Қара Әмір. 6-бөлім

0 1 991

…Қаланың Еділ өзеніне таяу тұсындағы екіқабатты үйлердің бірінің ауласына кіріп тоқтаған машинадан түскен бұны биік бастырмада тұрған самаралық Саша жарқылдай құшағын жая келіп, қарсы алды.
Қонақ бөлменің терезелері анадай жерден өтіп жатқан өзенге қарайды екен. Өзенге таяу аймақтың бәрі де Сашаныкіндей неше түрлі архитектуралық жобалармен салынған кілең екіқабатты әсем үйлер. Барлық үйлердің де соңғы оншақты жыл  мұғдарында пайда болғаны көрініп тұр. Алысырақта тағы бірнеше осындай үйлердің құрылыстары жүріп жатқаны байқалады. «Біздің Шымкентте сонау кеңес дәуірінде-ақ талайлар осындай зәулім сарайлар салып алған еді. Бүгінгі байлар мен «жаңа қазақтар» басқалардан ерекшелену үшін енді қанша қабатты, қандай жобалы үйлер салдырып жатыр екен» деген ой келді бұған.Түбі бұл да Шымкенттің бір шетінен осындай үй салып алып сонда тұратын шығар…
Жақсылап қарсы алып, сый-құрмет көрсеткен ол сол күні-ақ мұны телефон арқылы Пиратпен сөйлестірді.

Қара Әмір, қымбаттым, амансың ба? Еркіндікке шығуыңмен, — деді телефон желісінің арғы басынан сол баяғы биязы даусымен.

Қымбатты Назар Коханович, аманбысыз? – деді бұл да.

Рахмет, өздеріңнің тілеулеріңнің арқасы болар, аманмын. Барлығы ойдағыдай, өзіңді күтудеміз, қашан келесің?

Рахмет, сеніміңе, Назар Коханович, жігіттер арқылы жасаған қамқорлығыңа да көп рахмет. Мен әлі ештеңе шешкен жоқпын… деп келе жатқан мұның сөзін бөлген Пират:

Келмеймін де, үш жыл отырғанда не істеріңді шешіп қойғаныңды біліп тұрмын, өкінішті әрине, мен сенен үлкен үмітті едім. Бірақ жер жұмыр ғой, мүмкін кездесерміз, сау бол, — деп мұның қоштасуын күтпестен телефон байланысын үзіп жіберді. Әмір ыңғайсыз жағдайда қалып қойды.

Шал мұны қалайда Одессаға келсін деп, өтірік өкпелеген сыңай танытып, әдейі осылай жасаған болар. Ол қаласа бұл қайда жүрсе де мұның мәліметін біліп отырады. Өйткені, жыл сайын оның Одессасына, соның маңайындағы курортты жерлерге қылмыс әлемінің небір марқасқалары демалуға барады. Сондықтан ол қылмыс әлеміндегі көп жағдайлардан хабардар болады.
Саша ертесіне Самара қаласының орталық көшелерінің біріндегі өзінің мейрамханасына апарды. Өзімен сыйлас бір-екі беделді авторитеттерді қатыстыра отырып бұған мол дастархан жайып, бостандыққа шыққанын атап өтті. Ертесінде таңғы шәймен бас жазып отырғанда Саша Самарский Әмірдің тамырын басып байқауға кірісті.

— Саған ешқайда барып  қажеті жоқ, осында қал. Бізде қазақ қыздары көп, қаласаң солардың ішінен қалыңдық таңда, дүрілдетіп той жасап береміз. Бірге жұмыс жасаймыз. Оның үстіне менің бір сенімді адамым таяуда ғана істі болып сотталып кетті. Оның орнын басқалар көңілдегідей толықтыра алмай жүр, сен сол орынға тіпті тамаша лайық болар едің, қалай қарайсың?

Рахмет. Мен әлі ештеңе де шешкен жоқпын. Бірінші кезекте маған жаңа құжат керек, соған көмектес.

Оған сөз бар ма, мықты «чернушнигім» бар, қалаған нәрсеңді жасырын жасап береді. Оның жасаған қағаздары түпнұсқасынан да асып түседі, — деді Саша көзіне от жүгіріп қутыңдап, құжат жасатқысы келгенінен дәмеленіп.

Маған өз атыма шын төлқұжат керек, Қазақстанның мөрімен.

