…Анкараға жеткен соң Әмір қаланы көлікпен де жаяу да бірнеше күн аралады. Ірі базарларға барып, құмырсқаның илеуіндей жұрттың арасында жүреді. Бірде бұрынғы одақтың республикаларынан саудагерлер көп келетін көтерме базарды аралап келе жатып «Әмір көке!» деген әйел дауысын естіп қалды, бұл тоқтамастан ақырын жүре берді. Дәл артынан тағы естілген дауысқа амалсыз бұрылып қараған ол қалшиды да қалды. Ортаншы қарындасы Құндыз. Ия, соның дәл өзі, туған қарындасы. Ол мұны құшақтай алып «Әмір көке, тірі екенсіз ғой, қайдан жүрсіз мұнда?» деп жылап көрісіп жатыр.
Екеуі шәйханаға барып әңгімелесті. Мұның туыстары Әмірдің өлі-тірісін, қайда жүргенін білмей пұшайман болып жүргенде, былтыр Алматыдан келген бір ауылдастары «Алматыда екі мафияның арасында қырғын соғыс болып, соған Әмір де қатысыпты. Оншақты адам өліп, тірі қалғандары түгелдей сотталыпты. Әмірді білетін бір жігіттерден естідік. Бірақ олар да Әмірдің оққа ұшқанын не сотталып кеткенін анық білмейді екен» деген хабар әкелді. Мұны естіген әке-шешесі тіпті есеңгіреп қалыпты. Бұлар «Сол жолы қаза болды ма екен, әлде тағы да істі болып сотталып кетті ме екен?!» деп уайымдап, еш анық хабар біле алмай жүр екен.
Қарындасы екі жылдан бері Шымкент базарында түрік тауарымен сауда жасайды екен. Әке-шеше, бауырлары түгел аман. Төре інісі оқу бітіріп прокуратурада істейді екен. Әмір ресейдің біріккен фирмасында күзет, тәртіп жағында қызмет істейтінін, үлкен қарындасының атына есепшот ашып қаржы аударғанын айтып, оны Құндызға берді. Оның қайта-қайта «Көке менімен бірге ауылға қайтсаңызшы, біздің елге қарай үнемі билет табылады. Бізден қалмай қайтыңыз, апам мен әкем де сізді уайымдаумен қалжырады, менімен бірге қайтыңызшы» дегеніне, елге таяуда бір барып қайтатынын айтып, қарындасымен қимай қоштасты.
Ертесіне өткенде көшеде кездесіп қалған жігіттерге берген уәдесі бойынша студенттер қалашығына келді. Солардың берген әдрісімен оңай тауып, сәлден соң жерлестерімен қауқылдасып отырды. Анкараға келген алғашқы күндердің бірінде көше жиегіндегі ашық кафеде отырған бұған екі жас қазақ жігіті келіп жолыққан. Танысқан соң бұл оларға дәм әперіп әңгімелескен. Сонда жігіттер жатақханаларына чешен жігіттері келіп, кейде бопсалап ақша жинайтынын айтқан болатын. Соңғы кездері пайда болған олар студент емес, бірақ шеткі бір жатақханада тұратын көрінеді. Кейбірінде қару да бар екен. Әмір қоштасарда студент жерлестеріне «Жатақханаларыңа бір соғып, бопсалағыш чешендерді көрейін» деген, жігіттер «чешендердің мәселесінсіз-ақ келіп қонақ болып кетіңіз» деп әдрісін берген.
Бұл жерлес студенттермен біраз отырды, бірақ бопсалағыш чешендер келе қоймады. Сосын, бұл жерлестерінен чешендер тұрады деген жатақхананы, олардың басшысының Омар деген біреу екенін біліп алып, қоштасып сонда барды.
Жатақхана алдында тұрған екі кавказдыққа жақын келіп орысша Омарды сұрады. Олар бұған таңдана қарады да, бірі «жүр» деп ілестіріп ішке бірінші қабаттың түкпіріндегі бір бөлмеге ертіп әкелді. Онда тағы екеуі отыр екен. «Мына біреу Омарды сұрайды» деп ертіп келген шығып кетті.
Бөлмедегі екеу бұдан Омарды неге іздегенін сұрады. Бұл «Омар қайсысың, тек сонымен сөйлесемін» деп қырсықты. Ана екеуі «Омарға апару үшін сенің кім, қайдан, неге келгеніңді білуіміз керек» деген соң Әмір Одессадан арнайы жолығуға келгенін айтқан соң төр жақта отырғаны «Мен Омармын. Не айтпақ едің?» деді дұрысталып отырып. Бұл өзінің қазақ жерлестерін бопсалаудың дұрыс еместігін ескертті.
Бәріміз де бір мұсылманбыз, бауырларға олай жасауға болмайды, егер оны доғармасаңдар қарсы шара қолданамыз, — деді артында бір үлкен күш тұрғандай сенімді үнмен. Омар қасындағыдан бірдеңе сұрады да, сосын бұған қарап;
Байқаймын, сен ер жігіт сияқтысың. Біз нағыз жігітті бағалай білеміз. Сенің жерлестеріңнен бүгіннен бастап салық жиналмайтын болады. Өздері онша көп те емес екен, оларды енді қинамаймыз, бірақ ол үшін саған бір талабымыз болады. Бүгін кешке «Анкара» қонақ үйінің мейрамханасына кел. Өзім қарсы алып, бір үлкен беделді адамға жолықтырамын. Түркияға келіп қалыпсың, сол адамға жолыққаның өзің үшін де керек, — деді.
Бұл:
Ұсынысыңды ойланамын, бірақ маған әлгі кішкене бұйымтайымды орындасаңдар, сендерден басқа ештеңе де керек емес, — деп келе жатыр еді, Омар сөзін бөліп:
Мұнда соңғы кезде ресей, украин қауіпсіздік комитеттері жиі тіміскіленетін болды. Сондықтан бұл қалада бір өзің жүруің қиын, ең арысы түрік полициясы бұрынғы одақтың адамдарын ұстап, әурелейді. Ал мен айтқан үлкен адаммен жолықсаң, қауіптен сақтандырып, құтқарып, көмектесіп отыратын болады, басқа да ұсыныстар болуы ықтимал, қалайда жолық, — деді.
Әмір ақыры келісімін берді. Ана екеуі қонақ үйдің алдында өзіміз қарсы аламыз, бізсіз сені ол кісіге жолатпайды, десіп қала берді.
Әмір чешендердің келісе кеткеніне күдіктеніп қалды. Олардың «үлкен кісіге жолығуға тиіссің» дегенін де түсіне алмады. Не себепті оған жолығуы керек? Әлде мұны оңаша жерге шақырып алып құртып жібермек пе? Ондай ойлары болса неге қонақ үйдің мейрамханасына шақырып отыр? Мүмкін, Чешенстанда жүріп жатқан соғысқа баруға үгіттемек пе? Кім біледі, Пираттың алтыны туралы біліп, сол туралы сыр тартпақ па? Жалпы, Пираттың атын алға сала сөйлескені дұрыс болмады ма? Тіпті сәл нәрсеге қаны қызып қайдағы бір қазақ жігіттері үшін осы чешендермен бекер байланысты ма екен? Одан да бәріне қолды бір сілтеп елге тайып тұрғаны дұрыс па еді?
Осындай ойлармен қонақ үйге оралған ол өзінің елге оралуға тартыншақтай беретіні, онда барғанмен қолға түсіп қалатындай көрінетіндігінен екенін түсінді. Бірақ, бейтаныс елде ұзақ қалып қою, енді міне, әлдебір өзіне беймәлім топпен байланысуы, бұл да қауіпті іс. Мұның өмірі қайда болса да қашаннан қауіп-қатерге толы.
Келісілген уақытта айтылған қонақ үйге келді. Мейрамхананың алдында Омардың қасында болған жас жігіт тағы бір жігітпен мұны күтіп тұр екен. Үшеуі мейрамхана ішіне кірді. Онда адам көп екен. Бұлар төр жақтағы оңаша бөлмеге өтті. Ертіп келгендер мұны есіктен кіргізіп жіберіп, өздері тыста қалды. Омар жанында отырған екеуіне мұны, оларды бұған таныстырды. Әли деген мүмкін дәрежесі үлкендеуі болар, бірақ сақалын өсіріп жібергеніне қарамастан отыздардағы жігіт сияқты. Оның қасындағы түрік те сол шамалас жастағы адам. Сол түрік Пиратты жақсы білетін болып шықты. Сөзінің ыңғайына қарағанда соның алтынын саудалап сатып алмақ болғандардың тобынан болса керек. Бұдан алтынның қазіргі жайын, кімнің қолына түскенін сұрастырды. Бұл оны қайдан білсін, жолдарын арнаулы киім киген қарулылар бөгеп, атыс басталғанда сытылып шығып кеткеннен кейін алтын түгілі сонда болған жігіттерден де, Пираттың тағдырынан да мүлде хабарсыз.
Түрік Пираттың да ұсталғанын айтты. Бірақ ол өзінің алтынға қатысы барын мойындамай, қасындағы түріктермен қаланы көгалдандыру мәселесіне қатысты бас қосқанын айтып отырып алған көрінеді. Алтынға қатыстылығын толық дәлелдей алмағандықтан, басқа жағынан келіп тиісіп, Пираттың кооперативінен былық тауып жауып тастапты.
Бұлардың сөзінен аңғарғаны, сол алтынды түріктерге сатып алдырмақ болған Әли сияқты. Сондай-ақ, бұлардың чешен соғысына жасаққа адам жинап жүргені де байқалады. Бірақ бұған ешқандай ұсыныс жасалған жоқ. Әли бұл қалада ғана емес, Түркияның кез-келген жерінде егер Әмірге қажет болса қамқорлық көрсетуге дайын екендігін баса айтты. «Шетелде жалғыз-жарым жүру дұрыс емес, қандастарың мұнда бар, оқитындары да, жұмыс істейтіндері де кездеседі. Солармен байланысып, бастарын қосып біріккен жақсы. Бізден де байланысыңды үзбе, қандастарыңның арасында мол ақша тапқысы келетіндері болса, біз көмектесеміз. Әрі мұсылмандық бауырластығымызды ұмытпай бір-бірімізге қолдау жасау, бәрімізге де міндет» деді Әли.
Сосын Омарға «қонақты күтіп, жалпы жағдаймен таныстыра бергейсің» деген ол түрікті ертіп шығып кетті. Омар екеуіне арнап тамаққа тапсырыс беріп, енді әңгімеге кірісіп жатқанда күтпеген жағдай болды. Даяшы жігіттің есіктен шыққаны сол еді, үш-төрт жай киімді түрік, орысы аралас біреулер кіріп келіп бұл екеуіне қару кезеніп тұра қалды. Омар қаруын алмақ болды ма, қолын қимылдата бергенде әлгінің бірі оны қолының қарынан атып салды. Артынша екеуін де бассалып, қолдарына кісен салды.
