін ауруханаға жатып тексерілгеніңізде анықтаймыз. Әзірге пункция аламыз»,- деп азаптап тағы анализ алып жіберді. «Қатерлі ісік»,- дегеннен тұлабойым түршігіп, жұмысқа да бармай үйге қаштым. Оларға жол-жөнекей ауырып қалдым деп хабарладым»,- деп жылап отырып жағдайын айтып шықты. Кірпігіне жаққан сүрмесі жаспен шыланып, опасының үстінен ағып, бетінің айғыз-айғызын шығарды.
Қанша дегенмен қырық жылдай бірге тұрған, қыздай қосылған қосағы емес пе, Жайсаңғалидың да әйеліне қойылған диогноздың атын естігенде үрейі ұшып, төбесіндегі бурыл тартқан сирек шашы тік тұрып кеткендей. Әйелінің жылай-жылай домбығып кеткен жүзіне аяушылықпен қарап, қандай жұбату сөз айтарын білмей үрпиіп отырғанда сыртқы темір есікті салдырлата ашып немересі келді. Екеуі де келіскендей орындарынан атып-атып тұрысты. Әйел алдында жатқан майлықпен бетін сүртіп, еркек есікке қарай жүгірді.
Кешкі тамақ үнсіз ішілді.
Түнгі төсек те үнсіз салынды.
Ерлі-зайыптылар үнсіз келіп екі жастыққа бас қойды. Жайсаңғали жарына бұрылып құшағына алмақшы болып қолын созып еді, алақанына ылғал тиді. Әйелі үнсіз жылап жатыр еді. Әшейінде сөзге сараң, енді мына үнсіздіктің тұңғиығына тартылып бара жатқандай тіпті дыбысы шықпай қалды. Бар болғаны қосағының дір-дір еткен денесін қапсыра құшақтап, айырылып қалғысы келмегендей бауырына қысып өзінің аяушылығын, шарасыздығын сездіргендей болды. Әшейінде әр нәрсеге бажылдап, тіл мен жағына сүйеніп, орысша-қазақша аралас былдырлап аузы жабылмайтын әйел де тұңғиыққа түсіп кеткендей, үнсіз. Тастай қараңғы бөлмеде қос мұңлықты сол үнсіздік қорқытып, Шолпан жұлдыз сөнгенше жанарлары жұмылмады.
Тағы тамақ та үнсіз ішілді.
Әдеттегідей әйелі асығыс-үсігіс жұмысына ыңғайланып киініп жатты. Жайсаңғали жанына келіп:
– Светик, мүмкін диогнозда қателік болған шығар,- деп келе жатыр еді, қызылбасы:
– Жора! Олар онкологиядан қателеспейді!,- деп шорт кесті.
– Онда осы үйді сатсам да сені емдетем,- деп еркекше сөз бастап келе жатыр еді.
– Ақымақ, басыңдағы жалғыз баспананы сатып, қаңғыбас боламыз ба? — деп қағып жіберді де, орындықта бала мысық сияқты бүрісіп жатқан жүн-жүн сөмкесін құшағына қыса сыртқа ұмтылды.
Жайсаңғали әлемдегі ең жақын адамы құладүзге тастап бара жатқандай іші өртеніп босағада қала берді.
Сол күннен бастап, «ауру кірді – әлек кірді» дегеннің өзі болды. Әйелі Абай көшесінде ұзынынан созылып жайғасқан аты жаман «онкология институты» деген жерге жатып, он күнде нақты диогнозын білді. Соның өзі екен! Қанша жыласа да, аттандаса да сол болды. Қатыны айтпақшы: «Олар онкологиядан қателеспейді» екен. Аяқ-қолы жерге тимей, қаланың о жағынан бұ жағына шығып, қайда арзан тамақ бар, арзан киім-кешек бар деп домаланып шапқылап жүретін Светасы шөлде қалған гүлге ұқсап күннен-күнге солып бара жатты. «Осы үйді сатсам да сені емдетем!» деп күшенген еркектің қолынан түк келмеді. Үйді сатса да емделмейтін болды.
