Қара Әмір. 8-бөлім

0 1 777

Осының бәрін естіп, көріп жүрген Әмір ет цехының жұмысын мықтап жолға қойып, барлық билікті Лилияның қолына беріп қойды. Күзетті де күшейтіп Сағынтайды директордың тәртіп және қауіпсіздік жөніндегі орынбасары жасады. Ал пысық Дәрмен бүгінде бұл көрсетіп берген жол-жобамен Самарадан цехқа ет пен уылдырық тасымалдайды. Бұл болса көбінесе басқа шаруаларымен жүреді.
Әмірдің «вор» атанып, тәж киюі ың-жыңсыз, Никита Сергеевичтің – «Хрюшаның» мейрамханасының оңаша шағын залында оншақты адамның қатысуымен өтті. Мәскеулік қылмыс әлемінің ығайы мен сығайы бас қосқан бай дастархан үстінде бірінші болып сөзді дәмхана иесі алды. Одан соң араларында арнайы келген Саша Самарский бар бірнеше «вор» сөйледі. Гиви Васильевич қортындылады.
«Ворлық» кодекс бойынша бұған бес адам кепілдік етуі керек болса отырыста тоғыз адам кепіл болды. Әмір салтанатты отырыста кавказдықтар мен славяндар арасының кәдімгідей ушыққанын аңғарды. Көп ұзамай кылмыс әлемінде үлкен қырғын басталарын бұл сол күні анық байқады.
Ойлағанындай-ақ арада оншақты күн өткенде бұған кепіл болған «вордың» үшеуі өлтірілді. Екі кавказдық Мәскеудің сыртқы орама жолында апатқа ұшырап, автокөлігімен толық өртеніп кетсе, Мәскеудің ең беделді авторитеті саналатын «Хрюша» мергеннің аңдыған оғынан ажал құшты. Бұл оқиғалар қылмыс әлемін дүрліктіріп жіберді.
Хрюша — Никита Сергеевич Хохлов, алпыстан асқан ғұмырында төрт мәрте, негізінен қарақшылықпен тонау, бопсалаулары үшін түрмеге отырып шыққан. Кезінде атақты «Монголдың» бандасында болып, бүгінде әлемді шулатқан «Япончикпен» де талай дәмдес-дастархандас болған. Кезінде оның атын естігенде қылмыс әлемінің ғана емес құқық қорғаушылардың өзі сескенген заман өткен. Қырына ілінгенді аяусыз, жанын қинап жазалайтындықтан қылмыскерлердің өзі одан қатты жасқанған. Мәскеудегі ең ірі топтардың бірін басқарып, көптеген мейрамхана, казино ұстап, шалқып өмір сүріп келе жатқан мұндай мықтының көзін жоюға кімнің жүрегі дауалап, қолы барғанын біле алмай қылмыс әлемінің марқасқалары әбден бас қатырып, өздеріне де тықыр таянғанын сезгендей қатты састы. Ал Хрюшаның жігіттері құқық қорғаушылармен қабаттаса өлтіргендерді іздеп, қылмыс әлеміне қатыстылардың астан-кестеңін шығарып, оның көзін жоюға тапсырыс берушілерді таба алмай аласұруда.
Хрюшаның өліміне байланысты нешетүрлі қаңқу сөздер тарады. Оның кейбіреулерін ресейлік федералдық қауіпсіздік қызметіндегілер әдейі таратқан болуы да мүмкін. Өйткені, оның өлтірілуі кавказдықтардың ісі деген сөз шықты. Бірақ нақты дәлел жоқ. Енді бір әңгімеде оны өлтіруге славяндық топтар тапсырыс беріпті делінуде. Олар Хрюшаға бірнеше мәрте «кавказдықтардан іргеңді аулақ салсаңшы» дегенімен ол тыңдамаған. Кавказдықтармен ауызжаласқаны аздай таяуда өзінің ең сәулетті мейрамханасында қазақстандық бір қылмыскерді «вор в законе» етіп «тәж» кигізуге атсалысқан. Бұрыннан-ақ зорға шыдап жүргендер бұл оқиғадан соң «Мәскеуді енді «мәмбеттер» билеуі қалып еді» деп Хрюшаны өлім жазасына кесіп шешім шығарыпты, дейді. Ал үшінші бір «дейдіде» кавказдықтар мен славяндықтар арасын жауластырмай, достыққа дәнекер болып жүрген оны федералдық қауіпсіздік қызметінің өзі тапсырыс беріп көзін жою арқылы кавказдық және славяндық топтарды жауластырмақ көрінеді делінеді.
Қалай болғанда да «Хрюша» мен екі кавказдықтың қатарлас болған бұл жұмбақ өлімдері қосылып мәскеулік қылмыс әлемінің тынышын кетірді. Өлгендердің үшеуі де Гивиге қатысы, байланысы бар адамдар. Хрюша жақын досы, әрі іскерлік жолдағы ірі әріптесі болса, анау екі кавказдық «законниктер» болатын.
Гиви Васильевич өзіне қарасты топтардың және Резо мен Михоның жігіттерінің ішіндегі «авторитеттерді» жинады. Басқосуға жиналғандар сараң сөйлеп, бір-бірімен аңдысып, іштей екіге жарылып отырғанын Гиви Васильевич қана емес осындағылардың барлығы да сезіп отыр. Онсыз да ширығып отырғандарға досы Хрюшаның өліміне қатысты ештеңе демеген Гиви грузиндік бауырластықты айтып келіп, екі бауырларын қастандықпен өлтіргендердің славяндық топтардан екеніне шүбә жоқтығын, тек уақыт оздырмай нақты кімдер екенін анықтап, тез арада кек алу қажеттігін айтты.
Резо өзінің қыңыр мінезіне басып, өзгелер іштей ойлағанымен сыртына шығарып айтпай отырған ойды айтып салды.