Бұл әлгілер есіктен сау етіп кіргенде-ақ қапыда қалғандарын білген. Бірақ өзінде ешқандай қару жоқ, мұнда келгелі ештеңе бүлдірген емес. Бұл жерге «жерлес студенттерді бопсаламасын деген талаппен жолығуға келгем» деген уәжін айтса мүмкін көп ұстамаулары да мүмкін. Осындай оймен ол еш қарсылықсыз әлгілердің бұйрықтарын орындап, үнсіз сырттағы машинаға отырды. Мейрамхана алдында мұны қарсы алған екі жігіт те қолдары кісендеулі осында отыр екен. Түрік полициясының арнаулы көліктері дабылдатып зулай жөнелді.
Түрмеге әкелген соң бұларды бөлек-бөлек қамады. Ертеңіне оны бір бөлмеге әкеліп тергеуге кірісті. Тергеуші орыс, жанында түрік тергеуші де отыр. Олар бұдан Түркияға неге келгенін, не істеп жүргенін, чешендер тобымен қайдан байланысқанын сұрады.
Бұл жеке шаруамен келгенін, чешен тобымен ешқандай байланысы жоқтығын, олар өзін «әңгімеміз бар» деп сонда шақырғанын айтты. Тергеуші олармен не жайында әңгімелескенін сұрады. Әмір әңгімелеспек түгілі дұрыстап танысып үлгермегенін, полиция кіріп келіп ұстап алғанын, өзінің еш қарсылықсыз берілгенін, қарусыз екенін ескеруді өтінді. «Олардың шақырғанына табысы мол жұмыс табуыма жәрдемі тиер деп бардым. Маған ешқандай проблеманың қажеті жоқ, адал еңбегіммен күн көрсем жетеді. Ресейде күнкөріс қиын болып кеткендіктен Түркия, Грекия елдеріне жұмыс, табыс іздеп шұбырып жатқандардың бірімін» деді.
Елде не істегені, мамандығы қандай екендігі туралы сұрақтарға да жақаурата жауап беруге тырысуда. Ішінен «егер құжатымды тексеріп, түбін ақтарар болса құритыным анық» деп қояды. Башқұртстанда туып-өскен Шахман Гумеровтың атындағы құжаты болғанымен, ондай адамның тірі-өлісінен, тіпті мына өмірде бар-жоғынан да хабарсыз. Құжатын індетіп тексерсе шаруасы бітері рас.
Алғашқы екі күннен соң тергеушілер мұны мазалауды қойды. Бір апта бойы оны тергеуге шақырған жоқ. Бұл қатты қауіптенгеніндей олар Ресейге Шахман Гумеровтың туған, жүрген жеріне сұрау салып жатпаса неғылсын. Өзге қолға түскендерді тергеп жатқанын байқап жүр. Олардан жауап алғанда бұл туралы не айтып жатыр екен? Бұл туралы білетіндері шамалы болғандықтан олар не айта қойсын. Оның үстіне мұнымен тікелей байланыс жасап сөйлескені Омар ғана, ол талайды көрген тісқаққан екені көрініп тұр. Сондықтан «Табыс табуға, жұмыс іздеп келдім» деген жауабынан танбайды. Егер құжатының жалғандығы, өзінің Гумеров еместігі әшкереленіп қалса не істеуі керек?
Ой түбіне жете алмай жүргенде бір күні түн ішінде оны және бірнеше тұтқынды арнаулы машинаға отырғызып әуежайға жеткізді. Ұшу алаңындағы ұшақтың дәл жанына келіп тоқтаған көліктен түсіре сала траппен ішке кіргізіп, торлы бөлікке жайғастырды. Ұшақтың ішіндегілердің біразы ресейлік әскери киімділер, кейбірі жәй киімді.
Ұзақ ұшқан ұшақ таң қылаң бере бір қаланың сыртына келіп әскери аэдромға қонды. Тұтқындарды тағы да траппен жүгірте түсіріп, арнаулы автокөлікке тықты да қалаға қарай алып кетті. Әмір өздерінің Ресей жеріндегі бір қалаға әкелінгендерін байқады. Түрік түрмесінде соңғы күндері тергеуге шақырмағаны бұның Гумеров емес екенін білгендері, деп ойлады. Ендеше мұны Ресейге әкеліп, бәрін анықтап, соттамақ.
Жалған құжатпен жүргені үшін соттаса көп бере қоймас, ал чешен боевиктерімен, терроршыларымен байланысты деп соттаса, онда еркіндікке қайтып шығуы мұң болар. Бұл да тірі жан ғой, чешендермен шындығында еш байланысы жоқ, соны дәлелдеуге тырыспай ма. Дегенмен сол чешендерге жуысамын деп басына бәле тілеп алғаны анық. Ендігі көрмегені Ресей түрмесі еді. Елге оралсам деген арманы қанша жылға кейін ысырылып тасталғанын бір құдай біледі.
Көп ұзамай өздерін Краснодар қаласындағы уақытша тергеу изоляторына әкелгенін білді. Чешендерден бөлек қамалғанымен, солармен бірге ұсталғандықтан болар Әмірді уақытша түрменің қызметкерлері де, тергеушілер де барынша кемсітіп ұстауға тырысты. Ретін келтіріп бір-екі мәрте сабап та алды. Бұл бірақ мойымады. Тергеудегі сұрақтарының ауанынан өзіне тағар татымды айыптың жоқтығын сезді. Сондықтан өзінің бұрынғы жауаптарын қайталаудан танбады. Ол чешендермен Түркияға табыс іздеп барып, ресейлік жерлестер болғандықтан, әрі «табысы жақсы жұмыс тауып береміз» деген соң кездесіп, сол жерде қолға түскенін, Кавказда, Чешенстанда ешқашан болмағанын айтудан танбады.
Жарты айдан астам уақыт жауап алуға шақырып «Қанша террорлық акцияға қатыстың? Кімнің бандасында болдың? Дудаевшылар жағында тағы қанша башқұрт соғысып жүр?» деген сияқты сұрақтарға бұл үйреншікті жауаптарын қайталаумен болды. Кезекті бір тергеуге шақырғанда тергеушінің сөз саптасының күрт өзгергенін бұл бірден аңғарды. Ол «Дудаевшылар қатарында Орта Азиядан кімдер бар? Қазақстаннан қанша адам болдыңдар?» дегенге мазмұндас сұрақтар қойды. Сосын бұл дереу жауабын өзгертті. Сүзектен тұрғандай терісі сүйектеріне жабысып қалған, сидиған ұзын тергеушіге мүләйімси қарап алды да:
-Тергеуші мырза, мен Қазақстанда құжаттарымды жоғалтып алып, ақшаға Шахман Гумеров дегеннің атына төлқұжат сатып алғанмын. Бәр кінәм сол, ресейлік азаматтығы бар төлқұжат жасатып алғаным ғана, — деді ағынан жарылған, тергеуден әбден шаршаған сыңай танытып. Тергеуші айыпкердің шешіліп, өзі жауап бере бастағанына қуанып «ақыры тілін шештім бе, бәлемнің» дегендей масайраған қалпымен орындығының арқалығына шалқайып:
— Біріншіден, кезекті рет ескертемін, мен сен үшін «тергеуші мырза» емес «азамат тергеушімін». Ал, екіншіден, неге өзіңнің кім екеніңді бірден айтпай жасырдың? Бұл жазаңды ауырлата түсетін фактор, — деді. Сосын қағаз-қаламын ыңғайлап алды да сұрақтарды жаудырды.
— Шын аты-жөнің, қайда туылдың?
— Әмір Байбөрин, Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан облысынанмын.
— Қай елдің азаматысың?
— Қазақстан Республикасының.
— Ол жақтан қандай мақсатпен жалған құжатпен мұнда өттің?
— Ресей арқылы Түркия, Грекия елдеріне өтіп табыс табу үшін.
— Жалған құжатты кімге, не үшін жасаттың?
— Азамат тергеуші, өз құжаттарымды жоғалтып алған соң Көкшетауда біреулер ақшасын төлеп едім, осы құжатты жасап берді.
— Басқа адамның атына құжат жасатқаныңа қарағанда, артыңда шалаң бар болды ғой. Бұған дейін сотталдың ба? Не үшін?
— Ешқандай шала да, түтін де жоқ артымда. Бұрын қоғамдық орында төбелескенім үшін сотталғанмын, толық мерзімін отырып шыққанмын.
— Түрмеден шыққан соң қайда тұрдың, немен айналыстың?
— Базарда арбамен жүк тасыдым. Алматыда тұрдым.
Тергеуші барлық ынтасымен жауап беріп отырған айыпкерге таңырқай қарады. Айтып отырғандары негізінен қазақстандық милиция жіберген анықтамадағы фактілерге сәйкес келіп тұр. Алматыда қылмыстық топтарға қатысы жөнінде күдік болғанымен нақты дәйек, деректер милицияда да жоқ. Алдында монтансып отырған айыпкерге қарап отырған тергеуші «Жалған құжатпен жүргеніне қарағанда Алматыда әлдеқандай қылмыстарға қатысы болуы керек. Бірақ оның бәрін анықтап, дәлелдеп, мойындатудың маған қажеті қанша. Менің міндетім «терроршыларға қатысы бар немесе солармен жақындаса бастаған» деген күдік туғаны үшін ғана мына азиятты кемі үш жылға бас бостандығынан айырып, темір тордың арғы жағына тығу. Басқа қылмыстары болса түрмеден шығып еліне барған соң өз милициясы анықтап алсын». Осындай ойға келген тергеуші Әмірге тұңғыш мәрте күлімсірей ме, әлде аяушылық таныта ма, біраз қадала қарап отырды да, әлден уақытта камерасына апарып қамауды тапсырды. Есіктен кірген еңгезердей милиционер қақпақылдай түсіп камерасына ертіп кетті.
Бірнеше күннен кейін Краснодар қаласында Әмірге сот болып, үш жылға бас бостандығынан айырып, қатаң режимдегі колонияға жіберді. Оны бір топ сотталушыларымен бірге поезбен Самара қаласының маңындағы бір түрмеге алып келді. Ресей зонасы Қазақстанда өзі отырған түрмемен салыстырғанда әлдеқайда тәуір екен. Арнаулы киім береді, тамағы да көш ілгері.
Алғашқы күндері ешкім де мазалай қойған жоқ. Ол темір-бетон құймаларын жасайтын цехта жұмыс істеуге бөлінді. Бұл да айналасындағыларды бақылап, мұнда неге жаңадан келгендерді шақырып таныспайтындарына таң қалып жүріп жатты. Сотталушылардың дені орыстар екен, арасында аздаған кавказдықтар мен татарлар байқалады. Бригадирі елуді еңсеріп қалған татар кісі, сол ғана мұның ұлтын, не үшін сотталғанын сұрады. Сосын, татарша сөйлеп, қазақшамен ұқсастығын айтып, аздап сөзге тартты. Басқа ешкім әзірге бұған жақындай қойған жоқ. Әмірдің «мұнда тыныш сияқты ғой» дегеніне үндеген жоқ.
