Биыл 20 млн шаршы метрге тарта баспана тапсырылады

0 3

Биыл 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлім етті.

— Жаңа тұрғын үй құрылысы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты саналады. 2023 жылдан бастап 2024 жылды қоса есептегенде жоспарланған 30,8 млн шаршы метрдің орнына 36,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (2023 жылы 17,8 млн шаршы метр және 2024 жылы 19,1 млн шаршы метр). Осы орайда екі жылдық кезеңде (2023-2024 жылдар) қабылданған шаралар Президенттің сайлауалды бағдарламасының жоспарынан 6,1 млн шаршы метрге артық орындауға мүмкіндік берді, — деді Қ. Қажкенов.

Оның айтуынша, биыл ел бойынша 19,2 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Осы жылдың 10 айында 14,6 млн шаршы метр тапсырылды. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық.

— Бүгінде Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарының орындалуы (111 миллион шаршы метр тұрғын үй көлемінде) 46,4% немесе 51,5 млн шаршы метрді құрады, — деді вице-министр.

Атап айтқанда, сайлауалды бағдарламасында жеті жылда 111 млн шаршы метр баспана салу ескерілген. Бұл тұрғыда жыл сайын кем дегенде орта есеппен 15-16 млн шаршы метр пайдалануға берілуі тиіс.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мемлекет тұрғын үй көмегін беру ережелерін жаңартты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.