Несі бар, оны да ойластырайық. Қазақстан іргемізде ғой, тіпті болмаса соларға барып бір ауданынан жаңа төлқұжат алып келерміз, — деді Саша, сол да проблема ма дегендей.
Бірақ Әмірдің басына басқа ой келіп еді. Ол Самара қаласында жергілікті қазақтармен қатар Қазақстанның әр жерінен келген саудагер қазақтардың да аз емесін байқаған. Базар, барахолкаларды аралап сондайлардың арасынан шымкенттік жерлестерін тауып алып, солардың құжатына қарап жаңа төлқұжат жасатуға болар еді. Тіпті олардың арасында бұның ауылынан болмағанымен, ауданынан келгендер де табылып қалуы мүмкін.
Базарлардың «омон»-күзетшілері арқылы сөйлесіп жүріп Сашаның жігіттері мұның бірнеше шымкенттік жерлесін тауып, солардың құжатынан айнытпай жаңа көк төлқұжат жасап берді. Ең бастысы, онда бұл өзінің ауданында тіркеліп, құжатты сол жақтан алғандығы көрсетілген еді. Қазақстандықтардың қолынан өзі көрген көк төлқұжаттардан айнымайтын жап-жаңа төлқұжатын қойнына салып алған соң Әмір енді Мәскеуге жол тартуды ойлады. Саша Самарский оның өзінің жанында қалмасын сезген соң осындағы бір іске көмектесуін өтінді. «Сыйға сый – сырыға бал» дегендей бұл бас тарта алмады, келісті.
Көрші Татарстанның астанасы Қазан қаласынан шыққан қылмыстық топ өкілдері Самара қаласына да ауыз сала бастапты. Олардың мұнда тұрып жатқандарынан гөрі гастрольдетіп келетіндері қауіпті әрі бетпақ көрінеді. Солардың бір тобымен бұлар келісе алмай, Саша сол іске бірге баруды ұсынды. Мұның келісімін алған соң ол істің барысымен таныстырды.

Екі жақтың келіспеушілігі Самарадағы балық уылдырығын жасырын қалбырлап жасайтын бір цехқа таласудан туындаған дау екен. Ол цех бұрын басқа біреулерге қараған, бірақ милиция ол цехтың бұрынғы иелерін түгелге жуық ұстап, түрлі мерзімдерге соттап жіберіп, цехты жауып тастаған. Саша сол цехтың қалғандарының негізінде жартылай қуатпен жұмыс жасап жатқан жасырын кәсіпорынды өз қол астына алып, аз уақытта оны бұрынғысынан да қуатты цехқа айналдырған. Міне, енді сол цехтың сотталып кеткен иесінің бірі түрмеден шығып келіп, қайтарып алмақ болып жатыр. Саша онымен жолығып бұл цехтың енді оныкі еместігін, өзі қайтадан құрғанын айтқанымен ол көнбей, самаралықтардың арасынан Сашаға қарсы шығып цехын тартып әперетін ешқандай топ табылмаған соң қазандық топқа «цехымды қайтарып әперсеңдер пайдасының үштен бірін беріп тұрамын» депті. Соған дәмеленген қазандық онша белгісіз бір топ сақадай сайланып Самараға жетіпті. Оларды бұл көрмеген, цехтың бұрынғы қожайыны келіп «кездесу» белгілеп кеткен.
Бұлар бірнеше көлікпен қала сыртындағы аңғал-саңғалы шыққан бұрынғы балық зауытының ғимаратына келді. Қазандықтар ендігі келіп те қойыпты. Екі автокөліктің айналасындағы адамдарының қарасы да оншалықты көп емес. Үлкен де биік ғимараттың орта тұсында үш адам тұр. Бұлар да машиналарынан алысырақтан түсіп, Саша мен Әмір ортадағы үшеуге қарай беттеді. Бұлардың жігіттері де жартылай доғалана қаруларын ыңғайлап тұра қалды. Екі жақ бетпе-бет кездескен кезде сыпайы амандасу рәсімі жасалды.
Әмір жемтікке түсер қыранның көзқарасымен қарсысында тұрған үшеуді сүзе өңмендерінен өткізе қарап өтті. Еврей сияқты домаланған секпіл беттеу семіз бұның көзқарасынан жасқанып бірден көзін тайдырып әкетті. Екінші бұйрабас ірі жігіт те көп тіресе алмай көзін тайдырды, ал ортадағы орташа бойлы, мығым денелі шикілсарылауы «келсең кел» дегендей қасқия қарап тұра берді. Сол Сашадан бұрын сөз бастап кетті.

Мұнда не үшін шақырылғаныңды білесің, не айтасың? — деді ол жұқа еріндерін жымқыра сыздана сөйлеп, Самарскийге шегір көздерімен қадала қарап. Саша:

Бұл жерде талқылайтын тақырып жоқ, мынау сендерді адастырып жүр, — деп цехтың бұрынғы қожайыны қасқа басты иегімен нұсқады. – Оның цехын «ментура» сол кезде-ақ жауып тастаған, мына цехты мен өзім ашқам.