Ертеңіне таңертең бригадирі келіп «сені әнебір фраер шақырып тұр» деп былайырақта тұрған бір жас жігітті көрсетті. Бұл ұзындау бойлы, жіңішкелеу жас жігіттің жанына барды да неге шақырғанын сұрады. Ол «сені асханада «еркіндіктен» келген адам тосып отыр, жүр, мен сені ертіп барайын» деді де алдына түсіп алып жөнеп берді.
Ресей зонасында жатқан мұны еркіндіктен кім іздеп келуі мүмкін екенін түсінбей басы қатып келеді. Әлде алдап оңаша бір жерге ертіп апарып ортаға алып соқпақ па екен? деген де ой келді басына. Бірақ мұндайды көріп жүргені бірінші рет емес қой, бара білер, кім, не үшін шақырғанын. Жігіт түрме әкімшілігінің ғимаратымен жапсарлас салынған асханаға ертіп келді де, бүйір есіктен ішке кіргізді. Ұзын дәліздің орта тұсына жеткенде «мына есікке кір» деп өзі тоқтап қалды. Бұл нартәуекелмен есік тұтқасын ақырын ашты да ішке кіріп кетті.
Шағын бөлмеде бір кавказдық пен екі орыс отыр. Орыстың бірі таза киінген, жасы елулердегі адам, екіншісі отызды орталап қалған, бас терісі келіспеген, тоңмойындау кескінді түрме киіміндегі біреу. Ал кавказдықтың ұсқыны жиырмалардағы екенін аңғартады. Жасы үлкені есіктен кіріп кідіріп қалған бұған босағадағы арқалықсыз орындықты нұсқады. Бұл жайғасқан соң әлгі кісі төрдегі орнынан тұрып мұның жанына жақындап келді.
Одессалық Пиратты білуші ме едің? – деді ол күтпеген жерден, бұған қадала қарап тұрып. Қандай да сұраққа, әрекетке іштей сайланып отырғанымен мына сұрақтан абдырап, қапелімде не деп жауап беру керектігін білмей сасып қалды. Секундтың ондаған бөліктерінің ішінде оның басынан ондаған сұрақтар өтті. «Бұлар кімдер? Пиратты неге сұрады? Пираттың достары ма, әлде жаулары ма? Мүмкін жәй киімді менттер ме? Білемін десем бәлеге қалып жүрмеймін бе? Білмеймін десем ше?» Ол сасып қалғанын сыртына сездірмей ойын да, бойын да жиып алып:
Кіммен сөйлесіп тұрмын? – деп қарсы сұрақ қойды. Ана үшеуі де сұраққа сұрақпен жауап береді деп күтпесе керек, бір-біріне қарасты. Сосын жастау орыс:
Сен не, ең болмаса мені танымаймысың? Мен сенің барағыңның «қадағалаушысымын», — деді үнінен кейістік білініп. Әмір оны алғашқы күні-ақ сыртынан көрген, кірген бетте де шырамытқан. Бірақ «Кім біледі, ресейлік ментурадан неше түрлі сұрқиялықты күтуге болады. Олар «барақ басшысы» түгілі «законный ворыңның» орнына да өз адамын тығуы, яки өз агенттері етіп алуы мүмкін». Осылай ойлағанымен Әмір үндеген жоқ.
Ал, алдыңда тұрған, құрметті Саша Самарский, естуің бар ма, «законник». Ол «еркіндіктен» саған жолығуға бола арнайы келіп тұр, мұнда, — деп сөзін жалғаған «қадағалаушы» кавказдықты көрсетіп, — Дато көзірлі фраер, — деді.
Түрегеп тұрған жасы ересектеу, «законный вор» деп таныстырылған Саша Самарский Пираттың өзі телефон шалып, көмектесуімді өтінбегенде мына бір шотмаңдай азиятпен сөйлеспес те едім. Бірақ «бауырластардың», оның ішінде Пират сияқты атақты «бауырдың» өтінішін орындамаса болмайды, ол керек адам» деп ойлады да:
Сұрағыма жауап күтіп тұрмын, — деді жоғарыдан төмен сыздана қарап тұрған қалпы.
Білсек білерміз, не бопты сонда, — деді бұл әлі де іштей ширығып тұрса да, сырттай еркін, айылын жимай отырғандай қалып танытуға тырысып.
Сен Қара Әмір болсаң Пират сәлем жолдады, — деді Саша Самарский, беті бүлк етпей отырған азияттың соншалықты ұстамдылығына шыдамы таусыла ызаланып.
Сәлемет болсын, сәлем жолдаған болса, — деді бұл әлде де ашылып сөйлесуден сақтанып.
Ол сау-саламат, Одессасында сайрандап жүріп жатыр. Сенің оған қандай еңбегің сіңгенін білмеймін, бірақ менен саған қамқорлық жасауды қатты өтінді. Статьяңа қарағанда болмашы нәрсе үшін болмашы мерзімге отырыпсың, әйтсе де, Пираттың «сенімді адамым» дегеніне қарағанда «фраер» боларсың. Сонымен, проблема туа қалса корпусыңда мына Миронға жолық, ал одан да үлкен қиындық туса онда Датоға кел, екеуі де мені сыйлағандықтан саған барлық жағынан көмектеседі, — деді Самараның «законнигі» Саша.
Қамқорлығы үшін Пиратқа рахмет, сендердің жақсылықтарыңды жақсылықпен қайтарамын, — деді бұл нығыздалып отырып. Сосын, кенет орнынан атып тұрды да, алдымен қарсысындағы Саша Самарскийге қолын созды.
Мен «Черный Эмирмін», жәй ғана «Эмир» деуге де болады.
Самараның «законнигі» өзін тіпті еркін ұстап, іс-қимылымен өзін бұлармен тең, тіпті артық етіп көрсеткісі келіп тұрған мына жұмбақ азияттың бұл қылығына бұрынғысынан да таңдана тұрып қолын ұсынды. Қалған екеуі де орындарынан тұрып қолын алып танысты.
Баракқа келген соң Әмір терең ойда қалды. Бірақ, бұрынғы Кеңестер одағы бойынша таныстары көп Пираттың өзін қалай тауып алғанына таңданған жоқ. Дәу де болса Түркияда бұның чешендермен бірге ұсталғаны жөнінде сондағы украиндық қылмыстық топтардың бірінен естіген болар. Бірақ бұның түсінбейтіні оның самаралық Сашаға арнайы телефон шалып «қамқорлық жасаңдар» дегені. Сонда ол қарақшы шал бұны өзінің басыбайлы «боевигі» санағаны ма? Әлде жанын шүберекке түйіп алтынын бүкіл Ресей территориясымен алып өтіп, аман жеткізіп бергеніне ризалықтан зонада қиындық көрмесін дегені ме? Қалай болғанда да Пират шал Одессадағы алтынға болған шабуыл жөнінде толық білмейтіні байқалады. Алтын әкеле жатқан машиналарға «спецназшылар» шабуыл жасағанда, бұның машинадан түсіп, қоршаудан қашып шығып, жасырын Түркияға тайып тұрғаны жөнінде білмейтін болғаны. Бұнымен сонда машинада болған екі жігіт те қаза болғаны, әйтпесе, олардың бірі тірі қалған болса мұның машинадан түсіп жүгерілік арасымен қашып кеткенін айтар еді де, Пират онда Саша Самарскийге бұған «қамқорлық жаса» деп емес, «көзін жой» деп өтініш айтқан болар еді. Басқа машиналардағы жігіттерден де ешкім тірі қалмаған шығар, тірі қалған күнде олар бұны көретіндей жерде емес-тұғын. Сонымен, Пират мұны қашқын ретінде емес, қанды қырғыннан ретін тауып аман қала алған мықты ретінде есептейтін болғаны. Ол мұны түрмеден шыққан соң қайтадан өзінің жанына алғысы келгені. Бірақ алда үш жыл зонадағы өмірінде не боларын құдай білсін, сондықтан оған бару-бармау туралы ойлану әлі ерте.
Әмір қайткенмен де енді Пираттың көлеңкесі, оққағары болып жүре алмайды. Мұның өзі де осынша сергелдеңі мол болған жылдарының жемісін теріп жеу үшін үлкен қалалардың біріне тұрақтап, молшылықта өмір сүруге әрекет етеді. Қайдағы біреудің рахаты үшін тәуекел еткенше өзі үшін әрекет еткені пайдалы ғой. Бұған дейін жиған-тергенінің рахатын көрді ме, соларынан не қалды. Мына сым темірлі, жуан торлы түрмеден басқа ештеңе де қалған жоқ. Кесімді жазасын отырып шыққан соң Алматыдағы Бекті тауып алар, ол тіршілік етіп жатқан болса сонымен бірігер. Айнашы қайда жүр екен, ендігі тұрмысқа шығып та кеткен болар. Ол әдетінше «Маңдайыма жазғанын кезінде көрермін, пешенеме жазылғаннан артық бәрібір ештеңе болмасы анық» деді де, ой құшағынан шықты.
Ол Мирон мен Датоны, тағы бірнеше мықтыларды зерттеп алуы керек. Мирон жетінші мәрте түрмеге түскеніне қарамастан енді ғана Датоның қолдауымен «барақ қадағалаушысы» болған көрінеді. Оны жас фраер Дато да өзіне қолшоқпар ретінде ұстап, бір барақтың билігін беріп қойған сыңайлы. Бақылап қарағанда Датоның оны онша менсінбейтіні байқалады.
Ал ұлты грузин Дато небәрі он тоғыз жаста болса да, әрі бірінші мәрте түрмеге түскеніне қарамастан зонада әжептеуір беделі бары көрініп тұр. Ол барлық барақтардағы авторитеттермен де, тіпті түрменің кейбір қызметкерлерімен де еркін қарым-қатынаста. Білетіндердің айтуынша, оның туған ағасы және бірнеше туыс көкелері Тбилисиде ғана емес, Мәскеуде де айтулы беделділер екен. Солардың арқасында Дато да өзін «вор в законе» сияқты ұстайды. Сондықтан да, сотталғандар ғана емес, түрме қызметкерлерінің кейбіреулері де одан ығысып жүреді.
Дато бастаған бірнеше авторитеттер зонаға жаңадан келіп түскендерді бірнеше күн тиіспей алдымен олардың қайсысы өздерін қалай ұстайтындарын, қайсысының қандай статьямен түскендерін зерттеп алып, сотталу мерзімі көптерінен бастап алдарына шақырып танысатын көрінеді. Осы Датоның шығарған тәртібінің арқасында Әмірдің кезегі жеткенше Саша Самарский келіп Пираттың адамы ретінде шақырып алып танысып, мұны қамқорлыққа алуды тапсырып кетті. Әйтпесе, келген күннен өзіне мұндағылар сынақ жасамақ болғанда мына Дато, Мирондармен қан болып болып төбелесіп қалар ма еді, кім білсін.
Әмір Пираттың сәлемінің арқасында зонада еркін жүріп-тұруға мүмкіндік алғанымен, өзін түрмеге алғаш түскен күніндегідей томаға тұйық, бірқалыпты, елеусіз ұстауға тырысты. Мирон мұны өзінің маңайына тартқысы келгенімен бұл онша ықылас таныта қоймады. Өйткені, өзін ондай топас, ұрда-жық «смотрящийсымақтан» биікпін деп есептейді. Бұл араласса көкелері беделді Датомен жақындасуы мүмкін. Онымен жақын болса зонадағы жағдайы ғана емес, ертеңгі күні еркіндікке шыққанда да пайдасы тиюі ықтимал.