Барлық бәле жөйіт Иванычтан келіп отыр. Өйткені, ол «фэсбэшниктермен» ғана емес интерполмен де әмпей-жәмпей деген күдік рас болуы мүмкін. ФСБ көптен бері бізді славяндықтармен соғыстырмақ болып әрекет етіп жүргенін бәрің білесің. Бұған дейін де солардың тасада тұрып басқалардың қолымен жасаған шағыстыруымен екі жақ арасында қақтығыстар болды. Оларды ұйымдастыруда соның қатысы барлығын да бәрің біліп отырсың. Біздің қос бауырымыздың, тіпті Хрюшаның өлтірілуіне де солардың қатысы бар деп ойлаймын. Ендеше мәймөңкелемей біз сол Иванычтың көзін жоюдан бастауымыз керек.

Одан кейін сөйлеген өлген екеудің бірінің туысы Иосиф Батумский:

Мен үшін Иваныч-Сиваныч дегендердің бәрі бірдей. Бұл қастандықпен өлтіруге славяндық топтардың барлығы да кінәлі. Өйткені, олар бір-бірінің не істеп жатқанын білмей отыр дегенге мен сенбеймін. Олардың барлық ойы бізді біртіндеп ығыстырып, жойып жіберу ғана. Сондықтан жасалған қылмыстың ақ-қарасын анықтауды прокуратураға қалдырып, славяндық топтарға қарсы соғыс бастау керек, тезірек тәубесіне түсірмесек болмайды, — деді.

Қымбатты бауырлар, сендер не мына өмірден баз кешіп, өлімге бас тігіп отырмысыңдар. Екі бауырымыздың өліміне кінәлілерді жазалауды қолдаймын, бірақ, айдаладағы Иванычқа бассаламыз деу әбестік. Нақты да дәлелді кінә тақпай тұрып, оны жазаламақ түгілі жұрт алдында жаңағыдай ашық кінәлаудың өзі үлкен шуға соқтырады, ондай сөзді айтушының жауап беруіне тура келетінін ұмытпайық. Менің ұсынысым, шайтанша шошаңдамай, байыппен қимылдайық, — Михо осылай деп орнына отыра кетті.