Бұра тартып, тура сөзден қашпа. Біз басбұзар емеспіз, бірақ басындырып қоя алмаймыз, цехтың оныкі екеніне дәлел жетеді. Сен оны қайтарамысың, соны айт бізге, — деген шикілсары танауы делдиіп өзеурей түсті. Сөзге араласпаса аналар бел алып бара жатқанын байқаған  Әмір шыдай алмады:

Айтылған жауап түсініксіз бе? Әлде өзің топастаумысың?- деді тиісе сөйлеп. Шикілсары бұған көзін аларта жалт қарады:

Сөзіңе ие бол, фраерек, саған сөз берілген жоқ.

Түсінсең сөз сол, бұрынғы цехты милициядан барып даула, ал келіспекке емес атыспаққа келген болсаңдар имандарыңды үйіре беріңдер, — деп Сашаны түртіп қалды. Ол бас киімін шалқайта қайта кию арқылы жігіттерге белгі берді. Белгі берілісімен бұлардың жігіттері қаруларының тетіктерін қайырып, қоршай қаумалап жақындады. Қазандықтар аз болғандықтан артық қимылға бара алмай тұрып қалды. Атыс басталып кетсе ешқайсысының бұл жерден тірі кетпесін сезіп тұр.

Олар бұл кездесуге батыл келгені Сашаға батырыңқырап қысымға алу арқылы цехты бұрынғы иесіне қайтарып әпермесе де өздері біраз үлесіне ие болудан дәмеленіп, қазандық топтың басшысы Фриц деген мына шикілсары бүгінгі кездесуге қаймықпай келіп еді. Енді бәрін мына бір азият бүлдіріп тұрғанын қарашы. Оның сөзіне не дерін білмей дағдарып, тығырыққа тіреліп тұр. «Сөйлесуге келдім» десе «осымен сөз бітті, ескі цехты барып менттерден даула» деп тұр. Ал «ерегеске келдім» дейін десе қабағы түксиген мына азият бір бәлені бастағалы құлшынып тұр. Бұларды түгелдей қырып тастаса да дәл қазір артында іздеушісі жоқ екенін сезіп мына азият «әңгіме осымен бітті, енді ол цех туралы сөз қозғалуға тиіс емес, көнсеңдер кетіңдер, көнбесеңдер кәне соғысайық» дегенді білдіріп тұрғандықтан бұларға қарсы сөйлеп соғысу, не мәселе осымен біткеніне көніп, бұл жерден кету ғана қалып тұр. Аз үнсіздікті бұзған Фриц Әмірге өшіге қарады да жүзін Сашаға бұрып:

Соңғы сөзің осы болса әңгіме жоқ, біз кеттік, — деді. Әмір:

Сенің көзірлі екеніңе шүбәм жоқ, бірақ «бауырластарды» қырылыстыра жаздаған мына оңбағанға кешірім болмайды, — деп шикілсарыға қарап: — әркім сөзіне, ісіне жауап беруі керек, дұрыс па? – деді шұқшия қадалып.

Дұрыс, — деп қалды Фриц. Бұл оның есін жиғызбай:

Ендеше, мынаны тап қазір жазалаймыз, сен жазалайсың, — деп цехтың бұрынғы қожайынын нұсқады. Фриц қапелімде не айтарын білмей де қалды. Саша қантөгіс болып кете ме, деп қорқып кетіп дереу сөзге араласты.

«Базар» бітсе татулықпен таралық, ол өзіміздің самаралық қой, сосын да жазалай берерміз, — деп Әмірге қарады. Ол:

Әңгіме бітті, бара берулеріңе болады, — деп шикілсарының иығынан бір қақты да бірінші болып бұрылып, көлікке қарай беттеді. Бұл «сен мен үшін ешкім де емессің, менен төменсің» дегенді білдіретін еді.

