Жамбыл облысында жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде: қауіпті учаскелерде жолдың тарылтылуы, дрондар арқылы бақылауды күшейту, сондай-ақ жүргізушілердің шаршауының алдын алуға бағытталған рейдтер кезінде түсіндіру шаралары ұйымдастырылуда.
Бұдан бөлек, Тараз қаласында және облыстық трассаларда анықталған қауіпті учаскелерге қосымша жол белгілері орнатылып, жол таңбалары жаңартылып, патрульдік бақылау күшейтілуде.
Полиция департаментінің мәліметінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары салдарынан болған өлім-жітім 23,2 пайызға азайған.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері автомобиль жолдарының жағдайына 2381 тексеру жүргізген. Осы шаралар аясында 16386 шақырым жол төсемі қаралды.
Тексеру нәтижесінде облыс жолдарында инфрақұрылым мен көлік пен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысына қатысты 10579 түрлі кемшілік анықталған. Жол пайдалану ұйымдарының басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою үшін 2381 нұсқама берілді.
Автожолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын орындамағаны үшін 293 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында полиция қызметкерлерінің нұсқамаларын елемеген Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Шу, Меркі аудандарының әкімдік өкілдері де бар.
Берілген нұсқамалар бойынша облыс жолдарында ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 518 жаңа жол белгісі орнатылды, тоғыз бағдаршам кешені монтаждалды, 11325 шақырым жол таңбалары жаңартылды, 11721 шаршы метр жол төсемі жөнделді, 30 жол буфері ауыстырылды, 3363 сигналдық діңгек және 6200 жарық қайтарғыш катафот орнатылды, 4102 метр қоршау ауыстырылды, 730 метр жасанды жол кедергілері қалпына келтірілді. Тоғыз жол учаскесіне жыпылықтайтын маяктар, жануарлар мен патруль көліктерінің макеттері қойылды, ал 53 ауылдық тасжол учаскесінде шу жолағы жаңартылды.
Балалардың жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру мекемелерінің маңайы тексеріліп, мектептер мен балабақшалардың алдында жол таңбалары жаңартылып, тиісті ескерту және шектеу белгілері орнатылды.
Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, автожолдардың жағдайына бақылауды әрі қарай күшейтуді жоспарлап отыр, әсіресе білім беру нысандарының жанында және апатты-қауіпті учаскелерде.
Сонымен қатар патрульдік қызмет жауя жүргіншілерін жолын өткізбейтін жүргізушілерді анықтау үшін рейдтік іс-шаралар өткізуде. Мәселен, жол қауіпсіздігі апталығы аясында Таразда №32 бағыттағы автобустың жүргізушісі жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері осындай құқықбұзушылық жасаған 1311 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған.
Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге құрмет көрсету жол қауіпсіздігінің негізгі қағидаларының бірі екенін атап өтеді. Сонымен бірге жаяу жүргіншілер де жол қозғалысы ережелерін сақтап, жолды тек арнайы белгіленген жерлерден кесіп өтуі тиіс.
Статистикаға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының ең көп таралған себебі – жылдамдықты асыру. Жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру үшін техникалық бақылау құралдары қолданылады. Бір жыл бұрын облыстық полиция департаментінде 150 метр қашықтықтағы көлік құралдарын анықтап, үш жолаққа дейін бақылау жасай алатын жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер таныстырылған.
Бүгінде өңірде 3 «Интегра», 4 «Red Speed» , 38 «Автоураган», «Hyundai» базасындағы мобильді 4 «Автоураган», «JAC» базасындағы 10 «Арқан» жүйесі және басқа да техникалар жұмыс істеп тұр.
Өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс жүйелі түрде жалғасуда.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.