Жиын тізгінін қолына алмаса болмасын сезген Гиви:
-Дұрыс айтасың, мәселенің анығына көз жеткізіп алмай топалаң жасар болсақ бүкіл «бауырластарды» өзімізге қарсы қойып аламыз. Екінші жағынан бауырларымыз үшін тездетіп кек алмасақ, ертеңгі күні басқамызды да көрінген жерде жарып, атып кете беретін болады. Сондықтан, үш күн ішінде барлық ресурстарымызды қосып кінәлілерді табайық та жазалайық. Ал, қымбаттым, сен Иванычпен жақын араласатын бауырымызсың, сондықтан оның тамырын басып байқап көр. Саған одан гөрі біз жақын екенімізді дәлелдейтін кезің келіп тұр, — деп Михоға қарап, қолымен жиын аяқталғанын сездірді.
Михо осыдан үш ай бұрын Князьбен жасырын жолығып бірігуді ұсынған, бірақ ол көнбеді. Екеуі ол әңгімені ұмытуға келіскенімен, Михо Иванычтың провинциядан алдырған ешкімге таныс емес адамдарын пайдаланып Князьды өлтірткен. «Тенгиз» болса бақытсыздығына қарай сол сәтте оның көлігінде болып қалды да бірге жарылып, өртенді. Мәселені ушықтырып жібергені дәл сол кезеңде Хрюшаның да тапсырыспен өлтірілгені болып тұр. Бұл өлімдер кавказдықтар мен славяндардың бір-бірінен кек алмақ болып үлкен айқасты бастауына, әкеліп соғары сөзсіз. Михо жансызы арқылы жиындағы әңгімені Иванычқа жеткізді.
Иваныч өзіне күдік түсерін сезген, бірақ славяндық топтарға деген күдіктің жоғары боларын да білген. Сондықтан, тез арада лианозоволық топты Гиви мен кавказдықтарға айдап салуға кірісті. Олар былтыр Гивимен қатты ұстасып барып, бұның араласуымен зорға бітімге келген. Сол себепті олар Гивиді жоюға келісті, өйткені, істің аяғының олар үшін тиімді болуын бұл қамтамасыз етуге кепілдік берді.
Гиви де Михо мен Иванычтың әмпей-жәмпейлігінен күдіктеніп, соңдарынан жасырын аңдушылар қойған. Бұл да басты қарсыласы ретінде бірінші кезекте Иванычтың көзін жоюды жоспарлай бастады. Бұл кезде Мәскеу ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасындағылар «жансыздарының» мәліметтері арқылы екі-үш күн ішінде қылмыстық топтар арасында үлкен қантөгіске соқтыратын «соғыс» болатынын біліп, дайындығын бастады. Бірақ, болғалы жатқан қантөгістің алдын алуға емес, қылмыстық топтардың соғысын сырттай бақылап, бір-бірін қыруға ешқандай кедергі жасамай, бір-бірін әлсіреткенін күтіп, сосын қалауынша әрекет жасап, қажет еместерін түрмелерге тоғытып, кейбіреулерін сындырып, өз айтқандарымен жүруге көндіріп алуға дайындыққа кірісті.
Өздерінің жасағалы жатқан барлық әрекеттерінің бақылауда екенінен хабары аз екі жақ болса тезірек іске кірісіп, бір-бірінің алдын орауға асығуда.
Әмір Мәскеудегі мына аласапыранға қарап, қылмыс әлеміндегілер үшін мазасыз да қауіп-қатерге толы кезең басталғанын білді. Сондықтан, жиған-тергенін жинақтап, Лилияға ет цехын сатуға дайындауды тапсырды. Лилия күйеуіндей сезініп кеткен жанның бәрін сатып, басқа жаққа кетпек ойын білісімен, оны Мәскеуде қалмаса да Петербургке, не Қара теңіз жағына бірге кетуге үгіттеді. Оған көнбеген соң, «Егер мені тастап кеткің келсе, цехтың жарты ақшасын шотыңа аударайын, ет цехын маған басыбайлы қалдыр» деген ұсыныс айтты. Әмірге де керегі сол еді, «Мәскеуден кете тұрмасам саған да, ет цехына да қауіп төнеді, түбі оралуға тырысамын» деп Лилияның көңілін аулаған ол барған жерінде бизнеспен айналысу үшін мол қаржы қажет болатындықтан осылай бәрін сатуға мәжбүр екенін айтты.
Лилияға керегі оның акциясы, не ақшасы емес өзі екенін бұл білді. Бірақ, қашанғы бұлай жалғаса бермек, күндердің күнінде екеуі екі жаққа кетуіне бәрібір тура келеді. Олай болса қазір екеуінің түсіністікпен айрылысқандары екеуіне де тиімді, әрі болашақта қайта бірігуге де мүмкіндік қалдырады. Сұлу келіншек мына азиятты қаншалықты қимағанымен бірге тұрған осы мерзімде оның мінезінен әбден сыралғы болып алғандықтан, оны түбі өзіне қайтып оралту үшін жақсылап құрметтеп, жылы шығарып салу, риза етіп жөнелту қажет екенін біледі. Елінде жүргенде осындағы күндерін, өзін, Мәскеуді сағынып аңсайтындай ете алса ғана түбі айналып соғуы мүмкін.
Гиви Васильевич соғы кездегі дүрбелеңнен әбден мезі болған болу керек, бір топ сенімді «законниктерін», қылмыс әлеміне қатысып жүрген өнер, мәдениет, бизнес, құқық қорғау салаларының қайраткерлері мен шенеуніктерінің басын қосып, үлкен думанды кеш өткізді. Елушақты қонақ жиналған кеште белгілі әншілер ән салып, сыған тобы өнер көрсетіп, көл-көсір дастархан мәзірі ұсынылды. Кеш соңына қарай Гиви жәй киімді адаммен жоғарғы қабатқа қарай оңашаланғанын көрген Әмір оның бұл кешті тегін ұйымдастырмағанын, қарсыластарына қатысты бір шаруаны құқық қорғаушылардың қолымен жүзеге асырмақ ойы барын сезді. Сөйтсе, оның қарсыластары да қарап жатпай, бұған қарсы әрекетке кірісіп кетіпті.
Сол кештің аяғында Әмір Гиви Васильевичпен қоштасып тұрып, оның өңінің қуқыл тартқанын байқаған. «Соңғы кездердегі дүрбелеңдерден қажыған болар, аласапыранның бір шетінде жүрген менің өзім соған шыдай алмай елге тайғалы жүргенде, қантөгістер мен қауіптің қақ ортасында жүрген бұл шалдың да жүйкесі жұқарған болар» деп ойлаған да қойған.
Таңертең төсекте жатқан қалпы теледидарды қосқан ол жаңалықтардан «Бүгін таң алдында Мәскеуде ғана емес, бұрынғы одақ көлеміндегі қылмыс әлеміне танымал Гиви Гореладзе кенеттен қайтыс болды. Алпыс жастан асқан оның ажалы жүрек талмасынан болған деген жорамал бар. Дегенмен, оны қасақана өлтірді, деген пайымдау да айтылуда. Соңғы кездері Мәскеуде қылмыстық топтар арасында шиеленісті қақтығыстардың жиі орын алып келе жатқанын еске алсақ, бұл ажалды кісі қолынан келген деген тұспалдаудың жаны бар деуге болады», деп хабарланды.
Мына хабарды естіген Әмірдің төбесінен жай түскендей болды. «Бәсе, кеше түнде ұсқыны келісіңкіремей тұрған еді, жансыздар, не сатқындар у берген болды. Мүмкін ФСБ-ның қылмыскерлер арасындағы қақтығыстың тез бітіп қалғанына көңілі толмай, қантөгіс қайта жалғасуы үшін жасаған қасақана әрекеті ме екен? Қалай болғанда да орыс астанасындағы грузиннің беделді қылмыскерінің жұрт үшін жұмбақ бұл өлімінің белгілі біреулер үшін жұмбақ еместігі айқын». Осындай оймен Әмір Мәскеуден тезірек тайып тұру қажеттігін ұқты. Гивидің жерленуінен кейін, тып-тыныш қана жылыстап кету керек деп ойлаған Әмірдің ендігі бет алысы туған жері Шымкент еді.
Хатшы қыз қоңырау шыр етісімен бастығының есігінен бас сұқты да, тез кері шығып:
Әмір Байбөрин мырза, кіруіңізге болады, — деп мұның қарсы алдына келіп сыпайы ғана жымиды. Алдына түсіп қаздаңдай келіп бастық бөлмесінің есігін ашып ішке кіргізіп, есікті нығарлай жапты. Кең бөлменің төріндегі үстел басындағы қырықтардағы, кең маңдайлы сары кісі орнынан тұрып келіп қолын алды. Жайғасып отырған соң мұнымен ескі танысындай қал-жағдай сұрасып, бұның ұсынған бизнес-жоспарын көріп, танысқанын, өзіне өте ұнағанын айтты.