Жолда келе жатқанда Саша «Сен мен ойлағаннан да тәуекелшіл екенсің, жаңағы жерде әлгі шикілсары соғыс керек» дегенде не болар еді. Жаппай атыс басталып кетсе бәріміз, сен де мен де оқтан жазым болуымыз мүмкін еді ғой» деді.  Бір езуінен сәл жымиған Әмір «Шикілсары да дәл осы сен сияқты ойлап «қырылып қаламыз» деп қорыққандықтан, бізде қару көп болғандықтан «соғыс керек» деп айтуға тайсақтап, айтқанымызға амалсыз көнді. Егер біздің санымыз шамалас болғанда шикілсары «соғыс керек» демек түгілі мені бірден атып салудан тайынбас еді. Оның оңай жаңғақ еместігі көзінен көрініп тұрған жоқ па, біз батылдығымыз бен көптігімізбен ғана жеңдік. Егер сәл батылсыздау сөйлегенде әлгі біздің көптігімізге қарамай батыл қимылдар еді, ол анық. Сосын, біз өз меншігімізді қорғауға бардық, олар болса қайдағы біреудің күмәнді меншігін қайтарып әперуден пайда табу үшін ғана келген еді. Оқиғаның барысына қарап олар «пайдасы құрысын, зиян шегіп қалмасақ болды» деген қисынға тоқтап, үнсіз жөніне кетті. Сен сөзді бітіріп жібермегенде, мен әлгі оңбаған қожайынды солардың өздеріне, жаңағы шикілсарыға өлтіртер едім», деді самарқау үнмен. Оның мына салқынқандылығы мен терең талдауынан шошиын деген Самарский басын шайқай берді.
Саша түрлі сылтаумен Әмірді қасынан босатқысы келмей жүр. Бірақ, мұндай марқасқаны қорқытып та күшпен де қасында ұстай алмасы белгілі, мұндайлар тек өз айтқанымен, өз еркімен жүретіндер. Олардың басынан аяғына дейін алтын құйсаң да біреудің айдауына көнбейтін, біреудің бұйрығына ықпайтын бірбеттер. Оны Самарада ұстап қалу тек әйелдің қолынан келуі мүмкін. Осындай оймен ол Әмірге Самараның ең әдемі қазақ қыздарының бірін тауып беріп, біраз уақыт болса да қасында қалдыруға тырысып көрмек болды.
Әмір қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, жолға шығуы керектігін білдірді. Саша «Әрине ғой, дегенмен, жасаған еңбегің үшін жақсылап үлесіңді беремін, қаржы қайда жүрсең де қажет болады. Тек ертең бір жақсы басқосу, қызойнақ болмақ, өзіңе арнап тамаша қазақ аруын, жап-жас, алдырып қойып едім, содан соң кетсеңші» деп өтініш айтты. Бұл сәл ойланып қалды да «Жарайды, самаралық қазақ қыздарымен де танысып көрелік» деді. Оның жауабына қуанып кеткен Саша «Егер ұнатып қалсаң, сенікі болады, Самарадан барлық жағдайларыңды жасауға әзірмін» деп үміті қайта оянып қалбалақтап қалды.
Саша өзі қамқорлық ететін татар бизнесшіге құрметті қазақ досын жақсылап күтіп, демалдыру үшін әдемі қазақ қызын, дәмді қазақ тағамдарын даярлап түбектегі фазендасында қонақ етуге қолқа салды. Самара қаласының жанынан ағып жатқан, бөгетіліп, кеңейтілген Куйбышев су қоймасы үш жағынан сумен қоршалған түбек сияқты. Соның табиғаты тамаша жерінде әлгі татардың ағаштан қиюластырып былтыр ғана салған дағарадай үлкен де әсем үйі бар, қонақты сонда апарып күту ұйымдастырылды.
Атшаптырым ауланың орта тұсына барып тоқтаған көлікке келген екі ер кісімен Саша құшақтасып амандасты да:
Танысып қойыңдар, «Эмир». Өте құрметті қонағымыз, «Қара Әмір» немесе «Қазахский Эмир» деулеріңе де болады. «Истинный эмир», хан тұқымы, — деп бөсіп те жіберді. өзінің аты Әмір болғанымен тегі қара қазақтан екенін, хан тұқымы дегендер төрелер екенін айтып жатуды артық санап, үндеген жоқ. Екеудің көзілдірікті толықтауы:

Зулман Закиевич, танысқаныма қуаныштымын, құрметті Әмір, — деп мұның қолын қос қолдап қысып сілкілей амандасты. Екіншісі:

Афанасий Никитин, — деп таныстырды өзін. Түрлеріне қарағанда екеуі де ірі бизнесшілерге ұқсайды. Бәрі ішке кірді.