Үйді сатпағанымен, Светаның «Новосібірге барып емделсем» деген арманын орындау үшін Хоум-кредит банкке кепілге қойып, несие алды. Қыстың көзі қырауда шекара асып, Ресей топырағын басып көңіліне алған ауруханасына жатып қаралғанымен шипа қонбады. Көктемге салым тобылғы гүлдегенде қырық жыл серік болған, Құдай қосқан қосағынан айрылды.
Жайсаңғалидың жайнап жүргені, шаңырағында немерелері шапқылап, балаларының арқа-жарқа болып келіп-кетіп шаңырағын шаттыққа бөлейтіні бәрі қызылбас қатынының арқасы екен. Дүние-ай, десеңші! Қырық шаршы метр қаңырап, алпысты орталағанда өзі аңырап қалды.
Жарының қайғысынан банктің несиесін төлемек тұрмақ, өзінің ішкені – ірің, жегені – желім болып жүргенде зымырып жыл өтіп, көгеріп көктем қайта келіп қалыпты. Ресейден Светасының төркіндері, елден өз ағайын-туысы бар , ұлы мен қызы бар сабылып жүріп жылын өткізіп, құранын оқып, садақасын таратты. Қайтадан қара шаңырағында жападан-жалғыз қалды. «Қатын өлді –қамшының сабы сынды»,- деп бабалары бекер айтпапты. Ол заманда жерден тіреліп көтерілетіндері қамшы болған шығар. Сондықтан қатынды тірек көрген болар. Мына заманда қатын өлсе – тіршілігің қараң қалады екен. Балалары да әрқайсысы өз бастарымен әуре. Немерелері де ержетіп өздері шаңырақ құрғалы жүр. Бұған келіп кірін жуып, тамағын беріп, қабағына қарайтын тірі жан жоқ. Үйге сырттан кірер кіріс те мақрұм. Әр айдың аяғында тиетін зейнетақысын алып, пәтерақысын төлейді де, қалғанын шыжымдап ас-ауқатына жаратады. Әйелін емдетуге алған несиені ұмытып та кетіпті. Ал банк берген қарызын ұмытсын ба?!
Теледидарын серік етіп, жабуы кірсіңді болған ескі диванда жатыр еді. Есіктің қоңырауы шар етті. Баяғы кеңес дәуірінен қалған домалақ темір қоңырау емес пе. Даусы қандай ащы еді! Өзін ешкім іздеп келмейтінін біледі. Балалар да шешелерінің жылы өткелі қара көрсетуді қойған. Қазір көршілер де есіктен сығаламайды. Тек сыртқа күншуақтап шыққанда бірін-бірі көріп амандасатындары бар замандастарымен. «Кім болды екен?»,- деп орнынан сүйретіле тұрып, сөйлей жүріп есікке жетті. Ортасындағы бармақтай әйнектен сыртқа көз салды. Ақ жейде киген жас жігіт тұр екен. Орысшалап «Бұл кім?»,- деді темекіден қарлыққан даусымен. «Банк коллекторымын, сөйлесейік»,- деді аржақтан сыпайы үнмен. «Банк» деген сөзді естігенде зәресі зәр түбіне кетіп, бойымен мың сан құмырсқа жүгіріп есікті ашпасына болмады. Қосымша темір ілгегін қолы дірілдей ағытып, шиқылдатып ескі есікті ашты-ау. Қолтығына пәпкі қысқан, ақ жейде, қара шалбар киген, шашын жылмита тараған ұзын бойлы жас жігіт тұр екен.
– Сәлеметсіз бе, ата, — деді тап-таза қазақша.
– С..с..сәлеметсіз..,- деп тұтықты Жайсаңғали. Бұл әлде ана тілінде көптен сөйлемегеннен немесе банктен келіп тұрғанын біліп баласындай жанның жетпістегі өзінің мысын басып тұрғаны.