Осылайша жүргенде бір күні колонияға Тбилиси мен Мәскеуден қонақтар келді. Оларды зонаға Саша Самарский ертіп келді. Ол осы колонияға қаржылай, дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім, тағы басқа жақтарынан көмектесіп жүрген кәсіпкер саналады екен. Сондықтан да, түрме басшылығымен әмпей-жәмпей, сөзі өтеді. Жексенбі күні түрменің Қызыл бұрышында үлкен дастархан жасалынып келген қонақтар сонда кіргізілді. Сотталып жазасын өтеп жатқандар арасынан ішінде Қара Әмір мен Мирон бар, төрт адам да сол дастарханға шақырылды. Дато дастархан төрінен орын алды.
Ресми түрде бұл жиын сотталушы Дато Чучуладзеге туыстары сәлем-сауқатын алып кездесуге келген болып есептелді. Ал іс жүзінде самаралық Сашаны қосқанда алты «вор» арнайы жиналып, салтанатты жағдайда «честный арестант» Датоны «заңдағы вор» етіп «тәж кигізуге» арналған жиын болып шықты.
Ішіп-жемі мол дастарханды Датоның тбилисилік көкесі Вано басқарды. Ол өздерінің не үшін жиналғандарын қысқаша айтып өтті де, сөзді ең құрметті қонақтың бірі – Иванычқа берді. Қалың ақбурыл қастары түксиген алпыстардағы кербез сылқым, еңкіштеу келген мәскеулік «законник» көп сөйлеген жоқ.
— Қатарымызға тағы бір жас тарлан, біздің моральды ұстанып қана қоймай оны алға апаруды жалғастыратын бауырымыз қосылды. Қымбатты Вано айтқандай Тбилисиде, біз өзіміз Мәскеуде Датоны біздің арамызда болып, бұл атақты алып жүруге лайық деп шешіп келіп отырмыз. Жас тарлан Дато үшін, — деп стаканын көтерді. Барлығы да орындарынан тұрып алып қойды. Одан кейін сөйлегендер де Датоны мақтап, оның мықты істерін айтып дәріптеп жатыр. Сөйтіп, колонияның рухани тәрбиелеу орны саналатын қызыл бұрышында бір топ қылмыскер, онда да көпшілігі атақты «законниктер» салтанатты жағдайда жас қылмыскерді «вор в законе» етіп «тәж кигізіп», құттықтап жатты.
Ал Дато бірінші мәрте түрмеге түскеніне қоса, ол шындап келгенде «ворлар» дәстүрін жалғастырарлықтай ештеңе бітірмесе де, «ортақ қалтаға» мол етіп ұрлықы қаржы салғаны үшін «вор в законе» атағын алды.
Ресейлік қылмыскерлердің айтуына қарағанда «Вор в законе» деген сөздің өзі жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап қолданысқа түскен сөз. Біреулер оны қылмыскерді милиция тұтқындап жауап алғанда ол өзінің белгілі қылмысқа қатысы жоқтығын дәлелдеп «Мен заңды бұзған жоқпын» деген мағынада «Я в законе» дейтіндігінен шыққан дейді, екінші біреулер «ворлардың» өз дәстүр, заңдарын бұзды деген күдікпен бір топ «вор» әлгі күдіктіні ортаға алғанда егер ол «ворлар заңын» бұзбаған болса «Я в законе», яғни «мен ворлар заңын бұзған жоқпын» деген мағынада айтылған сөзден қалыптасқан, дейді. Қалай болғанда да бүгінде тек қылымыскерлер арасында ғана емес милиция мен былайғы жұрт арасында да «вор в законе» деген сөз қылмыс әлеміндегі иерархия өкілі – ең биік дәрежелі қылмыскер деген мағынада түсініледі. Олар ешқашан да үкіметке еңбек етпей, қоғамдағы заңдарды орындамай, мүмкіндігінше оларды орындаушыларға қарсы әрекет істейтін, яғни «ворлар кодексін ғана сақтайтын» қылмыскерлер тобы. Міне, қылмыс әлеміндегі ең биік дәрежеге бүгінде Дато сияқтылар көкелерінің қолдауымен жетуде.
Себебі, бұрынғы одақ көлемінде, қала берді Ресей аумағында, Мәскеуде грузиндік қылмыскерлер ең саны көп, әрі беделді топтарды басқарады. Сол жағдай Датоның өзін судағы балықтай сезінуіне жол ашып отыр. Бірақ бүгінде, «ворлар» сөз жүзінде қылмыс әлемінің кодексін сақтаймыз дегенімен іс жүзінде жағдайға байланысты әрекет етеді, яғни ыңғайы келгенде үкіметтің чиновниктерімен де ауыз жаласып, өз пайдасы үшін бір-бірлерін сатып та кете береді. Өйткені, олар бүгінде қылмыстық жолмен тапқан қаржыларымен үлкен бизнес жасап, ақшаның күшімен билік басына дейін көтерілуге әрекет етуде. Ал бизнесі мен билігін қорғау үшін олар арнайы әзірліктен өткен қарулы жасақтар да ұстайды. Міне, осындай ахуалды ұғынған соң Әмір ретін келтіріп Датомен бірге болуды, онымен жақын қатынас орнатуды мақсат етті.
Көп ұзамай-ақ ол өзінен әлдеқайда жас Датомен тіл табысты. Сөйтіп, оның жақындарының қатарынан өзіне орын тапты. Бірақ ол жақындасқанда оған жарамсақтанып, жағынуға мүлде тырысқан жоқ. Өзінің еркін де асқақ қалпын сақтай жүріп, қажет жерінде көзге түсе білді. Зонадағы өз араларында болып жатқан кейбір мәселелерде бұл елеусіз ғана өз пікірін айтып, ол пікірі көп жағдайда Датоның көңілінен шығып жүр. Ол бұның милы екенін аңғарғандықтан, өзі бұған жиі келіп, кейде адам жіберіп шақыртып кеңесіп, әңгімелесетін болды. Сырт көзге бұл Датоға емес, қайта ол бұған жол тауып жақындасқан сияқты көрінгендіктен «зектер» арасында Әмір туралы неше түрлі қауесет те тарап кетті.
Біреулер бұл азият неше түрлі ірі қылмыстар жасап солары ашылып қалмас үшін «жалған құжат жасады» деген кішігірім қылмыспен әдейі түрмеге аз мерзімге түсіпті десе, екіншілері «бұл халықаралық террористермен байланысы мықты «вор международник» көрінеді, оның Ресейде, шет елдерде жасаған қылмыстарын дәлелдей алмаған соң болмашы мерзімге осында қамаған көрінеді» деп соғады.Үшінші біреулері шындыққа аздап жақындап «Қазақстанда ірі «ерегесте» оншақты адамды о дүниеге аттандырып, жалған құжатпен Ресейге келіп түрмеге түсіпті» дейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмбақ азияттан бәрі сескенетін болды. Оның үстіне қандай мәселе болса да ең дұрыс ұсынысты сол айтатындықтан Дато да оған елпілдеп тұрады. Оны өзгелер түгілі топастау саналатын Мирон да аңғарды. Ол өзінің бірбеткейлігіне басып, әрі араларын ашайын деген мақсатпен бірде:
— Дато, сен немене «Черный Эмирдің» ақылымен өмір сүруге көшкенбісің?! Сәл нәрсе болса соған келетінің не? – деді Әмірді жек көретінін анық аңғартып.
— Ол сенің миың жететін нәрсе емес, сондықтан бұл мәселеге енді аузыңды ашушы болма, тұмсығыңды тықсаң қан жалап қаласың, — деп Дато бетін қайтарып тастады. Мирон жас грузин жігітін түтіп жегісі келіп тұрса да, оның артындағы күштен жасқанғандықтан үнсіз қалды.
Бұл екі жыл дегенде осы Датоға жақындап, соңғы екі ай көлемінде ғана соның көмегімен бір бараққа «басшы» болып еді. Енді оның жақын серіктерінің қатарынан орын аламын ба, деп жүргенде қайдан сап ете қалғаны белгісіз мына Қара Әмір деген азият араға келіп килікті. Өзі болмашы нәрсе үшін үш жылға ғана сотталған немеге сонау Одессадан «ворлар» қамқорлық жасауды сұрайды. Ал бұл болса жетінші рет түрмеге түсіп отыр, әрі бұл жолы менттердің тілімен айтқанда «ауыр жағдайларға соқтырған қарақшылық шабуыл үшін» сегіз жыл арқалап келді. Оның екі жылы ғана өтті, сондықтан қалған алты жылында бұл зонада жылы орында, жайлы өмір сүруге ұмтылуы қажет. Ал анау азият болса бүгін бар, ертең жоқ «пассажир», яғни байқаусызда болмашы қылмыс жасап түрмеге түсіп қалған біреу десе де болады. Жалпы ол азиятты ретін тауып өз орнына қою қажет. Бірақ Саша Самарский мен Датоға білдірмей істеуі керек. Бұл өзі оны тәубесіне келтіруге ашық кірісе алмайды. Бірақ колонияда құдайға шүкір, небір ешкіммен де санаспайтын, үкіметтің де, «ворлардың» да заңдарына пысқырмайтындар бар. Солардың бір-екеуімен жасырын жағдайда ақысын төлеп келісіп, тапсырыс жасаса, олар мына азиятты өлтірмесе де, мүгедек етуге жарайды.
Осындай ойға келген Мирон сондай мықты екі қылмыскерді Әмірге айдап салуға бекінді. Сөйтіп, сол ойын жүзеге асырудың жолдарын іздестіруге кірісті. Датоға да зонадағылардың Әмір туралы түрлі қауесет әңгімелері жеткенімен, ол оны елең қылмастан қатынасын жақсарта берді. Өйткені, тбилисилік Вано көкесі өткенде келгенде:
— Анау азиятың кім? – деген оңашалана бере. Бұл:
— «Қара Әмір» деген лақап атты фраер. Ол осы колонияға түсісімен одессалық «Разбойник» пе, «Пират» па, әйтеуір бір «вор в законе» шал Саша Самарскийге телефон шалып, осы жігітке қамқорлық жасауды өтінген. Соған қарағанда тегін адам болмаса керек, — деген. Көкесі оны естіген соң:
— Өзіңе тартып дұрыс істегенсің, Пиратты мен жақсы білемін. Ол қу шал «керек тастың ауырлығы жоқ» екенін жақсы біледі. Ендеше бұл азиятың шынында да тегін жігіт болмады. Сырт келбетінің өзі оңай шағылар жаңғақ емесін байқатып тұр ғой. Сондықтан өзіңе жақын ұста, түбі пайдасы тиеді. Ақырындап оның кім екенін де біл, — деп тапсырған.