Ең бастысы, осындай тамаша жобаңызды қаржыландыру мәселесін өзіңіз шешетіндігіңіз. Жұрттың көбісі бір ұсыныспен келе қалса, міндетті түрде қаржыландыруды өтініп, ең құрығанда банкіден несие алуға кепілдік етуді сұрай келеді. Менің осы қызметтегі екі жылдан астам уақытымда сіз өз жобасын «өзім қаржыландырамын» деп келген бірінші адамсыз. Оған қоса сіздің жобаңыздағы ұнағаны кедейлерге қамқорлық, солардың балаларына жағдай жасау мәселесі. Осыншалық артықшылықтары бар жобаңызды мен қолдаймын, барлық құжаттарыңызды реттетіп қойдық, Әмір Мамысұлы, сізге тек іске кірісу қалды, — деген әкімнің орынбасары стол үстінде жатқан құжаттарды бұған қарай ысырды.

Рахмет, Дәурен Ниязұлы, шаруамды бұлай тез бітіріп бергеніңіз үшін қалай алғыс айтарымды білмей отырмын, — деп Әмір қойнынан чек кітапшасын шығарып, қолына алтын ұшты қаламсабын алып, «қанша мың долларға жазайын?» дегендей сұраулы жүзбен алдындағыға қарады. Дәурен Ниязұлы оның ойын бірден түсіне қалғанымен, қолымен «қажеті жоқ» деп ишара білдірді.