– Жайсаңғали Тұрлыбаевсыз ба? — деді жігіт. Даусы еркін.
– Иә…
– «Хоум кредит» банктен келдім. Былтырдан бері алған несиеңізді төлемепсіз, сол бойынша банк шешім шығарды. Соның хабарын жеткізушімін.
– Ойбу, әйелім өліп есім шығып несие алғанымды ұмытып та кетіппін,- деді бала алдында бүгжеңдеп, ұмытпағанда төлейтін қаржысы бардай.
– Міне, мынау ескерту қағазы. Мында қол қойып беріңіз алғаныңызды растап,- деп зыпылдаған жігіт жылдамдата қаламсабын шығарып, пәпкісінің үстіне алақандай қағазды жайды да, қол қоятын жерін сұқ саусағымен нұқып көрсетті. Жайсаңғали өзі білетін шимайымен хабар алғанын дәлелдеп қол қойды.
– Ата, сау болыңыз! Көрсетілген уақытта ертең банкке келіңіз. Әйтпесе, үйіңіз кепіл ретінде банкке өтіп кетеді,- деп жылдам-жылдам айтып шықты да одан да жылдам басып сыртқы есіктен шыға жөнелді.
Жайсаңғалидың шала еститін құлағында «үйіңіз кепіл ретінде банкке өтіп кетеді»,- деген суық сөз бен қолында алақандай хабарлама қағазы ғана қалды. Бойын суық сөзден үрей биледі. Шиқылдап жабылған есігі де өзімен бірге шырылдап жабылғандай.
Қалтаңдап ескі диванына қайта келді. Үстел үстінде жатқан көзілдірігіне қолын созып алып, хабарламаны оқып шықты. Жаны шырылдап ұлына телефон соқты. Даусы дірілдеп суық хабарды айтып шықты.
О –Мен сол кезде сендерге айттым, несиеден аулақ жүріңдер деп. Тыңдадыңдар ма?! Не ол қаржы анама көмектеспеді. Енді баспанаңнан айырылатын шығарсың, — деп өккілене сөйлеп, есін алды. Қайырымсыз ұлдан қайыр болмасын білсе де:
– Жәрәйды! Ең болмаса, ертең мені банкке апарып қайтшы, сөйлесіп, мән-жайды түсіндіріп келейік,- деді жалынғандай.
– Менің уақытым жоқ ертең. Қызыңа айтсаңшы, үйінде бос отыр ғой,- деп ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды дегендей етіп сөзбен шығарып салды телефонда.
*
Қызына телефон шалды. Ол ертесіне келетін болды Құдай оңдағанда. Жайсаңғалидан ұйқы қашты. Құлағында «үйіңіз кепіл ретінде банкке өтіп кетеді»,- деген суық сөз жаңғырығып тұрып алды. Қатты қорыққанынан ба дәреті ұстамай, он рет тұрды. Таңды көзімен атырды. Жоғарғы қабаттағылардың баспалдақпен тарсылдата түсіп сыртқа шығып бара жатқандарын, кішкентай балалардың жылап балабақшаға бармаудың амалын жасап жатқандарын, аналарының шаңқылдап, ұрсып, еркектердің әйелдеріне зіркілдеп сөйлеп бара жатқандарын естіп төсегінен тұрып, терезенің алдына барып жұмысқа кетіп бара жатқандардың соңынан қарап, шығарып салды. Бір кезде қоңырауды баспай, өзі сынайын деп тұрған есікті жұдырығымен төмпештеп қызы келгенінен хабар берді. Мектептегі кезінен әдеті сол. Әбден шолжаң. Өзіне ерекше назар аударғанды жақсы көреді. «Моя принцесса!» — деп шешесі әбден бетімен өсірген.
– Не болды, папа, әлі ұйықтап жатырсың ба?!,- деп аттандай есіктен енді.