Араласып, сыр тартқан сайын Әмірдің ерік-жігері мен қандай қиын жағдайда да байсалдылықпен жол тапқыш ақылдылығы бұған ұнай берді. Сый-сияпат жасап, өзіне тартқанымен азият та елпең ете қалмай, не тіпті жақындатпай, не құйрық кесісіп алыстап кетпей жүргені «алмақтың да салмағы барын» білгені. Датоның негізгі ойы осы жолы түрмеден шыққан соң Мәскеуге барып Гиви көкесінің қолдауымен сонда тұру болғандықтан, Әмірге Мәскеу, ондағы фраерлердің рахат өмірі жайында көбірек әңгімелейтін болған. Кейде бояуын қоюлатыңқырап, ағаларынан естіген, өзі шет жағасын ғана көрген Мәскеудегі тамаша өмір туралы соғыңқырап та жібереді.
Көкелерінің жас қылмыскерлерге айтатынына еліктеп Әмірге «сендей жігіттің сұлтанына мына фәниді жалпағынан басып өмір сүру керек, ал олай етуге менің ағаларым мен мен көмектесеміз, біз кавказдықтар досымыз үшін жан беруден тайынбаймыз. Еркіндікке шыққан соң қаласаң Мәскеудегі көкемнің бір мейрамханасын саған сыйлап та жіберемін» деп бөсетіні де бар Датоның. Оның көбігі көп сөзін Әмір түсінбейді емес, бірақ «айта берсін, егер Мәскеуге барғандай болсам оның ағаларын пайдалану қажет болып қалуы да мүмкін» дейді де үндемей тыңдайды.
Бұл кезде тоңмойын Мирон болса «Қайтсем бұл екеуінің арасын ашамын, қайтсем азияттың меселін басамын» деп әлекке түсуде еді. Оның маңайындағы жігіттердің бірі Датоға оңашада келіп Миронның Әмірге қастандық ойластырып жүргені жөнінде айтқан. Дато әлгі жігітті «ешкімге тісіңнен шығарма» деп қайтарған. Бірақ өзі Миронның азиятты кімдерге жазалатпақ болып жүргенін білгісі келген. Зонадағы өзі білетін басбұзарларды ойша тізбелеп шыққан. Колонияда белгілі бір ақыға келісіп, кімді болса да сойып салуға әзір бірнеше жігіт бар. Дато алдымен Миронды шақыртып алып азиятқа кімдерді салғанын, не үшін жазаламақ екенін сұрап білгісі келді де, артынша ол ойынан айныды. Әмірді істе байқап көргісі келді де, оны сыртынан бақылауға алды.
Миронның тапсырысымен Әмірді жазалау көп күттірген жоқ. Ол да өзін екі «зектің» сыртынан байқастап, аңдып жүргенін сезген. Бірақ сыр бермей жүре берді. Бір жолы мұның оңашалау жерде кетіп бара жатқанын көре сала әлгі екі аңдушының бірі бұған арт жағынан таяна берді. Дәл жанына жетті-ау дегенде кілт тоқтады да, жалт қарады. Дене тұрқы өзінен әлдеқайда ірі, бет-аузында бірнеше тыртығы бар, жасы өзімен шамалас біреу екен. Әмір оны бастан-аяқ шолып шықты да:
— Не керек? – деді тікесінен. Анау шыны ма, әлде әдейі ме, жасқанған қалып танытып:
— Мұжық, саған не болды? Неге өзің килігіп тұрсың? Өтіп бара жатқан адамда нең бар? Әлде қайғы іздеп жүрмісің? Ондайың болса айт, көмектесемін, — деді, сөзінің аяғын мысқылмен бітіріп. «Екіншісі де осы маңайда екен» деп ойлады Әмір ананың кекесінмен сөйлеп, өзін мазақ еткендей болып тұрғанына қарап.
— Неге соңымнан қалмайсыңдар? – дей берген бұған:
— Ей, мынау шизофреник қой өзі, көзіне әрдеңе елестейтін. Ғашық болып қалды деймісің, аулақ жүрмесең тісіңді санап беремін, — деген анау Әмірдің арт жағына көз қиығын салды да, соғуға ыңғайлана берді. Оның көзқарасынан артынан екіншісі келіп қалғанын сезген бұл сақтанып қырындай берем дегенде алдындағы құлаштап тұрып періп қалды. Артына алаңдаймын деп оның соққысынан жалтарып үлгере алмай шықшытына жуан жұдырық сарт ете қалды. Ол шалқалақтап барып екі қолын жерге тірей құйрығымен отырып қалды. Анау ұмтыла бір тепті. Оның тепкен аяғынан ұстай алып екі қолдай бұрап сілкіп жібергенде, ол денесінің тепе-теңдігін жоғалтып шалқалай құлады. Орнынан тұрып үлгерген бұл арт жағында ешкім жоғын байқады. Әлгінің мұны артына алаңдату үшін жасаған қулығы екен. Бұл атылып барып оны тұрғызбай бассалап үстіне қонжиды да, екі қолымен бетінен, басынан төмпештей берді. Бір мезет ол мұның сілтеген қолын ұстай алып, екі қолымен қайыра бастады. Бұл қолын ауырсына аударылып түсті. Сол аударылып құлап бара жатқан кезде бұрыштан шыға берген екіншісін байқап үлгерді.
Біріншісі бұл кезде мұның үстіне аударылып мініп алып, қос қолымен алқымынан қылқындыра бастаған еді. Бұл жанталаса бұлқынып, бір қолымен ананың саусақтарын алқымынан ажыратуға әрекет етіп, екінші қолымен бетінен соғуға әрекеттенуде. Сосын жандәрмен жанталасып жатып оның бір қолының бас бармағын уысына түсірді де, бар күшімен жұлқи бұрап жіберді. Үстіндегі ышқына айқайлап аударылып жанына құлады. Сол кезде қолында жуан таяғы бар екіншісі бұған төне берді.
Бұл жанталаса тырбанып шегіншектей барып орнынан тұрып кетті. Қолындағы таяғын ыңғайлай ұстаған екінші «зек» оңтайлы сәтте мұны ұрып қалды. Бұл бұлтың етіп бұғып қалды да, оны құшақтай алып жамбасқа салып жерге алып ұрды. Сөйтіп екі көздің ортасынан қадай жұдырықпен соқты. Сөйткенше арт жағынан сол қолында білік темір таяғы бар алдыңғы «зек» ұмтыла келіп мұны салып өтті. Бұл да ышқына қашқақтай бергенімен оның соққысы жамбасына жанай тиіп, қиралаңдап барып құлап түсті. Тырбанып орнынан жандәрмен тұра беріп жан-жақтарынан жүгіріп келіп, әлгі екі «зекті» қоршалай ұстаған түрме қызметкерлерін байқады. Солардың арасында жүрген Дато бұған жақындап келіп, жамбасын ауырсына орнынан тұра берген Әмірді сүйемелдей берді.
Қымбаттым, не болып қалды? Маған айтпай неге жалғыз шыққансың? Майып етіп тастаған жоқ па, әлгі оңбағандар? – деп ол қамқорсып жатыр. Таянып келген екі түрме қызметкеріне Дато:
Азамат бастық, мына жігіттің жамбасына зақым келген сияқты. Дереу санитарлық бөлімге апару қажет, — деді бұйрық райсыз, жай кеңес берген дауыспен. Офицер:
Мынаны санбөлімге апарып, дәрігерге көрсетіңдер, — деді жанындағысына. Олар сүйемелдеп санитарлық бөлімге қарай ертіп кетті.
Ертеңіне дәрігерлер Әмірдің жамбас сүйегінің басы шытынаған, деген қорытынды жасап, мұны төсектік режимге жатқызып қойды. «Төбелестің соңына қарай жасауылдармен бірге жетіп келгеніне қарағанда Дато төбелес туралы алдын ала білген сияқты. Мүмкін соның өзі шығар әлгі екеуін мұны сабауға жіберіп жүрген. Бірақ, оның мұны сабататындай не себеп бар? Бұл оған қарсы шыққан емес, екеуі бір-бірін дос санайды. Әлде Дато зонада бұл туралы неше түрлі әңгімелер айтылып, беделі асып бара жатқан соң, орнына қояйын деп жасады ма екен? Қалай дегенмен де оның төбелестің үстінен шығуы тегін емес, хабардар болғаны анық».
Осындай ойға келген Әмір бұл төбелеске Датоның қатысы барлығына шүбә келтірмеді. Сосын, әшейінде жарқылдап жүргенімен зонада табылған достардың осылай сыртыңнан сатып кетеріне, кез-келген сәтте жауыңа айнала саларына көзі жете түсті. Ол бәр пәленің Мироннан келгенін мүлде сезбеді.
Лазаретке түскеніне бір жұмадан асқанда колонияда абыр-сабыр басталды. Жоғарғы жақтың бұйрығымен бір-ақ күнде колония басшылығы түгелдей қызметтерінен алынды. Олардың орнына жаңа басшылар мен жауапты қызметкерлер тағайындалды. Бір колонияның басшылығын түгелдей бір күнде орнынан алып тастап, жаңадан басқаларды тағайындау өте сирек, ерекше жағдайда ғана кездесетін нәрсе. Яғни жоғарыда отырғандар бұл колонияда ерекше оқиға орын алған деп есептегені. Сонда ол қандай оқиға болды екен? Мұның төбелесі туралы айтудың өзі артық. Мұндай кішігірім шекісу сотталушылар арасында жиі болып тұрады. Егер сондай төбелестен адам өлсе ғана ол төтенше оқиға болар еді. Ендеше түрме басшылығын неге түгел орнынан алып тастады?
Түрменің жаңа басшылығы қатаң тәртіп орнатуға бірінші күннен кірісті. Сотталушыларды барақтар мен корпустарда, асхана мен жұмыс орындарында тырп еткізбей қатаң бақылауда ұстап, сәл кінәраты үшін карцерге тыға бастады. Сырттан хабар, сәлем-сауқат алдыру уақытша мүлде тоқтатылды. Ол уақытшаның қашанға дейін созыларын құдай білсін. Санитарлық бөлімдегі ауруларды қайтадан тексеріп, көпшілігін өтірік ауырған, ауруы жеңіл болса да лазаретке жатып алған, деп есептеп, біразын барақтарына шығарып, жұмысқа қуды.
Түрмедегі қалыптасқан тәртіптің астаң-кестеңін шығарып, жаңа тәртіп – заңды тәртіп орнатуға ең бірінші себепші болған нәрсе өткендегі Датоның «заңдағы вор» болып «тәж киюіне» қатысты жиынның түрме ішінде өткізілуі еді. Ол туралы қайдан білгені белгісіз, мәскеулік бір газетте «Түрме қызыл бұрышындағы тәж кигізу» деп айқайлатып тақырып қойып «Самарадағы қатаң режимдегі колонияда бір қылмыскер – жазасын өтеушіні бір топ «заңдағы ворлар» жиналып түрменің Қызыл бұрышында «заңдағы вор» етіп «тәж кигізген» деген мазмұнда мақала жарияланыпты. Бүкіл елге тараған мұндай хабарды біле сала Ресей ішкі істер министрі бірден іске кірісіп, түрме басшылығын түгелдей ауыстырған.