Екінші қабаттағы үлкен залда мол мәзірімен майысып тұрған дастарханның бір шетінде үш келіншек шүйіркелесіп отыр екен, кірген еркектерді көріп орындарынан тұрып қарсы жақындады. Екеуінің түрі қазаққа ұқсайды, үшіншісі орыс келіншек. «Маған таныстыратыны қайсысы екен?» деген сұрақ ми қыртысынан жүгіріп өткен Әмірді Саша көпірте мақтап таныстырды да, сосын келіншектерді таныстырды. Шашы толқындана иығын жапқан ашаңдауы – Фатима, ал қысқа шаштысы – Насима екен.
Бірнеше тостан соң көңілді әзілдер айтылып, дастархан басы қызып жүре берді. Зулман кәсіпкер ғана емес нағыз асаба екен, «Біздің татарларда былай дейді» деп бастайды да отырғандарға байланыстыра нешетүрлі қызықты, күлдіргі оқиғаларды айтып, жұрттың езуін жиғызбайды. Оның үстіне жиірек ішілген ішімдік те бойларын қыздырып масайратып барады. Саша шағын орамалмен езуін сыпайы сүртіп жатып:

Асаба, антракт, -деп дауыстады да бәрі стол басынан тұрып төмен түсті. Бастырмада ойнақы татар әуені ойналуда. Зулман Фатимасымен қосақтала ойнақтап билей жөнелді. Афанасийің де Анясымен одыраңдап ортаға шықты. Темекі шегуге ыңғайлана бастаған бұны білегінен еркелей ұстаған Насима:

Қымбатты Әмір, кеттік билейміз, бұл шығыс биі ғой, — деп еріксіз ортаға тартты. Ойналып жатқан музыкаға қазақша, өзбекше билердің ырғағына салып билей беруге болатынын байқаған соң Әмір саусақтарын шыртылдата, қолдарын көтере бұлғаңдатып билей жөнелді. Осылайша бірнеше би билеп тер шығарған көңілді топ ара-арасында жайылған дастархан мәзірінен алып, ішімдіктен ішуді де жалғастырды. Асаба Зулман жоғарыдағы үлкен дастарханға шақырып тұрып:

Қадірлі қонақтар, достар! Мырзалар мен ханымдар! Ортамыздағы аса қадірлі қонағымыз Қара Әмір мырзаға тәнтілігімізді танытып, құрметімізді білдіре отырып қазақтың «бесбармақ» деген ең сыйлы асын жал-жая, қазы-қартасымен арнайы дайындадық. Жігіттер табақтарды тартыңдар, — деп қызметшілеріне иек қақты. Дастарханға жайғасқан қонақтар ду қол шапалақтап жатыр.