– Қайдағы ұйқы! Банктің хабарламасынан шошып ұйықтамай шықтым,- деп ақталды әкесі ерке қызына тезірек есік аша салмағанына өзін кінәлі сезініп. Шашынан иіскемекке ұмтылып еді, қызы:
– Қане қағазы? — деп топылайын есік алдына томпылдатып тастай сала құдды шешесіне ұқсап құйрығын былғаңдата басып төргі бөлмеге тартты. Көріспегендеріне жарты жыл болды-ай, байқұс әке не ішіп, не жеп жүр, кір-қоңын қалай жуып жүр онымен жұмысы жоқ. Осы банктің мәселесі болмаса тағы жарты жыл көрмесе де уаймдайтын түрі жоқ. Мына түрлерімен ұл да, қыз да Жайсаңғали үйінде өліп қалса да іздемейтіндей.
ЖО-О-ОҚ! Іздейді екен. Іздегенде қандай!
Қызы әкесімен банкке барып, менеджермен сөйлесіп жағдайды білген күннен бастап «әкежан» болып шыға келді. Бейшара әке оны «қызым менің басыма түскен сордан жаны ашып күнде бір табақ көжесі мен бәлішін алып келіп жүр»,- деп жақсылыққа балап еді. Үміті құмға сіңген судай жоғалды. Үй мен әкесінің құжаттарын қағаз пәпкіге салып алып үйге тұрмайтын шолжың қыз банктегі несие мен өсімін пәтерді сатып төлейтін болып келісімге келіпті. Мына сұмдық үкімді әкесіне жұқалап жеткізді. Қарыздан қалған қаржыға басқа ауданнан бір бөлмелі пәтер алып берем деп көндірді. Қарызға белшеден батқан Жайсаңғали қайтіп қарсылассын. Келісті. Үміттеніп, заттарын үйдің жанындағы дүкеннен тасыған қораптарға салып жиналып жүрді.
Бір күні қызы дедектетіп жетектеп банкке апарып біраз қағаздарға қол қойғызды, одан нотариуске апарып тағы біраз қағазға қол қойғызды. Сол наториуске барғанда еріп жүрген ерлі-зайыптылар көңіліне жақпаған. Сөйтсе, қарашаңырағы соларға сатылыпты. Енді оның құтмекеніне таңертеңнен бері көшіп кіріп жатқан сол екеуі. Таң азаннан келді де қарсыласқанына қарамай, үстіне киімін де ілгзбей пәтерден айдап шықты. Қызын наториустегі құжаттарға қол қойғалы бері көрмеді. Қанша телефон шалды, тұтқаны көтермеді. «Қарыз төлегеннен қалған ақшамен маған пәтер іздеп жүр ма екен»,- деп әлі үмітті. «Дүние-мүлкімді жинап алайын,- деп жалынып еді, «Қызың сені қарттар үйіне өткіземіз деген, саған не дүние керек»,- деп есіктен итеріп шығарып, есігін тарс жауып алды. Содан бері ауладағы сәкіде күнге қақталып отыр.
*
Степан жағдайдан хабарланған соң көршісін үйге шақырды. Тамақтандырды. Үйлерінің артында кооперативтік гаражы бар еді соған ертіп барып:
– Жора, сен енді осында тұр суық түскенше. Оған дейін балаларың да хабарласып қалар. Тіпті болмаса, амал жоқ, қарттар үйіне барасың,- деді қырық жылғы көршісіне аяушылықпен қинала қарады.
Ата-бабасынан қалған туған жерінде баспанасыз, қанынан жаралған балаларына күшіктей де керексіз болған Жайсаңғали белі бүкірейіп, басы салбырап, гараждың суық босағасына сүйенген қалпы есеңгіреп қала берді.