Түрменің жаңа басшылығы да, жасауылдары да жазасын өтеушілерге тіпті қатаң қарады. Қит еткенді карцерге тығады. Жұмыста сәл демалуға рұқсат бермейді. Бұл жағдай түрменің бұрынғы басшылығымен ауыз жаласып, әбден еркінсіп алған, колония тәртібін ысырып қойып, өз тәртібін орнатып алған Дато сияқты сылқым-серкелерге соққы болып тиді. Олар қатардағы жазасын өтеушілермен бірдей жағдайда болуға өздерінше арланады. Бірақ, тәртіпке бағынбайын десе бірден карцерге апарып тығады. Дато өзінің «заңды вор» деген атағын ақтағысы келгендей жаңа тәртіпке бағынбай ақыры карцерден бір-ақ шықты.
Жаңа басшылық лазаретте жатқандардың арасында қозғалып, жүріп-тұруға шамасы келетіндерді де тыныш қоймай, күні бойы түрлі майда-шүйде жұмыстарға жегіп, ығыр етті. Түрменің жаңа басшысы сотталушыларды сапқа тізіп қойып «Сендер қылмыс жасап түрмеде жатқанда елде үлкен өзгеріс болды, нарықтық жағдайға көштік. Енді бұрынғыдай арамтамақтыққа жол жоқ. Бәрің де соңғы демдерің біткенше тырбанып, жұмыс істеп жүріп өлетіндей жағдай жасаймын. Оған көнбегендеріңе асылып өлетін арқандарың дайын» деп құтырынып, есірді.
Мұндай шектен шыққан қаталдық, өздерін құлша ұстаған тәртіп, орынсыз қатыгездік сотталушылардың наразылығын тудырды. Тіпті аз ғана мерзіммен сотталып, ештеңеге араласпай, өзімен өзі жүргендердің өзіне бұндай тәртіп ұнамай, наразылықтарын ашық аңғарта бастады. Лазареттен шығып келген күні-ақ Әмір барақтардағылардың мұндай көңіл-күйін бірден аңғарды. Датоға жолығып не істемек ойы барын сұрады. Мұның сөзінен кейін ол барақтардағы беделді деген бірнеше адамды жасырын жиып ақылдасты, бірақ, ешқайсысы нақты ұсыныс айта алмады.
Жиналғандар «жаппай аштық жариялау, не жаппай түрмеден қашуды ұйымдастыруды» ұсынды. Дато соның бірін таңдап дайындыққа кірісу керек, дегенге тоқтады. Әмір өзін танытар сәт туғанын ұқты. Ол мыңнан астам адамдық түрмеде бүкіл елді елең еткізердей жаппай наразылық ұйымдастыру керектігін түсінді. Лазаретте жатқанда-ақ түрменің жаңа басшылығын өздерімен санасуға мәжбүр ететін бірнеше жолды ойластырып қойған. Бірақ мына жиында елпең етіп ойын бірден жайып салмай, үнсіз өзгелерді тыңдап қана отыр. Алды бірнеше реттен сотталған, арты күні кеше ғана «вор» деген мәртебе иеленген мына бір топ қылмыскердің көпшілігі негізінен қолмен, қарумен ғана жұмыс жасайтын, басын, миын жұмысқа дұрыстап жеге білмейтін, ұрдажықтар екені көрініп тұр. Бәрі айтарын айтып болды-ау дегенде бұл сөз алды.
Біріншіден, аштық жариялағанымызбен оны сырттағы ел білмесе, онымыздан не пайда, әрі бас еркінен айрылып жазасын өтеп жатқан жерлерде аштық жариялау заңнан тыс нәрсе, екіншіден, түрмеден жаппай қашуға аз мерзімге сотталғандар қосылмайды, әрі бір мезгілде көп адамның бірден қашып шығуы да қиын, тіпті қашып шыққанның өзінде жұрт онымызды түрме басшылығына қарсы акция ретінде қабылдамайды. Ал біз түрме басшылығы бізбен амалсыз санасуға мәжбүр болатындай, әрі әрекетімізді бүкіл ел білетіндей ірі акция жасауымыз қажет, — деп келе жатқанда Дато шыдамсыздана сөзін бөліп жіберді.
Сонда не шара істейміз? Сен не ұсынасың?
Менің ұсынысым түрмеде кемі жүз адам бір мезгілде жапондарша харакири жасауы қажет, — деді бұл. Мирон оның ақылгөйсігенін басынан жақтырмай отыр еді.
Сен не, жүз адам түгілі бір адам да біреу үшін қарнын жарып, өзін өлімге қимайды. Бұл сандырақ ұсыныс, одан түрме жасауылдарының бірнешеуін кепілдікке ұстап алып талаптар қойған дұрыс, — деп өз ұсынысын айтты. Бұл оған кекесінмен күле қарап:
Мен ешкім де өзін-өзі өлтірсін, деп тұрған жоқпын. Жүз адам бір мезгілде өз қарындарын тіліп, денесіне елеулі жарақат салуы керек. Біздің лазаретке сонша адам сыймайтыны белгілі, сондықтан түрме басшылығы жарақаттанғандардың бір бөлігін амал жоқ Самараға апарып ауруханаларға орналастыруға мәжбүр болады. Ал мына тордың сыртына шыққаннан кейін біздің акциямызды бүкіл ел сол күні-ақ естіп біледі. Журналистер біз өтінбей-ақ сенсация үшін көпіртіп тұрып газет, теледидар арқылы әлемге жайып жібереді. Сосын, акцияның себебін тексеруге комиссия келері сөзсіз, — деп ойын түсіндірді.
Қылмыскерлер арасында бұрын қолданылмаған мұндай әдісті өзгелер қолдар-қолдамасын білмей дағдарып қалды. Бір кезде Дато:
Қара Әмір, мынауың нағыз табылған ақыл, бұл акциямызды естісімен еркіндіктегі «бауырластар» үкіметтегі, парламенттегі байланыстары арқылы түрме басшылығын орнынан тайдыруға әрекет жасары анық. Ендеше өте құпия түрде сенімді жүз адам акцияға әзірлікке кірісеміз, — деді риза болып.
Акцияға осында отырғандар тікелей қатыспауымыз керек. Өйткені, түрме басшылығы «олар түгелдей қауіпті рецидивистер» деп акциямыздың маңызын төмендетіп тастайды. Денесіне жарақат салушылардың көпшілігі аз мерзімге алғаш сотталғандардан болса, жоғары жақ көңіл бөлері анық. Қарнын тілудің небәрі соқыршегін алғандай ғана нәрсе боларын бәріне түсіндіру керек, — деді бұл. Осы мәмілемен өзгелер тараған соң:
Дато, сен бұл істе көзге түспеуге тиіссің, Мирон сияқтылар атқарсын барлық жұмысты. Себебі, акцияны ушықтырмау үшін түрме басшылығы сотталушыларға сөзі өтетін адаммен мәмілеге келуге тырысады. Сол кезде олар саған өздері келеді. Сондықтан біз әзірге тасада қала тұрғанымыз жөн, — деген оған риза болған грузин:
Вано ағай адам таниды ғой, өткенде сені бір көргенде-ақ «бұл жігіт тегін адам емес, сонымен бауырлас» деп еді маған, айтқаны дәл келді. Ал Мирон сияқтылар баспен емес шартты рефлекспен ғана әрекет ететіндер. Айтпақшы, қымбаттым, өткенде саған екі басбұзарды айдап салған да сол, қаласаң жазасын берейін, — деді қуаныш үстінде сырын ашып. Бұл қазіргідей жауапты кезеңде басқа нәрсеге алаңдаудың қажетсіздігін айтты.
Қатаң құпиялылық жағдайда акцияға әзірлік басталды. Ең сенімді адамдар арқылы сотталғандармен жеке-жеке әңгіме өткізіліп, түрме әкімшілігінің адам төзгісіз тәртібіне қарсы жаппай қарсылық ретінде барлығы да бір күнде денелеріне жарақат салу қажеттігі түсіндіріліп, оған келіскендерге арнаулы кесу құралдары жасырын әзірленді. Аз күнде оған қатысуға келіскендердің саны жүз елуден асып түсті. Олардың көпшілігі «масырщиктер», яғни лазаретке түсу үшін бұрын да неше түрлі қулықтарға барып, денесіне өміріне қауіпті емес жарақаттар салып жүрген, өтіріктен неше түрлі ауруларды қоздыратын нәрселерді пайдаланып, ауырған болып лазаретте демалып жүргендер еді. Олардың арасына бірінші рет түскен, бірақ «авторитеттердің» айтқанына айрандай ұитын жастар да тартылды. Акцияға қатысатындардың барлығына да түрме басшылығына, жоғарыдан келе қалса комиссияға, журналистерге айтылар сөздер, акцияның не үшін жасалған мақсаты мен қойылар талаптар жақсылап ұғындырылды.
Келісілген күні таңертең жүз елуден астам адам төсектерінен тұрмай қалды. Олар қолдан жасалынған кесетін құралдарымен өздерінің іштерін ұзыннан-ұзын етіп тіліп тастаған еді. Бірнеше тәжірибесіздер қарындарын тереңірек тіліп жібергендіктен төсектерінде шектері шұбатылып жатыр. Жұмысқа тұрғызуға келген түрме қызметкерлері өз іштерін жарып тастап жайрап жатқан сотталушыларды көргенде көздері шарасынан шыға түрме басшысының кеңсесіне қарай тұра жүгірісті.
Түрме бойынша дабыл қағылды. Барлық сотталғандар сапқа тізіліп түгелденгенде жүз қырықтай адамның төсегінде жайрап жатқаны белгілі болды. Бұл құлақ естіп, көз көрмеген шарадан түрме басшысының да зәресі қалмады. Дегенмен ол сотталғандардың алдында біраз айқайға басып, «төсектерінде жатқандарды түгел карцерге тығамын, мерзім қосамын, түрмеде шірітемін» деп қоқан-лоққы жасады. Бірақ онысынан ештеңе шықпайтынын өзі де біліп тұр еді. Сосын лазареттегі төсектерге тағы төсек қосып сыйғызуға тырысқанымен қан кетіп жарақаттанып жатқандар сия қоймады. Амал жоқ қаладағы құқық қорғау орындарына шығып, солармен ақылдаса келіп отызшақты сотталушыны қала ауруханаларының біріне, онда да жүйке ауруларымен ауырғандардың ауруханасының бірнеше бөлмесіне апарып, жасырын орналастыруға кірісті. Жергілікті милиция мен түрменің ішкі әскер жауынгерлері ол аурухананы күшті күзетке алды.