Хатшы қызға ешкім алаңдатпауын тапсырып қойып, бұлар оңаша бөлмеде біраз әңгімелесті. Қымбат коньяктан ауыз тие отырып, жақынырақ танысу бағытында әңгіме өрбіткен Дәурен Ниязұлы бұған руы жағынан нағашы болып келеді екен. Бірақ, оны өткенде қабылдауына келіп, құжаттарын тапсырғанда бірінші мәрте көрген. Ол жолы салқындау сияқты еді, бүгін жылы қабылдап, бар шаруасын реттеп отыр. Дәурен де Мәскеуден оқу бітіріпті. Әмірдің де Мәскеуде оқығаны туралы білгенде таңырқағандай болып, қай институтты, қашан бітіргенін сұрай бастады. Бұл өзінің сырттай оқығанын айтып, әңгіме ауанын ауыстырып жіберді. Екеуі біраз әңгімелескен соң, әкімнің орынбасары бұны есігіне дейін шығарып салып, қандай мәселемен болсын, қысылмай бірден хабарласуын тапсырып жылы қоштасты.
Әмірдің елге оралғанына екі айдай болды. Облыс орталығына қырық шақырымдай жердегі туған үйінде бірнеше күн болып, мауқын басқан соң, қалаға келіп, осындағы «жаңа қазақтар» үй салып жатқан ауданнан екі қабатты дайын коттедж үй сатып алды да, ойына алған жобасын жүзеге асыруға кірісті. Жерлестері арқылы облыс әкімінің орынбасарына жол тапты. Міне, сол кісі аз уақытта бар шаруасын тап-тұйнақтай етіп шешіп берді. Бұл болса әкімшілікке бизнес-жоспарын өткізген соң, уақыт оздырмай осындағы криминал әлеміне де барлау жасаған. Бірқатары естіп жүрген, бірлі-жарымы таныс жігіттер екен.
Беделділердің бірі Нокаутер деген боксер жігіт болып шықты. Қалада «ерегестерді», «жанжалдарды» айырып беріп отыратын Мороз деген бар болып шықты. Ол осындағы түрлі топтардың арасын реттеуші «авторитет» көрінеді. Әмір сонымен кездесіп, тамырын басып, деңгейін байқап көрді. Мұндағы «бауырластар» мұның «законник» екеніне таңданбадды, тіпті Мороз сөз арасында «Баяғыда обком хатшыларын Мәскеу тағайындап жіберетін, бірақ ол заман келмеске кетті. Қазір біздің еліміз де, өзіміз де тәуелсізбіз» деп «мәскеулік «законник» болсаң қайтейік» дегенді әзілдеген болып, тұспалдап аңғартты.
Шашын жылмита сулап тарап, бақа басына жапсыра жатқызған, үстіне мүңкітіп иіс су сеуіп алған, көкшіл көзі ойнақшып тұратын, жымқырма ерін, ірі денелі Мороз кескініне қарай топастау, дөрекілеу біреу екен. Бірақ бұған әлгіндей тұспалдан артық ештеңе дей алмады. Сонда да суқаны сүймей қалған Әмір оны дәл қазір таптап өткісі келіп отырды да, сабасына түсті. Мұның ашулана қараған отты көздерінен көзін тайсақтатып бұрып әкеткен Мороз қайтып әзілдемеді. Оның үстіне өзінің қолға алып жатқан жаңа ісіне қатты аңсары ауып жүргендіктен жұртты дүрліктіргісі келмеді. Іштей «орнығып алайын, сосын әуселелеріңді көре жатармын» деп тоқталды. Ал, қазірше сол жаңа жобасын ақшаны аямай жүзеге асыруы қажет.
Тимка деген жерлесі арқылы Нокаутерге де жолықты. Ол орта бойлы, қағылез келген киіктің асығындай ғана шымыр да, отты жанарлы жігіт екен.
Оның адамның көзіне тік қарайтыны ұнады бұған. Екеуінің әңгімесі жарасты, ол мұндағы «авторитеттер» туралы біраз мәлімет берді. Тимка арқылы бұл туралы да біраз білетіні байқалады. Оның айтуына қарағанда мұндағы бірнеше топтың арасында дербес қимыл жасайтыны жоқтың қасы, әр топ билік басындағылардың, құқық қорғау органдары шенеуніктерінің қолтығына кіріп алған. Олар ондай топтарды заңнан қорғап, сотталудан құтқарып қалып отырады, бұлар табыстарынан үлес береді.
Алматының «авторитеттерімен» байланысы бар бірлі-жарым жігіттер бар, бірақ бұл қаланың өз өмірі өзінде. Автомашина ұрлаушылар мен есірткі бизнесімен шұғылданатындардың бұрынғы одақ көлемінде, әсіресе, Ташкент пен Мәскеуде, Балтық бойында байланыстары, серіктестері бар көрінеді.
Жалпы, зерттей келе қалада бірнеше авторитет болғанымен, олардың бәрі де негізінен жергілікті топтар, әрі бір-бірімен байланыстары да, қақтығыстары да жоққа тән екенін аңғарды. Өйткені, олардың көпшілігі жергілікті биліктің маңайындағылармен байланысып алғандықтан, әрқайсысы өз бетімен, иелері шекісіп қалмаса бір-бірлерінде шаруалары шамалы. Бұл да ойына алған шаруасын жүзеге асыру үшін адамдар мен ақша арқылы жергілікті билік иелеріне жол табуға мәжбүр болды. Барлық мәселеде де осылай керекті адамдармен тіл табысусыз мұнда іс бітпейтінге ұқсайды. Құқық қорғау органында туған інісі істейтіндіктен бұл ол жағына бас сұғып таянбады. Інісіне залал келтіріп алмас үшін ол органдармен байланыспауды жөн санады. Інісі Төре облыстық прокуратурада маңызды бөлімді басқарады. Онымен елге оралып, туған үйіне келген күннің ертеңіне жолыққан. Төре де өзге інілері де мүлде өзгеріп кетіпті.