Бір шәйқайнатым уақытта есін жиған Жайсаңғали қарашаңырағының алдына қораптарға салып шығарып тастаған ескі-құсқы заттарын жаңа қонысы – темір ғаражға сүйретіліп жүріп тасып алды. Сонда жиналмалы төсек бар екен, соған көрпелерді жайып салып, жастық тастап өзіне ыңғайлады. Бір жақсысы, Ильич шамын төбеден жалғыз ләмпішкемен қосып қойыпты. Көлік тұрағында күзетшіліктен қалған қос алақанның көлеміндей теледидарды тастамағаны жақсы болыпты. Соны қосып алды. Тоқ шәйнек те табыла кетті. Енді кешке қарай ішіне ел қондырмаса шұрқырап түнімен ұйықтатпасын ойлап көшенің арғы бетіндегі дүкенге беттеді. Зейнетақысынан қалған тиын-тебенді санап жұмыртқа мен нан алды. Белі қиралаңдап қайтып келді де жұмыртқаны шәугімге салып пісірді. «Қап, шәй алуды ұмытып кеткенім-ай»,- деп қиналып тұрды да, «қойшы, шәй менің не теңім»,- деп көңілі босап кесесіне қайнақ су құйып тамағын жібітуге кірісті. Өзінше әзірлеген кешкі ас мәзірін қабылдап алып, үстел орнындағы ескі отырғышты төсегінің бас жағына қарай жылжытып қойды. Үстіндегі тамақтың қалдығы мен жалғыз кесені төсегінің астына қойып, енді отырғышқа теледидарын жайғастырды.
«Қазақстан» арнасы халық әндерінен концерт беріп жатыр. Ұлттық киім киген орта жастағы әнші Ақансерінің «Маңмаңгерін» нақышына келтіре шырқап отыр. Қазақтың әйгілі әншісі Ақансері туған топырақ – Солтүстік Қазақстанның Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында Жайсаңғали да туып еді. Шыққан тегі де – Арғын ішіндегі Қарауыл. Бала күнінде күллі ауылда Ақанның «Балқадиша», «Ләйлім-шырақ», «Сырымбет» пен осы «Маңмаңгерді» шырқамайтын адам болмайтын. Әкесі керемет домбыра шертетін. Бұл да замандастары қатарлы сол әндерді айтатын. Мектеп бітіріп, Политехникалық институтқа түсем деп Алматыға келіп еді. Жоғарғы оқуға түсе алмады. Елге қайтпай, топты жолдаспен қалада қалып қойды. Киров атындағы зауыттың жұмысшысына айналды. Сол қалғаннан зауыттың топты орыс тілді жұмысшысына қосылып, одан Светасына үйленіп ана тілден де, ұлттық дәстүр-салттан да алшақтады. Халық әні тұрмақ елге барар жолды ұмытты.
…Маңмаңгер кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сылап қалқатай-да.
Жүресің желмаядай жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда…
Жайсаңғалидың есіне анау ән салып тұрған әдемі кісі түсті. «Қайрат Байбосынов қой!»,- деп анық танып, жаны ышқынып кетті. Екі самайына жасы тарамдана ағып:
Ахау, туған елім
Балаң едім.
Өзіңе осынау әнге сала келдім,- деп ән сөзі есіне түсіп қосылды. Ақанның сыршыл сезімге толы әні жан-дүниесін оятып, жылап жатты.
«Мен өмір сүрдім деп жүрмін-ау, мына тірі өлік қалпымда. Басымдағы жалғыз баспанаға да, қанымнан жаралған балаларға да ие бола алмай жатысым мынау – орыстан қалған темір гаражда. «Есіл өткен өмір-ай!»,- дейтін баяғыда әкесі қор болып жүрген жандарға. Сол айтпақшы өмірім зая кетіп, есіл өтіпті ғой»,- деп жарты ғасырдан соң өз ана тілінде ойлап, аңырап «Ахау, туған елім, балаң едім, Өзіңе осынау әнге сала келдім»,- деп өзегі өртеніп, жанарын жұмды.
Авторы: Сәуле Досжанова