Алпысбай қарт: ешкі мен Изабель

0 1 273

Параграф 2.
Бәрібір бақытты боламын…

Көктемнің соңғы күндері ауыл дүр ете қалды. Бәтиманың
баласы Алматыдағы химфакты бітіріп, диплом алып, онымен
қоймай, келін алып келіпті.
«Келін болғанда, әлі келін емес дейді. Бәтимадан рұқсат
сұрап келіпті. Бетім ай, орыс екен. Қазақша түсінеді, бірақ
сөйлемейді дейді». Ертеңгілік шәй құйып, әңгіме бастаған кемпір енді тоқтамайды. Алпысбай кемпіріне аларып бір қарады
да, ойланып кетті.
Мақат құрдас тірі болғанда, Бәтиманың баласы диплом
алып келді дегенді естіп, ана екеуін тағы тепкілер еді. Биыл
қыста ауыл болып Мақат қарияны жерлеген. Еее, деді. Жазда
домалақты келін алып келер. Бал сатып жүрген орыстардан бір
флягын алып қойған. Торт пен чакчакка тояды енді.
Алпысбайдың ауыл өсегінде шаруасы жоқ. Тіпті біреу
әңгіме айтайын деп огородқа келсе, сырт айналып кетеді. Жек
көреді. Не әңгіме ол бітпейтін? Мақат айтпақшы, ептваймайттар
өсек соққанша, өздерінің қора-қопсысын жөндемей ме? Көктем
келді, пияз, бұрыш, зелен егіңдер, тұқымын беремін деді.
Сәлменнен басқа ешкім тұқым алып, огород екпеді. Шаруасын
жөндеп алмай, әңгіме қуалап жүретін ауылдастарына
Алпысбайдың жыны келетін. Бұдан басқа не қызығым қалды
деген кемпіріне, алдымен шаруаның бәрін реттеп ал, одан уақыт
қалса ғана ауылды аралайсын деп ескерткен. Соған қарамай зып
етіп өсек теріп келеді. Анау келін алды, мынау диплом алды
дейді. Онда менің шаруам қанша?
Алпысбай кесені қотара бір сарқыды да, бет сипап, далаға
шықты. Огородта жұмыс көп.
Алпысбайдан тұқым алып, огород еккен Сәлмен Мақаттың
заңсыз баласы еді. Гүлжамал бұл Мақаттың баласы деп ауылға
алып келді. Мақат ұлды мойындамай қойғаннан кейін,
Гүлжамал құсадан осында өлді. Бала Сәлмен әркімнің есігінде
өсті. Тоқалдан туған деп, ауыл баласына дейін онымен ойнамай
қойып еді. Бертінде Алматыға көшкен Қанаттар бұзып алып
кеткен үйдің фундаментіне лайдан кірпіш илеп, там салып алды.
Ішпейді, ешкіммен қақ-соғы жоқ. Жылқы тауда болғанмен, сиыр
ауыл жақта. Соның кезегін бағады. Сол кезектің өзінен
ақырындап мал құрап алсам деген арманы бар. Әзірше бір сиыр
мен екі қойға ғана қолы жетті ау деймін. Алпысбай үйдің
сыртын сырлауға әк, шатыр жабуға ескі шиферін беріп
көмектесіп тұрады. Сәлмен жақсы солдат.
«Аташка, давайте помогу!». Алпысбай огородта мотордың
суын жалғай алмай тұрғанда, артынан шыққан дауысқа селт ете
қалды. Орысша естімегелі, сөйлемегелі қай заман. «Алпысбай,
ты не можешь или не хочешь? Майор Беликов деген 40 километр
марш-бросоктан кейін тұра алмай жатқан бұдан осылай
сұрайтын. Не хочу десең біттің. Гаупвахтаға тығады. «Не хочу»
қатындардың сөзі. Не могу дейтін. Ну, понимаю дейді майор.
Завтра в бою будет легче. Тағы 10 шақырым айдап жүгіртеді.
Беликовтың темірдей тәртібінің қызығын подлодкада служить
еткенде көрді. Бұлардың дизельный подлодкасы Карибский
кризисте америкаға берілмей қойған жалғыз кеме болды. Кетов
деген командирден бастап, бәрі «Красный звезда» орденін алды.
Алпысбай өзін нағыз офицер санап, әскердегі темірдей тәртіпті
аңсайтын. Аташкасы несі? Бұл капитан Онгарбаев, офицер
Тихоокеанского флота ВМФ СССР, моряк дальнего плавания
емес пе? Отставить деп айқайлайын десе, шашы сары, көздері
ботадай жас қыз екен. Ауылда мұндай адам жоқ еді. Дәу де болса,