Түрме басшысы мен жергілікті ФСБ өкілі сотталғандардың арасындағы беделділердің бірнешеуін кезекпен шақырып алып біраз қысымға алды. Олар «Егер мына бассыздықты дереу тоқтатып, «түрменің ауыр жағдайына қарсы жасалған акция» дегендеріңді қоймасаңдар, өмірлерің тамұққа айналады, бүгінгі күндеріңе зар болып қаласыңдар» деп қорқытып та көрді. Одан ештеңе шықпаған соң бір-екеуіне «акцияны тоқтатсаңдар жазаларыңның мерзімін қысқартамыз, жеңілдік жасаймыз» деп те көрді. Бірақ оған көнгендер болмады. Өйткені, құқық қорғаушылармен келісімге барғандарды басқалары аямайтын еді. Датоны біраз қысып, барлығы да сенің кесіріңнен болды, саған осында «тәж кигізбегенде» ештеңе де болмас еді, сондықтан мына әрекетті сен тоқтатасың, болмаса жазаңның үстіне тағы бірнеше жыл қосамыз» деп қорқытпақ болды. Дегенмен, Дато да, басқа тісқаққан «зектер» де олардың қармағына ілінген жоқ.
Түрме басшылығы қаншалықты құпия ұстағысы келгенімен «Самара түрмесінде жүзден астам сотталушы «харакири» жасаған. Оған түрме әкімшілігінің адам құқығын аяққа таптап, тұтқындарға төзгісіз қатыгездік жасауы себеп болған» деген мазмұндағы хабар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарап кетті. Самарадағы ауруханада жасырын жатқызылған жаралы сотталушылардың бір-екеуіне тележурналистер жол тауып жолығып, олардың сұхбатын жариялап, қарындарындағы тіліктеріне шейін теледидардан көрсетті.
Бүкіл ел аумағына, шетелдерге де тарап кеткен бұл хабарға ресейлік көптеген түрмелер де үн қосып «Бұл жағдайды дереу ең биік деңгейде тексеріп, түрмелердегі жағдай жақсартылмаса біз де өзімізге қол жұмсап акцияға қосыламыз» деп мәлімдеп жатты.
Дато бастаған акцияны ұйымдастырушыларға басқа түрмелерден көптеген жасырын «малявалар»-хаттар келе бастады. Ол түрмелер арасындағы жасырын хаттарда бұлардың ерлігі мадақталып, қолдау білдіріліп, зоналардың қайсысында да болсын, тіпті еркіндікте де бұларға құрмет көрсететіні айтылды.
Қылмыс әлемінің бостандықтағы ірі өкілдері де жоғарғы жақтағы өз байланыстары арқылы, парламенттегі, өнер, спорт, басқа салалардағы тамыр-таныстары арқылы бұл акцияға байланысты президентке дейін хабар жетуін, және оған ерекше назар аударылуын қамтамасыз етуге, тіпті түрмеге байланысты реформалар қолға алынуына әсер етуге күш салды.
Олар бір-бірімен хабарласып, бүкіл елді дүрліктірген бұл акцияны ұйымдастырушылар кімдер екенін өз каналдары арқылы құпия түрде анықтады. Самара түрмесінде құқық қорғаушылар акцияны ұйымдастырушылардың кімдер екенін анықтай алмай сарсаңға түсіп жатқанда, еркіндіктегі қылмыс әлемінің мықтылары оны ұйымдастырушылардың Әмір, Дато, тағы басқа бес-алты адам екенін бірнеше күн өтпей-ақ нақты біліп отырды. Олар ұйымдастырушылардың арасында Әмірден басқасын әр аймақтағы адамдары арқылы білгенімен, Қара Әмір дегеннің ешқандай аймақтағы қылмыскерлер топтарына белгісіз біреу екеніне таң қалды. Оның үстіне акцияны ұйымдастыруда негізгі идея да соныкі екені анықталғанда, тіпті қайран болысты.
Түрлі деңгейлерде құрылған комиссиялар тек бұлардың түрмесіндегі жағдайды емес, басқа колониялар мен уақытша тергеу орындарындағы түрмелердің де жағдайларын жаппай тексере бастады. Бұлардың колониясының басшылары бұрынғы қоқан-лоққысын ұмытып, беделді деген арестанттар арқылы түрлі уәделер беріп акцияны тоқтатуды, «талабымыз орындалды, енді жағдайымыз жақсы» деп мәлімдеуді өтініп, қайтадан келіссөздер жүргізуге кірісті.
Сол жерде Дато тағы да әбестік жасап алды. Онымен түрме басшысымен бір «фэсбэшник» әңгімелескен болатын. Олар әр жағынан айналдырып келіп ақыры сөздің бір ретінде, «зонаның ішіндегі тәртіпті қалпына келтіріп, бәрін өздерің реттеп отыра алсаңдар, сендерге біраз жеңілдік берейік. Өзіңе қоса тағы кімдерге сондай жеңілдіктер сұрайсың?» деп қитұрқы сұрақты қыстырып жіберген-ді.
Тәжірибесіз Дато түрме басшысы ғана емес, ФСБ өкілі де жеңілгендерін мойындап, өзінің алдында жалынышты болып отыр, деп есептеп акцияны ұйымдастыруға қатысқандар мен өзінің маңайындағы бірнеше беделділердің атын атады. Олардың арасында әрине Қара Әмір де бар еді. Осылайша жігіттерге жақсылық жасаймын деп ойлаған Дато оларды құлақтан тізіп бергенін білмей де қалды. Оның айтқандары жасырын таспаға жазылып алынған еді. Артынан соны тыңдап отырғанда «фэсбэшниктер» аты аталғандардың ішінен небәрі үш жылға сотталған, онда да кавказдық террористерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қатаң режимдегі колонияға жіберілген Әмір Байбөриннің «Қара Әмір» деген лақап атын естіп таң қалды. Бірақ олар бұл акцияны ұйымдастыруда оның рөлі үлкен деп есептемеді, тек мықты дене тұрқына, таяуда ғана екі еңгезердей «зекпен» жалғыз төбелескеніне қарап Датоның маңайындағы сенімді қолшоқпарларының бірі ғана болар деп ойлады. Ал басқа аты аталған, бірнеше реттен сотталған, рецидивист қылмыскерлер саналатын, акция ұйымдастыруға қатысы бар деп табылған, әрі жеңілдік берілсін деп Дато атын атағандардың барлығын да тез арада этаппен түрлі аймақтардағы басқа түрмелерге бөліп-бөліп жіберді. Дато да солардың арасында Иркутскі колониясына айдалды, Әмір осында қалдырылды. Бірақ олары кеш еді, көп ұзамай түрме басшылығы қайтадан ауыстырылды.
Түрменің жаңадан болған басшылары сотталғандарға қатал болған жоқ, бірақ бетімен де жібермеді. Түрме тіршілігі бірқалыпты арнасына түскендей болды. Жаңадан әкелінген адамдармен бұлардың барактары қайтадан толықтырылды.
Зонадағы сұрқай тірлік пен бір-бірінен айнымайтын күндер мен айлар сырғып өтіп жатты. Әмір жағдайы жақсы болғанымен бостандықты аңсап, күндерін өткізе алмай қиналды. Сөйтіп жүргенде бұларға жаңадан тағы бір топ сотталушыны алып келді. Олардың арасында мәскеулік бір «законник» те бар екен. Лақап аты Джин деген ол көп сөйлемейтін, айналасындағыларға да араласа бермейтін тұйық еді. Жасы алпыстарға келіп қалғандықтан белсенділікті қойған болар деп есептегендіктен ешкім оның оқшауланғанына таңдана қойған жоқ. Әмір де көбінесе колонияда болып жататын майда-шүйде тірлікке араласа бермейтіндіктен екеуі жиі бірге болады. Ондай сәттерде Джин әңгімешіл болып кетеді. Біртіндеп ол өзінің өмірі жайында сыр шертті.
Джин Чита қаласынан шыққан бұрынғы футболшы екен. Елуінші жылдардың аяғында Мәскеудің ЦСКА командасының құрамына шақырылады. Дмитрий Басин жартылай қорғаушы болғанымен жиі гол соғып жанкүйерлердің де, жаттықтырушылардың да сүйіктісіне айналады. Жоғарғы топтағы мықты футболшылардың бірі ретінде екі-үш мәрте КСРО құрама командасының сапына да шақырылып, бірнеше ойын да ойнайды. Атақты қақпашы Лев Яшинмен бірге бір ойынға қатысады. Міне, осылайша атақ-абыройға шомылып, футбол жанкүйерлерінің сүйіктісіне айналған ол көп ұзамай мәскеулік бір аруға үйленеді. Бірақ футбол ойнап жүріп бір мамандық алмағандықтан футболмен қоштасқан соң далада қалғандай болады.
Одан соң әйелінің жалақысына кіріптар болып өмір сүруіне тура келеді. Ол жағдай жанын күйзелткендіктен біртіндеп ащы суға үйреніп, келе-келе араққұмарлар қатарына қосылғанын білмей де қалады. Ішімдікке салынып кеткен күйеуінен әйелі ажырасып, жалғыз қызын алып бөлек кетеді. Бұл одан сайын еңсесін түсірген Дмитрий бірде сыраханада ішіп алып жанжалдасып, қапелімде өзімен төбелескен біреуді жазатайым өлтіріп алады да, тоғыз жылға сотталып кете барады.
Түрмеге келген бетте өмірден әбден түңілген ол сондағы авторитетсымақтарды да топырлатып сабап, айналасындағыларды қасқыр тигендей топалаңын шығарады. Содан зонадағылар бұрынғы атақты футболшыға Джин деген лақап ат қойып алады. Ол сондағы мәскеулік Сыч деген «вормен» танысады. Ол футбол жанкүйері болғандықтан мұны сырттай біледі екен, қасына алып жақсы жағдай жасайды. Онымен бірге отырған жылдарында Дмитрий қылмыс әлемі жайында көптеген әңгімелер естіп, қоғамда көзге көрініп тұрғаннан басқа, жасырын тағы да бір әлемнің барын біледі.
Жазасын өтеп шыққаннан соң Сычтың шақыруымен Мәскеуге оралып, талай ірі төбелес, мәселе шешулерге қатысады. Көп ұзамай Мәскеудің «Астория» атты үлкен мейрамханасында бұны «ворлыққа» қабылдайды. Бірақ Сыч қайтыс болған соң бұл мейлінше тыныш, елеусіздеу өмір сүруге тырысады.
Тоқсаныншы жылдардың басында пайда болған ондаған жаңа топтар қылмыс әлемінің ойран-ботқасын шығарып, Мәскеудегі ықпал ету аймақтарын қайта бөліске салуға кіріскенде кезде адамы аз, өзге топтармен тығыз байланысы үзілген Джинға қиын тиді. Біртіндеп ол өзіне қарасты территориядағы қонақ үй, дүкендер, мейрамханалардан айрыла бастады. Жағдай қиындап бара жатқан соң ол өзінің оң қолы саналатын люберцылық Шишкар дегенді жерлестерінің күшейіп келе жатқан тобына жіберіп бірігуді ұсынған. Олар бірігуін біріккенімен көп өтпей мұның қарсыласын да, Джиннің өзін де жойып жіберді. Яғни біртіндеп мұны барлық иелігінен айырып, мұнымен өштескен қарсы топты да жойып, олардың иелігіндегінің де барлығын өздері иеленіп кетті. Осылайша, бірер жылда Джин бүкіл иелігінен айырылып, сүмпиіп қалғанына қоса, милицияға қарулы қарсылық көрсетіп, біреуін өлтірген қылмыскер есебінде сотталып кете барған.