Әмір бірнеше жыл сыртта болып оралғанда үйінде көптеген өзгерістер болыпты. Әке-шешесі де уақыт шіркіннің мүжуімен шөгіп, қартайыңқырап қалыпты. Інілерінің барлығы да соқтауылдай жігіттерге айналған. Әсіресе, бала кезінен спортпен тиянақтылықпен айналысып келе жатқандықтан болар Төренің тұлғасы өзгелерінен ірілеу, мұның өзі оның қасында қораштау көрінеді. Қақпақтай кең жауырынды, ұзын бойлы ол формасын кигенде тіпті сұсты. Оның тұлғасына сүйсіне қарап тұрып «Әкеміз де, шешеміз де шағын денелі жандар, біздің бәріміз бірдей кімге тартып соқтауылдай ірі жігіттер болғанбыз» деген ойға еріксіз келді.
Туған үйіне оралып, бауырлары мен әке-шешесін қуантқан күннің ертесіне әкесі қой сойып құдайы тамақ берді. Аз ғана туыс-жамағайын, көрші-қолаң жиналды. Солардың арасынан көп жылдардан бері көрмеген Темірбайды кездестірді. Ол қасында бір жігіті бар шетелдік көлігімен сырғытып келіп аула сыртына тоқтады да, есік алдындағылармен амандасты. Мұнымен жақын досындай құшақтасып амандасып, «сені де көретін күн бар екен ғой» деп жатыр. Содан тамақ желініп болып есік алдына шыққанда мұны қолтықтап алып оңашалау шығып, біраз қал-жағдай сұрасып, өзінің де «бауырластарға» қатысы барлығын байқатып, «Шымкенттемін, жігіттермен жайлап «түсінік бойынша» тірлік етіп жүрміз. Өзің де қалаға қарай жақындайтын боларсың, хабарлас» деді.
Бұның Тимкамен оңашаланып сөйлескенін байқап қалған әкесі де, інісі Төре де жақтырмай тұрғанын Әмір аңғарып қалды. Сөйтсе, ауылдастары Тимканы «рэкет» ретінде білетіндіктен, оның қалада қылмысқа жақын жүретінін еститіндіктен, жақтырмайды екен.
Жұрт тарап, өздері ғана қалғанда Төре мұны тоғай, өзен жаққа барып желпініп қайтуға шақырды. Ауылдан әудем жердегі өзенге дейін созылған тоғай ішімен келе жатып Әмір оның сиреп қалғанын аңғарды. Бұлардың бала кезінде бұл жиделі тоғайда мал жоғалып, адам адасатындай еді.
Екеуі тоғай ішіндегі соқпақпен жаяу аяңдап өзенге жетті. Өзеннің кемері баяғы қалпы, суы кемімеген сияқты. Жағалау жап-жасыл құрақпен көмкерілген. Су беті майда толқынданып жатқанымен өзеннің ағысы қатты, орта тұсына қарай барғанда адам аяғын басып тік тұра алмайды, су екпіні жығып кетеді. Өзен жағасына келген соң да бірі қылмыс әлемінің, бірі құқық қорғау органының тісқаққандары – ағайынды екі жігіттің сөздері қабыспай, шүйіркелесіп кете алмай отыр. Екеуі де бір-бірін көп ойлап, қатты сағынған да сияқты еді, енді міне, қатар отырған сәтте не айтарларын білмей тосылып, тосырқап қалғандай, әңгімелері арнасына түсер емес.
Әмір шешінді де үндеместен асау өзенге қойып кетті. ­Өзеннің суы шілдеде де мұздай суық болатындықтан адамның су ішінде ұзақ шыдауы қиын. Бұл неге екенін білмейді судың мұздайлығын сезінген жоқ, тереңдеу тұсында ағысқа қарсы біраз жүзіп, су астына қайта-қайта сүңгіп бір марқайып, сергіп қалды. Інісіне көз қиығын тастап еді, Төре малта тастарды су бетімен қиғаштата лақтырып «қаймақ» жасап тұр екен. Бала күндерінде су бетіне «қаймақ» жасаудан бәсекелесіп жарысудан шаршамаушы еді-ау. Сол бір күндер рахат кездер екен ғой, уайымсыз, қайғысыз балалық шақ деген сол екен ғой. Бірақ ол кезде де кішкене ғана бала болса да өздеріне тән проблемалары, кейде қуанып, кейде ренжіген шақтары да болды. Дегенмен, бүгінде сол балалық шақтың қайта оралуын көңіл тілегенімен, оның қайта оралмасын жүрегі сезеді.
Өзеннің інісі отырған жағалауына қарай белуарынан келетін суды жалдап жақындап келе жатып «Төре де балалық шағын, бауырлары – бізді сағына ма екен, әлде түксиген қабағы сияқты қатыгезденіп бәрін ұмытып кетті ме екен?» деп ойлады. Екеуінің жанарлары түйісіп қалып еді, ағалы-інілілер екеуі де риясыз көңілмен аппақ тістерін көрсете күліп жіберді. Әмір қос қолымен күрей су алып інісіне қарай шаша жағаға шықты да, жасыл құраққа жантайып жата кетті. Жаңағы күлкіден бе, сол сәттегі інісінің риясыз жүзінен бе, әйтеуір көңілі өрекпігендей, өз-өзінен жүрегі алып-ұшып лепіріп жүре берді.
Айналасындағы бала күннің ескерткішіндей өзен-тоғайдан бастап, бүкіл мына әлем тамаша, жұрттың бәрі де ақжарқын, ақжүрек риясыз сияқты, айналаңа, адамдардың бәріне тек жақсылық жасауың, тек жақсылық ойлауың керек сияқты. Көңілі алабұртып әлденеге шарықтап көтеріліп кеткен Әмір атып тұрып інісін бассалып құшақтап, бауырына басқысы да келіп кетті. Олай еткен жоқ, ала бұлты асықпай жылжыған көк аспанға қарап шалқасынан жатқан қалпы:

Төре, балалық шағымызды есіңе алып жүресің бе? Мына өзенге шомылып, тоғайда ойнап жүрген күндеріміз, ана ауыл, бауырларымыз, достарымыз бәрі-бәрі қандай тамаша еді. Қара су мен қара нан жесек те сол кезіміз нағыз рахат, бақытты шақтарымыз екен-ау. Мен шалғайда жүргендіктен бе осының бәрін, өздеріңді жиі түсімде көремін, сағыныштан көңілім бұзылып, жабырқап та қалатынмын. Сен ше? Үйден кеткелі мені сағындың ба? Бір мәрте болса да мені түсіңде көрдің бе, а, Төре? – сөзінің соңын даусы жарықшақтанып барып бітірді. Жанарына мөлтілдеп келген тамшы көзінің құйрығымен төмен сырғып, самайына қарай ағып түсті. Түйсігінде «көңілшек болып барамын ба?» деген сұрақ жылт етті.

Інісі ағасының мына сөздеріне таңырқай бұрылды:
Әмір аға, неге сағынбайық, біз де сағындық. Үйде басымыз қосыла қалса бірінші өзіңді еске аламыз, апам «байғұс балам-ай, өлі-тіріңді де білмей пұшайман болдық-ау» деп көзінің жасын сығып алады. Сен неге сонша уақыт хабар-ошарсыз кеттің? – Төре өзінің де көңілі селдей бұзыла бастағанын аңғарғанымен тамағын қырнап, бойын жиып алды. – Айтшы, аға, сен енді біржола оралдың ба, әлде «гастрольмен» жүрмісің? Бағана әкеміз бен ауыл шалдарына Мәскеуде оқыдым, жұмыс істедім дедің, оныңды қалай түсінуге болады? Мәскеуде оқыдың ба, тағы «зонада» оқыдың ба? Шыныңды айтшы, Әмір аға, соныңды қоясың ба, әлде солай болып кеткенің бе? Адам сияқты қашан өмір сүрмексің? Айтшы соныңды.