Түн ортасына жақын жұрттың алды болып Әмір Насиманы ертіп дастархан басынан тұрды. Алғаш келген кездегідей емес наздылығымен, еркелігімен ұнай бастаған келіншекті құшақтап, аймалаған қалпы өздеріне арналған жатын бөлмеге кірді. Ертесіне қоштасарда жұтынып тұрған келіншекке деген соншалықты қимастық сезім Әмірден байқалмады. Тіптің сұлу келіншекті ұнатып қалған күнде де ол түрмеде жүріп көңіліне тоқыған Мәскеу туралы ойынан айни алмас еді, Насима үшін Мәскеуге барудан бас тартып, Самарада қала алмас еді.
Өткенде Саша Самарада қалу туралы ұсынысын тағы айтқанда «Саша, маған Самарада қал дей бергеннен ештеңе шықпайды. Одан да мен тезірек Мәскеуге жетіп орнығып алайын, сосын сенің қара уылдырығыңды ондағы ең мықты мейрамханаларға жеткізуге кірісеміз, байлыққа белшемізден батамыз» деген. Саша оның айтқанына оншалықты құлай түспеді. Қайта «Сен түсін, Қара Әмір, сені онда ешқандай көкең күтіп тұрған жоқ. Датоның көкелеріне сеніп бара жатқан болсаң, оның бекер, олар ешкімге де жәйдан-жәй жақсылық жасамайды. Әрі өздерінен бөтендерді жиі сатып кетеді, сондықтан да оларды көбі жек көреді. Мәскеуге барып орынығып қалу оңай болса, жұрттың бәрі түрмеден шыға салып солай тартар еді ғой, бірақ сенен басқа солай қарай ұмтылып жатқан ешкімді көрмедім. Ал уылдырық бизнесін Мәскеуде жүргізейік, деген ұсынысыңа рахмет. Біріншіден, менің қара уылдырығымнан бұрын өзің Мәскеуге сіңісіп ал, екіншіден астанада қандай мәселеде болсын бақылау басқа жерлердегіден қатал. Сондықтан Мәскеу мейрамханаларында менің уылдырығым пайда болысымен, «қайдан келген батпан құйрық?» деп құқық органдары оны індетіп іздеуге кіріседі де, Самараға шығады. Сөйтіп менің цехтарымды жаппай жауып тастауы мүмкін. Одан да басқа аймақтардағы қалаларға жөнелту арқылы тауып жатқан пайдама қанағат етіп отыра бергенім жақсы. Егер Мәскеуге сіңісе алмасаң Самарада құшақ жая қарсы алар досың барын ұмытпа» деген ол қоштасып тұрып «Міне, үлесің, алғашқы кезіңе молынан жетеді. Ал «ерегес» бола қалса, өзіңді шақыртамын, келетін бол, мұнан да мол үлес беремін» деп Әмірге қомақты қаржы ұстатып құшақтасып қоштасты.
Жүрдек пойыздың терезесінен жол бойында қалып жатқан орыстың тозған деревнялары мен шоқ-шоқ орман-тоғайларға қарап зерігіп отырған ол купенің жартылай ашық есігінен қазақша сөйлеген дауыстарды естіп елең ете қалды. Орнынан тұрып вагонның ұзын дәлізіне шықты. Үстеріне мәйкі-телняжке киген үш жігіт даудырласып әңгімелесіп кетіп барады. Баяу соңдарына ілесті. Олар екі вагоннан өткенде вагон-ресторанға кірді. «Ресей пойызында қайдан жүрген қазақтар екен?» деген қызығушылықпен бұл да кіріп, әлгі жігіттерден өтіп барып жайғасты.
Үшеуі арагідік сөз тастасып қойып бейқам отыр. Аласалауы сөзге пысық, қалған екеуіне қарағанда ширақтау сияқты. Сол:
— Барысымен менің ағайымды тауып аламыз да жұмысқа орналасамыз. Сосын ақшадан қысылмаймыз, ал әзірше қалған қаржымызды үнемдеуіміз керек, — деп қояды қасындағыларға.
Олар алдына келген асты ішіп-жеуге кіріскенде даяшы бұған таянды. Бұл да тамақпен бірге жүз елу грамм араққа тапсырыс жасады. Сосын даяшыға ақырын ғана «Менің есебімнен «Смирнов» арағының бір бөтелкесін анау столдағы жігіттерге апарыңыз» деді. Даяшы «құп» дегендей басын изеп кете барды. Бұл алдындағы тамағын ішуге кіріскенде алдарына барған қымбат араққа бір, даяшы көрсеткен бұл отырған жаққа бір қараған жігіттердің бойы аласасы орнынан көтеріліп мұның жанына келді.
— Ассалаумағалейкум, аға! – деп қазақшалап қос қолын ұсынып амандасқан жігіт, — сәлемдемеңізге рахмет, бірақ біз сізді танымадық қой, — деді. Бұл басын көтеріп оның сәлемін алды да:
— Әрине мені танымайсыңдар, жігіттер. Мен де сендерді танымаймын. Бірақ жерлестерім, қазақ жігіттері болған соң құрметтеп шағын мәзіреті жасап жатқаным ғой, айып етпеңдер оған.
— О не дегеніңіз, еш айыбы жоқ, мен өзіңізге рахмет, алғыс айтқалы келдім. Егер сіз айыпқа бұйырмасаңыз, ас иесімен тәтті деген ғой бір дастархан басына отыралық. Жол ұзақ, өзіңіздей ағамызбен танысалық. Бұл сәл ойланғандай болып қалды да:
— Сен үшеуіңсің ғой, мен барайын сендердің дастархандарыңа, — деді орнынан қозғалмаған қалпы. Жігіт:
— Жоға, аға. Сіз жалғыз болғаныңызбен, жасыңыз үлкен ағасыз, рұқсат етсеңіз біз сіздің қасыңызға келейік, — деді жылдамдата сөйлеп. Оның осылай дерін сезіп отырған Әмір:
— Жарайды ендеше, осында сендер келе қойыңдар, — деді. Анау жігіттеріне иек қақты да, оның екі серігі қалған тамақтары мен ыдыстарын, арақтарын қоса алып мұның столына келіп жайғасты. Олар отырған соң әлгі пысықтауына қарап:
— Стакандарға құйып жібер, — деді.  Арақ құйылған соң сөзін жалғады.
— Менің есімім Әмір, Мәскеуде тұрамын.