жаңағы Бәтиманың баласы жетектеп келген келін болар. «Әуре
болма қалқам, үйіңе бара ғой. Өзім-ақ қосып аламын».
Балқияның кешеден бері настроениесі шырт бұзылды.
Жігіті деп жүрген Еркін басқа қыз алып келіп, мамасына
үйленемін дегенін осы ауылдың итіне дейін құлағына
сыбырлап кетеді. Үйде жата алмады, құрбысын алып, жаңа
королеваны көрейік деп кетті.
Аулада отыр екен. «Сәлем» деді, Балқия. Бұл үйдің
орамалын басыңа сен емес, мен киюім керек деп ішінен айтты.
«Привет» деген қыздың есімі Карина екен. Құрбысын ары
қалдырды, Каринаны бері шығарды. «Сен оны сүйесің бе» деп
сұрады. Қазақша түсінеді екен. «Я за ним пошла на край света. С
открытой душой» деді. Сонда сүйе ме?
Құрбысы не айтты, не айтты деп сұрап қоймады. Открытый
душ деп айтты, душты ашып, тыр жалаңаш шомылғысы келеді
екен. Міне жаңалық. Өсек сенсация. Оны таратуға Балқия мен
құрбысы қатар жүгірді.
Ауыл тағы дүр ете қалды. Бәтиманың баласы алып келгені
салдақы екен. Ертең Еркінмен душқа бірге тыр жалаңаш түсемін
депті. Ұят ай. Бәтима жер болыпты. Еркінге осыған үйленсең
теріс батамды беремін депті. Қанша дегенімен анасы ғой. Еркін
анасының айтқанына көніпті. Қысылғаннан Балқияны үйге
кіргізіп алыпты. Бәтиманың үйіне кірген көршілерге Балқия
сәлем салып жүр екен. Ана қызды түнде Мелстің баласы
автобазбен қалаға апарып тастайды екен.
Алпысбай таңғы бесте тұрса да, түстен кейін мызғып
алатын флоттан бергі әдеті бар. Бұл жолы айғай-шудан оянды.
Терезенің түбіне ауылдың бар қатын-қалашы жиналған сияқты.
Огородқа шықты.
Алпысбай Оралдан құдалары келгенде аяқ жазсын деп,
огород сыртынан сәкілер жасап орнатқан болатын. Оның
қызығын ауылдастары көріп кетті. Өздерің жасай алмадыңдар,
құрығанда сәкілерді қазып алып, арырақ орнатыңдар десе де,
ауылдастарының бірі саусағын қимылдатпады. Қатындардың
әңгімесін жаратпайды, бірақ шибөріше жаңағы сары шашты
қызды талап жатқанын байқады. Шабаданын шашып, ортаға
лақтырып тастапты.
«Еркіннен садаға кет салдақы» деп, Бәтима зарлап отыр.
Біреудің баласын салдақы дегені несі?
— Әй, Бәтима, — деді Алпысбай. Оның салдақы екенін қайдан
білдің?
«Ойбай, өзі айтты» деп жан-жақтан жиналғандар шулап қоя
берді. Еркінмен душқа жалаңаш түсемін деді.
Есі дұрыс адам олай айтпаса керек. Бір шикілік бар сияқты.
Ауылда Алпысбайдан басқа орысша білетін адам да жоқ. Бәтима
Балқия екеуі баласын үйден шығармай отыр ау. Ұят болса да,
басын ашып алу керек.
«Доча, они говорят, что ты голая хочешь с Еркином купаться в
душе» деді.
— Они что, гонят что ли?
— Ты кому-то про душ говорила?
— Я единственная сказала той девушке, что у меня открытая
душа. Больше я ни с кем не разговаривала.
Қыз мына қорлықтан боздап жылап жіберді.
— «Орыс жәлеп, қалаңа тай» деген Жанаркүлдің дауысы
шықты. Жанаркүл не істеп жүр мұнда? Шатыры тесіліп, төрт
баласы тұмаудан құлап жатыр. Шатырын жөндемей ме.
Ептваймайт, балаларын емдемей ме!
Алпысбайдың қаны басына шабайын деді. Мына қатындар
жазықсыз баланы талап тұр. Әйелдік міндеттерін, үй шаруасын,
бала-шағасын ұмытқан.
«Я — казашка» деді, жаңағы қыз. Көзі бұлаудай болып ісіп
кеткен, ентігін баса алмайды. «Перед тем как меня в детдом
сдать, мама говорила, что я казашка, из рода аргын. Папа погиб
в Афгане, он был в спецназе. Мы жили в Киеве».
Тоқта! Ауған соғысын бастайтын Амин ханның сарайына