Бұл басын көтеріп алды да, өзін зорлағандай жымиып, күліп жіберді:
— Төре, Төреш, сен өзі не болып кеткенсің, нағыз прокурор болыпсың ғой өзің. Ағаңды сағынғаның ба, сонша сұрақ қойғаның қалай? Маған алаңдамай-ақ қой, бас менде де бар ғой. Төреш, есіңде ме, бала күнімізде теледидардан тамаша жабдықталған спорт кешендерін көргенде «шіркін, сондай залдарда, сондай жабдықтармен жаттықсақ біз де әлем чемпионы болар едік» деп армандаушы едік қой. Мен қаладан өз ақшама үлкен спорт кешенін саламын, жүздеген балалардың біздікіндей арманының орындалуына жол ашамын.
— Әмір аға, ол миллиондар қайдан келді саған?
— Енді оның еш маңызы жоқ, ең бастысы, спорт кешеніне жұмсалатындығында.
Олар осылай қызына біраз әңгімелесті. Інісі қанға малынып, қылмыстық жолмен келген арам ақша жүрген жерге жақсылық жоламайтынын, ондай ақшамен айналысқан адам адал бола алмайтынын алға тартса, ағасы қылмыскерлер түгілі мемлекеттік биліктің түрлі деңгейлерінде жүрген шенеуніктердің, тіпті құқық қорғау органдарындағылардың арасында да арам ақшаны уыстап ұстап жүргендердің жеткілікті екенін, ақшада иіс те, дәм де болмайтындықтан қандай ақша болса да бәрібір, тек оның қайда жұмсалатындығында барлық мәселе, деп уәж айтты. Екеуі де өз пікірлерінде қалғандай болды.
Ағасы құқық қорғау органдарындағы бұл көрген басқа адамдардай інісінің де қатал болып кеткенін сезінсе, інісі ағасының елден кеткелі қылмыстық жолмен жүріп келе жатқанын, әлі де сол жолдан шықпасын, тура тарта беретінін ұқты. Ағасы енді бұл жолынан екі жаққа ғана бұрыла алады, бірі – түрмеге, екіншісі – молаға. Өйткені, ағасы қылмыстық жолдың бастауында емес, орта тұсына қарай кетіп қалғандықтан, оның енді басқа жолға шығу мүмкіндігі жоққа тән.
Көп ұзамай қала орталығындағы үлкен кинотеатр ғимаратына жапсарластыра тағы құрылыстар салынып, театрдың өзі де қайта жарақтандырылып спорттық-думанды кешенге айналып шыға келді. Спорттық кешеннің іші-сырты жайнап, құлпырып шыға келгенде Әмір өмірінде өз еңбегінің рахатын, жеміс-нәтижесін тұңғыш сезініп, ерекше қуанды. Ғимараттың маңдайшысына «Арлан» спорттық-думанды кешені» деп жаздырып, арлан қасқырдың бейнесін қоса ілгізді. Қарасаң көз тойғысыз жаңа ғимаратқа қала тұрғындары қызыға қарап, оның иесі туралы гу-гу әңгіме де тарап кетті.
Біреулері «Бұл ғимараттың қожайыны үкімет басындағы мықтылардың бірінің туысы екен» десе, екіншілері «Мәскеуде оқыған, сонда бизнес жасаған  іскер шымкенттік жігіт екен» деп, үшіншілері «Қылмыс әлемінің «авторитеті» көрінеді, спорт кешені деген сылтаумен қаланың дәл орталығынан өзіне үшқабат кеңсе салып алған» десті. Енді біреулер «Чешенстанда бес жыл соғысқа қатысып доллармен мол қаржы тауып келген жігіттікі екен» дегенді де айтып жүр. Бірақ, қай әңгімені айтқандар да сөзінің соңында «Кім болса ол болсын, мол қаржыны қайдан, қандай жолмен тапсын, басқалар сияқты бас пайдасына жаратпай халыққа пайдалы нәрсеге жұмсап жатқанын айт» деген пікірге тоқайласып жатты.
Жаңа ғимараттың қожайынын алғашқы күндерден-ақ құқық қорғау органдары да жасырын тексеріп, зерттеуге кіріскен. Олар Алматы, Мәскеу арқылы оның екі мәрте сотты болғанын анықтады. Біріншісінде Жезқазғанда қоғамдық орында төбелесіп, қалтасынан есірткі табылғаны үшін төрт жылға, екіншісінде чешен «боевиктерімен» байланысы болуы мүмкін деген күдікпен, әрі жалған құжатпен жүргені үшін Ресейде үш жылға сотталған. Алматыда әлдебір қылмыстық топтар арасындағы қақтығыстарға қатысы бар деген, чешендермен байланысы бар деген күдіктер дәлелденбеген. Мәскеудегі өмірі тіпті түсініксіз. Онда бір кәсіпорынның басшылығында болған деген мәліметпен қатар сондағы грузиндік қылмысты топтармен қатынаста болған деген де күдік бар. Түсініп көріңіз, талай нәрсе бар сияқты, бірақ байыптап қарасаңыз ұшынан ұстар ешқандай айғақ, дәлел жоқ. Сондықтан оған бірдеңе деп тиісудің өзі қиын, оның үстіне облыс әкімінің орынбасары Дәурен Ниязұлының өзі оның кинотеатрды алып, айналасын кеңейтіп, жаңа ғимараттар салуына рұқсат берген. Жәй рұқсат беріп қана қоймай қолдап «Жақсы іс бастап жатқан жігіттің жұмысына ешкім кедергі келтірмесін» деп шегелеп ескертіпті. Ал оның кекшіл, пасық адам екенін білетіндер енді ол ғимараттың да оның иесінің де маңынан жүре қоймайды.
Облыс прокуроры қарамағында істейтін Төре Байбөринді шақырып алып ағасы Әмір Байбөрин туралы әңгімелесті. Бірақ, Төре оған не айта қойсын, мұның білетіні милициядағылардың білетінінен де мардымсыз. Ағасы бірнеше жыл мүлде хабарсыз кетті де, міне, енді елге оралып «кедейлердің балаларының армандарына жол ашу үшін» деп спорттық кешен салды. Оның ойында не барын, қандай адам болып қалыптасқанын Төре қайдан біле алсын. Бірге туып, бірге өскенімен ағасын қаншама жылдан кейін көріп тұрғаны осы. Оның қай жағына өзгеріп, қандай адамға айналғанын бір құдай біледі. Қылмыскер болып, онысы дәлелденіп жатса, Төре ағам екен демей бірінші болып оны ұстап жазасын тартуын қамтамасыз етеді. Жас болса да алғыр, іскерлігімен болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген қызметкерінің «егер ағамның қылмыскер екені анықталса, өзім тұтқындауға бейілмін» деген сөзіне прокурор риза болды. Дәл осы сөзінің шындыққа айналарын ол кезде Төре де білген жоқ еді…

Leave A Reply

Your email address will not be published.