Жігіттер де өздерін таныстырды. Ұзын бойлысы – Темір, спортшы сияқтысы – Сағынтай, пысықтауы – Дәрмен екен. Бәрі таныстық үшін алып қойды. Содан бұлар вагон-ресторанда біраз отырды. Олармен әңгімеден Әмірдің байқағаны бұл үш жігіт әскер қатарында бірге болыпты. Сосын елге оралған соң хат-хабар алысып тұрған. Жөндемді мамандықтары жоқ олар тәуір жалақысы бар жұмыс таппай біраз әр істің басын бір шалып жүріпті. Содан бірде Батыс Қазақстан облысында тұратын Темір Оңтүстік Қазақстанда тұратын екі досына хатпен «Маған келіңдер, үшеуміз Самарадағы  «Жигули» шығаратын зауытқа барып жұмысқа тұрамыз деп шақырады. Оның ауылының бір орыс жігіті бірнеше жылдан бері сол зауытта «омон»-күзетші болып жұмыс жасайды екен. Үшеуі де әскер қатарындағы азаматтық борыштарын десантшылар әскері бөлімшесінде атқарғандықтан, оларды ақыры зауыттың қосалқы бір қоймасына күзетшілікке алады. Бұлар бір жылдай сонда еңбек еткенімен тапқандары тамағы мен жатақханадан артылмайды. Өйткені, маңыздылығы шамалы бұл қойма күзетшілері негізгі күзетшілермен салыстырғанда аз жалақы алатын еді. Бір жақсысы бұлар өздерінің жұмыс бабын пайдаланып зауыттың спорт кешеніндегі Шығыс жекпе-жегін үйрететін спорт секциясына тегін қатысады. Сөйтіп жүргенде жазда еңбек демалыстарында ауылдарына барғанда Дәрменнің ағасы бұларды «Мәскеуге келіңдер, біздің АЗЛК автомобиль зауытында қазіргі алып жүргендеріңнен артық жалақы алатын жұмыстар табылып қалады» деп Мәскеуге шақырады. Сонымен бұлар бәрін жиып қойып «не де болса Мәскеуге барып бағымызды сынап көрелік. Тіпті болмаса сондағы фирмалардың біріне күзетшілікке жалдансақ та өлмеспіз» деп жолға шығыпты.
Әмір өзінің Самараға жұмыс бабымен келіп қайтып бара жатқанын айтты. Бір айдың көлемінде өзіне де «омон»-күзетшілер керек болып қалуы мүмкін екендігін де ескертіп, құлаққағыс етіп қойды. Олар барған соң Дәрменнің ағасы тауып бермек болған АЗЛК-дегі жұмысты байқап көріп, егер ол жұмыс көңілдерінен шықпайтын болса, хабарласайық, деп Дәрменнің ағасы тұратын отбасылық жатақхананың телефонын жазып берді. Оның ағасы әскер қатарындағы қызметі біткен соң Мәскеуде қалып АЗЛК зауытына жұмысқа тұрған көрінеді. Содан бері сол зауытта еңбек етіп келе жатыр екен.
Әмір Мәскеу сияқты үлкен қалада фирманың күзетші-«омон» болудың оңай емесін, қазіргі кезде қайда да болсын қылмыстық топтардың көбейіп кеткенін, әрі олардың бірінші кезекте жекеменшік фирмаларды қол астына алу үшін күресетінін айтты. Жігіттерге ең дұрысы Дәрменнің ағасы айтқан АЗЛК-да сыпырушы болса да тыныш өмір сүрген жөн екенін ескертті.
Ол бұны жігіттердің реакциясын байқау үшін әдейі айтып еді. Жігіттер бұның ойынан шығып «Аула, зауыт аумағын сыпыратын «дворник» болғанша әлгіндей қылмыстық топтың біріне кіріп фирмаларға қожайындық жасау, тіпті болмаса үлкен қалада адам тонаудың өзі артық» десіп шу ете қалды. Бұның де күткені сол болатын. Бүгінгідей заң, қоғамдық тәртіптер сақтала бермейтін кезеңде ондай топтардың адам тонамай-ақ, ешкімді өлтірмей-ақ мол ақшалы болып өмір сүру мүмкіндіктері барын айтқан ол «егер дұрыс жалақысы бар жұмыс таппасаңдар, шағын рэкеттік, яғни ешкімді өлтірмей-ақ, аздап бопсалап, қорқыту арқылы да мол табыс табатын жұмыс тауып беруге көмектесемін» деп қойды.
Жігіттер өздерімен бірге әскер қатарында десантшы болғандардың арасынан мықты байлар мен «авторитеттерге» оққағар болып жүргендерді білетіндерін де жайып салды. Дәрмен:
— Негізінен солардың тіршілігі жөн. Олар халықты тонап жүргендерді тонайды, одан қалса түрлі арам жолдармен байығандардың ақшаларын тартып алады. Бір сөзбен айтқанда бүгінгі заманның Робин Гудтары сияқты, —  деп қойды әңгімеге әсерленіп. Бұл да олардың сөздерін тірілте түсіп, өзінің де небір мықты жігіттердің бүгінде сондай жолмен қалталарын ақшаға толтырып, мейрамхана, сауналарда рахат өмір сүріп жүргендерін білетінін айтты. Осылайша, төртеуінің әңгімесі Мәскеуге жеткенше негізінен қазіргі кездегі қылмыс әлемінің «авторитеттері», түрлі жолмен жақсы өмірге қол жеткізгендер төңірегінде болды.
Мәскеуге жеткен соң Әмір жігіттерді Қазан вокзалының жанындағы шағын кафеге ертіп апарып тағы да жақсылап сыйлап, одан шыққан соң таксиге отырғызып жіберді. Дәрмен:
— Әмір аға, сонымен бізге шынымен бір фирмаға «қорғаныш» болуды, әйтпесе мәскеулік байлар мен бизнесмендерді бопсалайтын «рэкеттікті» ұсынып тұрсыз ба? – деп қалды.
— Әрине, ол жұмысты әркім әртүрлі айта береді, бірақ мемлекеттік құзырлы орындардан заңды рұқсат алып құрылатын мекемеде жұмыс істеуді ұсынып тұрғандықтан да, оның «рэкеттіктен» айырмашылығы әлдеқайда үлкен, — деді сонда да бұларға ұсынылар жұмыстың не екенін анықтап айтпай.
Олар таксимен кеткен соң анадай жердегі сәкіге барып отырып темекі тұтатты. «Жалпы, маған бұл жігіттерді құдай кездестірді. Түбі осы жігіттерді маңайыма тарта алсам, ең сенімді серіктерім осылар болады, әлі. Оның үстіне десантшылар әскерінде болғандарына қоса, «омондар» мектебінде бір жылдай әзірліктен өткендіктен бұлардың әрқайсысы зонадан келген, есірткіге бой алдырған «боевиксымақтардың» бірнешеуін оп-оңай тырапай асыратынына сөз жоқ. Өзім дұрыстап орнығып алысымен уақыт оздырмай бұл үшеуін қасыма тартуым қажет» деп ойлады ол.
Бұл ойын ол сыртына шығармады. Бірақ жігіттердің өзінің айтқандарына елтіп, кәдімгідей сеніп, қатты әсерленгендерін ұқты. Есіне алғаш қылмыстық әлемнің марқасқаларының бірі саналатын Кубаның зонада осылай түрлі әңгімелер арқылы өзінің «ворлық» өмірін насихаттағаны түсті. Ол кезде бұл да ештеңеден хабарсыз, жерлесі үшін төбелесемін деп түрмеге түскен жас жігіт еді. Бірақ ол сол жолы түрмеге түспегенде де, алдында нақты мақсаты жоқ, әйтеуір уақыт өткізіп, не істерін білмей жүрген жан болатын. Мына жігіттер сияқты ол да ақшасы көп жұмыс тауып, адал еңбек етіп жақсы тұрмыс кешуді ойлаған. Бірақ олай етуге өмір мүмкіндік бермеді.
Ауылында жалақысы мол жұмыс болмады, әке-шешесінің мақталықта жыл он екі ай тырбаңдағанда тапқандары киімді айтпағанда тамақтарына да жете бермеді. Жезқазғанда жалақысы мол жұмыс бар деп естіп барып еді, онысы жерасты шахталары екен. Оның өзіне арнаулы мамандығың болмаса, тәуір танысың болмаса жұмысқа тұра алмайсың. Пара беріп тұрғанмен тәжірибесіз, жұмысқа кейін тұрған есебінде қысқарту бола қалса бірінші жұмыстан қысқартып, қайтадан қаңғып қаласың. Осындай проблемаларды ақылшысы болмағандықтан, өзі жас, басында ақылынан «жел» көп болғаннан бұл басқаша шешпек болған. Сондағы жаңадан пайда болып келе жатқан «крутойсымақтарға» ілесіп тапқан аз ақшасын сауық-сайрандатып шашып жүріп, ақыры есірткіге бой ұра бастағанда түрмеге түсті. Сол жолы төбелесіп түрмеге түспегенде біртіндеп нашақор болып кетер ме еді, кім білсін.
Мына шымыр денелі үш жас жігіт те Мәскеуде де жолдары болмаса, тіпті сол зауытқа жұмысқа тұрғанның өзінде жатақханада, басқа жастар жиналатын орындарда біртіндеп есірткімен ауызданып, өмірдің қиыншылықтарын бір сәтте болса ұмыту үшін «кайф» ұстаймын деп нашақорлар қатарына қосылып та кетулері мүмкін-ау. Бір жағынан дәл сөйтіп нашақор болып қорлық өмір сүргеннен осы күнгі өмірі артық сияқты.
Осындай оймен арпалысып отырған Әмірді Мәскеуде де талай шытырман күтіп тұр еді…

Жалғасы бар…

Leave A Reply

Your email address will not be published.