Әмірге бұлай сырын ақтаруының бір себебі, ол өзінің осындағы түрме қызметкерлері арасындағы қазақ жасауыл арқылы жасырын арақ алдырып Джинге құйып беретін. Оның үстіне барлық жиғанынан айырылып қалғаны мен денсаулығының нашарлап бара жатқанына күйзелістен де шер тарқатқысы келетін-ді.
Әмір Мәскеудегі қылмыстық топтар жайында Джиннің айтқандарынан көптеген мәліметтерді ойына түйді. Ол «бұрынғы «ворлар» мен қазіргі «ворсымақтарды» салыстыруға болмайды, олардың арасы жер мен көктей, бүгінгілерде «рыцарлық серілік» жоқ. Олар қасқырлық дәстүрді аяққа таптап, азғындап, бүгінде шибөрілерге айналған. Өлексеге жабылғандай кәрілеу, әлсіздеу біреуін бәрі жабылып аямай жоқ қылатыны да сондықтан» дейтін кейде қызыңқырап қалғанда.
Бірде ол арақтың буына қызыңқырап отырды ма, әйтеуір, бұған дейін жан баласына айтпаған сырын жайып салып, бандалық топтар арасындағы қайта бөлісте жасырып қалған жалғыз меншігі – ет өңдеу цехы барын айтты. Ол цехты жекешелендіргенде бұл оның акциясының елу пайызын өзі меншіктенген екен. Жиырма пайызын қалалық мәрияда жұмыс істейтін танысына жекешелендіруге көмектескені үшін беріпті де, қалғанын сонда еңбек ететіндерге және цехтың бастығына беріпті. Ол цех туралы тіпті Шишкар да білмеген көрінеді.
Содан не керек, бұл істі болған кезде цехтың бастығы Паша келіп «акцияңды түгелдей менің атыма аударсаң, сотталудан құтқарып аламын» деп уәде беріп, мұның меншігіндегі акцияны өзіне алып алған көрінеді. Бірақ бұны түрмеге түсіп қалудан құтқарып қалмаған. Қанша жылдан бері өзінің айтқанын екі етпей жүрген Пашаны бұлай алдап кетеді деп ойламаған Джин өкініштен саусағын тістеп қалады. «Ендігі арманым бұл өмірден өтпей тұрып соны жазалау. Бірақ денсаулығым жоқтығын өзің көріп жүрсің, мен осында зонада мерзімім бітпей өлетін шығармын. Пашаны жазалай алмай кетсем, өмірдегі өкінішім сол» деген еді ол. Сосын сәл үнсіз отырған соң:
Қара Әмір мен осындағылардың арасынан өзіңді таңдап сырымды ақтарған себебім, саған өтініш айтқалы отырмын. Менің сол цехымды Мәскеуде тұратын қызыма қайтарып әпер, қызымда сенің ол еңбегіңді өтеуге жетерлік қаржым бар. Ал қызым туралы ешкім де білмейді. Өйткенде айтып едім ғой, әйеліммен ажырасқанда қызым сонымен бірге кеткен деп. Сол қызым бүгінде есейген, институт бітіріп, әжептеуір бір мекемеде қызмет етеді. Күйеуімен тұзы жараспай ажырасып кетті, шешесі де қайтыс болған. Менің мына жалғандағы ең қымбатым сол қызым, өлерімде соған жағдай жасап кетсем деймін. Сен соған көмектес Қара Әмір, ақыңды жемеймін, — деген Джин көзі жасаурап. Мұның үндемей қалғанын көрген соң жеңінен тартып:
Бермен қара, бұл істе қан төгіп қол былғау қажет болмайды. Паша өте сужүрек, қорқақ. Ең бастысы, бірден ес жиғызбай зәресін алу, тіпті қаттырақ қорқыту керек. Сонда ол жаны үшін мені алдап алған акцияларды сөзге келместен қайтарып береді. Әттең, өзім бірнеше күнге еркіндікке шыға алсам, барып оны бұтына тыштырар едім, акциямды қайтарып алып, өлтіріп те жіберер едім, оңбағанды. Не істейсің, көмектесемісің? – деп бұның жанарларына қадала қарады.
Әмір Паша сияқты оңбағанды жазалаудан қашып отырған жоқ. Бірақ Мәскеуге бара сала әлдебір қылмыстық топтың иелігіндегі цехты тартып аламын деп басына бәле тілеп алса ойының бәрі ойран болмай ма, содан қашады. Джин сөзін әрі қарай жалғады:
Ол цехтың «қорғаушысы» жоқ деуге болады. Өзі елеусіз жерде орналасқан, сосын Пашаны қылмыс әлемі мүлде білмейді. Қылмыстық топтар көбінесе ірі объектілер мен жаңадан ашылған кәсіпорындарға бассалып қожайын болуға таласатындықтан, менің цехымның таза екеніне сене бер. Екі-үш жігітпен барып Пашаны қатты қысып-қысып алсаң, құдай біледі, ол акцияларды қайтарады, ол жексұрынды мен жақсы білемін ғой.
Оның дұрыс қой, Дмитрий Алексеевич, бөтен қала, танымайтын жер, саған уәде бере алмаймын, бірақ Мәскеуге барып сонда қалатын болсам бұл шаруаңды орындауға тырысамын, — деді әлі де өзінің ол істі қолға аларына көзі жетпесе де шалдың көңілін аулағысы келіп.
Сөйтіп жүргенде қамаудағы мерзімі де бітуге таянды. Ол осы үш жыл ішінде өзінің туған үйіне, бауырларына бірде-бір хат жазбағаны былай тұрсын, өзінің Самара түрмесінде екенін де хабарламады. Талай мәрте туған ауылы, туыстары түсіне де кірді. Бірақ бұл олармен хабарласуды қажет деп санамады. Оның үстіне туыстары өзін әлі Түркияда жүр деп ойласын дегені еді. Өйткені, қарындасы мұнымен Түркияда жолыққан соң үйіне «Әмір Түркияда жүр, жақында үйге ораламын деді» деп айтып барғаны анық. Сол жолы түскен полороидтың бірден шығарып берген суретін де көрсеткен шығар, туыстарына. Сондықтан оның тірі екенін көрген әке-шешесі мен бауырлары екі көздері төрт болып мұны зарыға күткен де болар, мүмкін үш жылдан бері әлі күтіп те жүрген шығар. Бұл болса қайтадан ізім-қайым жоғалды.
Сондағы қарындасының айтқандарына қарағанда бұның үйінің, бауырларының жағдайлары біршама түзелген сияқты. Қарындасы мен екі інісі коммерциямен айналысады екен, ал тете інісі Төре болса заңгердің оқуын бітіріп Шымкентте прокуратурада қызмет істейтін көрінеді. Сол басқа бауырларына қорған болып жүрген болар. Осындай ойлардан соң бір сәт «не де болса түрмеден шығысымен тура туған ауылға қарай тартып кетсем бе екен» деген сағынышты әсерде қалады. Бірақ солай ойлауын ойлағанымен оның көңілі басқа жақта, Мәскеу жақта еді. Соңғы бір әңгімесінде Джин:
— Қара Әмір, аз күнде еркіндікке шығасың. Егер Мәскеуге баруға бекінген болсаң мен қызыма хат жазып берейін. Алғашқы кезде жүріп-тұруыңа қаржы, баспанада қажет, қызым соның бәрімен сені қамтамасыз етер еді. Тек шамаң жетсе менің цехымды қайтаруға көмектессең болғаны, ол үшін жақсылап ақыңды төлейді, — деген.
Бірақ бұл тағы да шешімді жауап қайтармаған. Бірақ іштей «сол цехтан үлес берсе, кірісіп те көруге болатын шаруа» деген ойға келгендіктен де үнсіз қалған.
Түрмедегі үш жыл ішінде көп нәрсені көңіліне түйді. Ресей қылмыс әлемі туралы біршама білді. Одақ кезінен бері грузиндік қылмыстық топтар Мәскеуде де, басқа аймақтарда да ең мықты, әрі саны жағынан да ең көбі саналады екен. Олардың «законниктері» де саны ең көп көрінеді. Олар жыл сайын Грузияның түкпір-түкпірінен Мәскеуге және басқа да ірі қалаларға көптеген жас жігіттерді жинап әкеліп, қатарларын үнемі толықтырып отыратын көрінеді. Сондықтан да, олар қарулы қақтығыстарда да көбінесе басқалардан басым болады. Бірақ олардың арасында да сазға отырғызып кету кездесетін көрінеді.
Жалпы, Джин айтқандай соңғы жылдары «ворлар дәстүрін» бұзу қайда да болсын жиі орын ала бастағаны рас. Өйткені, қаншалықты «рыцарлық» дәстүр саналғанымен қылмыскерлер ең бірінші кезекте өз қарақан басының қамын ойлайды. Сондықтан, бұлардың әлемінде айналаңдағылармен абай болмасаң болмайды. Олардың арасындағы өмірің қыл үстінде немесе ұстараның жүзімен жүргендей қауіпті екеніне қарамай, сол тіршілікке ұмтылыс, оңай жолмен, бағың болса мол ақшаға күмп ете қалудан үміт етуден болса керек. Әмір өзі түскен, түскен емес-ау, бірнеше жылдан бері жүріп келе жатқан жолының осындай қауіп-қатері мол екенін біле тұра, тағы сол жолмен ары қарай жүре бермек. Ендігі жүретін жолы бұрын жүріп келгенінен әлдеқайда қауіпті екенін де сезеді, бірақ соған тәуекел етпек.
Өйткені, мына жалғанда ақшаның құдіреті қазіргі кезде тіпті күшейіп кетті. Мол ақшасыз дұрыс өмір сүру қиын, қанша тыныш, әділдікпен өмір сүргің келгенімен оған айналадағылар мүмкіндік бермейді. Ал кедей болып, қатқан қара нанды талғажу етіп, аузыңды артық ашпай, тыныш қана жұмысыңды істеп жүретін болсаң, әрине сенде ешкімнің де шаруасы болмасы белгілі. Бірақ соның өзінде сәл нәрсеге душар болып қалсаң, одан еш құтыла алмайсың, тағдырың тәлкек болып кете барасың.
Түрмеден шығатын күні жақындағанда Джин ақыры бұл күткендей «егер осы іске шындап кірісер болсаң сол цехтың акциясының жартысын өзің ал, жартысын менің қызымның атына аударып бер» деген ұсынысын жасады. Бірақ бұл елпең ете қалмай, өзінің әлі де нақты уәде бермейтінін, дегенмен шын ниетімен бұл істі қолға алатынын ескертті.
Күткен күні де жетіп «зектің» қара түсті униформасын жай киімге ауыстырып, өзінің пәлен нөмірлі қатаң режимдегі колонияда сот кескен жазасын толық өтеп шыққандығы жөнінде анықтамасын алып бостандыққа шықты. Түрме қақпасының алдынан Сашаның жігіттері Әмірді құшақ жая қарсы алып, машинаға отырғызды да, Самара қаласына қарай жүріп кетті…
Жалғасы бар..