жасалған шабуылды Киевтен барған «Зенит» спецотряды
өткізген. Көп сарбаз қаза тапқан. Демек оның ішінде жаудан беті
қайтып көрмеген арғынның арлан азаматы болған ғой. Спецназ,
нағыз офицер. Мынау соның қызы, асылдың сынығы. Қаны
тартып еліне келгенде, істеп отырғандары мынау. Ептваймайт,
шешеңді ұрайындар!
Қазір бәрін атамын! Шетінен атып тастау керек, мына
шибөрілерді!
Алпысбай ұшып үйге кірді. Морфлот адмиралы сыйлаған
именной револьвер бар. Алты оғымен. Ровно алты далбанға
жетеді. Калаш болғанда бәрін шетінен қыратын еді.
Револьверді алып шығып, аспанға бір атты. Күн күркіреп,
найзағай ойнағандай болды. Әйелдер өлдік деді. Кемпірлер
иманын оқи бастады. Алпысбайдың мінезін біледі. Кемпірін
талай қамшымен айырған. Бұл тошно атады. «Сиыр сауылмай
қалды» деп ойлады Мырзагүл. Жанаркүл ауырып жатқан
балаларды еске алды. Анипа көрші ауылда құдалыққа
көмектесу керек. Бәтима бір қателіктің кеткенін іштей сезе
бастады.
Алпысбай револьверді Бәтиманың басына кезеді.
Бәтиманың бар өмірі көз алдынан өтіп барады. Күйеуі электрик
еді. Еркінге екіқабат кезінде, трасформаторды жөндеймін деп,
тоқ соғып өлді. Жалғыз Еркіннен басқа ешкімі жоқ. Немере сүйіп
те үлгермеді.
Алпысбай атпады. Шабаданды жинап, сүрт деді. Бәтима
қуанғаннан шабаданды жалауға әзір еді. Шабадан бес секундта
жиналып, тазаланды.
Енді Алпысбай револьверді Каринаға кезеді. Отвечай да
или нет деп айқай салды. Қалшылдап кетті. Алпысбайдың бұлай
ашуланғанын ауыл тұрмақ, құдай қосқан кемпірі де көрмеген
еді.
— Ты Еркина любишь?
— Да.
— А он тебя не любит. Привел тебя сюда и бросил.
— ….
— Есть парень, хороший мужик. Салмен. Тоже сирота. Ты за него
выйдешь? — деп сұраулы түрде ақырды.
Қыз да барар жері, басар тауы жоқ. «Да» деді.
Енді револьвер кемпіріне кезелді. Кемпірінің көз алдында
Алпысбаймен бірге өткен өмірі өтіп барады. Кемпірге күріш, ұн,
тұз, май, картоп алып шық деді. Кемпір клетке ұшты.
«Вон твой дом» деп қызға Сәлменнің лашығын көрсетті.
Вечером придет муж. Ауылдың қатындарын қолымен көрсетті
де, покажи им всем деді.
Құсқа қанат бітетін сәт естеріңізде ме? Менің есімде.
Арғынның қызы Карина қанат біткен құс еді. Басын тік көтерді
де, шабаданын алды. Кемпір алып шыққан ауыр мөшекті ләммим
деместен арқасына артты да, өзінің жаңа үйіне беттеді.
Сәлменнің үйіне кіргенге дейін бүкіл ауыл бір демін ішке
тартып артынан қарап тұр еді. Алпысбай үйіне кетті. Бәрі
тарады. Жарты сағаттан кейін Сәлменнің мұржасынан
будақтаған түтін шықты.
Ауылдың балалары Сәлменге хабар беру үшін бірімен бірі
жарысып мал жаққа жүгіріп бара жатты. Уақыт та сол
балалардай жүгіріп өте берді.
Бір-екі жылдан кейін Балқия Еркінмен айрылысып кетті.
Анығында басқа жігітпен қашып кетті. Ибалы, инабатты деп еді.
Ойбай, сәлем салады деп еді. Келіннің өзіне сәлем салғаны емес,
баласының бақыты маңызды екенін Бәтима кеш түсінді. Сол
өкінішін қабірге ала кетті.
Карина Сәлменмен бақытты ғұмыр кешуде. Ауылда көп
тұрмай, Алматыға көшті. Тиыннан құрап үлкен ресторан салды.
Төле би Гагариндегі «Алтын айдар» ресторанына қарын тоқ
болса да, шәй ішуге әдейі кіремін. Әр кірпішінен Каринаның сол
кезде төгілген көз жасын көремін. Бақыт үшін күресе білген
адам, бақытты болуға лайық…

Жалғасы бар…

Авторы: Айбар Олжаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.