Алпысбай қарт: ешкі мен Изабель

0 1 898

Параграф 3.
Оралғым келеді
Қанат жұмыстан қайтып келсе, үлкен ұл даладағы сәкіде
ойланып отыр екен. Түрінен әкесін күткені байқалады. Ондай
кездерді Қанаттың іші сезетін. Әйелі балажан болмады да, Қанат
өзі екі ұлды да туғаннан бері жөргектерін ауыстырып,
тамақтарын әзірлеп, ауылдағы мектептің ата-аналар
жиналысынан қалмай, былайша айтқанда қанаттыға
қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.
Қанат Алматыдағы автопаркте завсклад. Бұл жұмысқа
орналасу да оңай болмады, бірақ тауып кіріп алғанына бір
жылдан асып барады. Айына тұрақты 60 мың теңге алады. «Е,
Алла, оған да тәубе» деп шүкіршілік айтып қояды. Тоқсаныншы
жылдары ауылдағы үйін бұзып, қалаға көшіп, Шаңырақтан жүз
долларға жер тауып, үй салып алған. Бірақ жер сатқан әйел
алаяқ болып шығып, Қанаттың да, көршілерінің де жерлері мен
тұрғызған үйі заңсыз деп танылып, біраз шу болды. Содан қолда
қалған бар қаржысын мәселені шешіп беремін деген делдалдың
қолына ұстатып, госакті мен үйдің техпланын жасатып алды.
Кіші ұл әскерде жүр, бір-екі айдан кейін қайтып келу керек.
Үлкен ұл институт бітіріп, екі жыл болды, Таугүлдегі мектепте
дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.
Баласының жанына келіп отыра кетті де, басынан сипап
«Жұмысың қалай?» деп сұрады. Жұмыс жақсы деді баласы.
Папа, мен үйленем.
Үйленетіндей есейіп кетті ме сонда? Қазір нешінші жыл?
2003. Бұл өзі 1979 жылғы бала болса, жасы қаншада сонда? 24те
ме. Келіп қалыпты ғой. Қанат өзі 19 жасында үйленгендіктен,
баласына «ерте емес пе» деп ренжи алмайтынын да түсінді.
Баладан кінә жоқ, баланың бір күні «Папа, мен үйленемін» деп
келетінін, соны болжай алмаған, осы күнге дайындалмаған,
былайша айтқанда түк те бітірмеген Қанат кінәлі. Іштей өзіне
«идиот» деді.
— Анаңа айттың ба?
— Жоқ, қазір кешкі аста айтамын. Бірінші сеннен сұрайын
дегенмін.
Кешкі әңгіме қызу өтті. Екі тәрелке сынды. Әйелі той жасау
керек деді. Қанат несіне жасаймыз деді. Көк тиын да жоқ. Қарыз
бере қоятын адам да жоқ. Қанат әйелімен, баласы келінімен 3
бөлмелі жер кепеде тұра ма? Ертең армиядан кіші ұл келеді. Үйді
үлкейту керек. Оған материал керек. Келінді көрейік,танысайық, ол кім деп сұраған ешкім болмады. Әңгіме той,
құдалықтан әрі аспады. Нәтижесінде ештеңе шешілмеді.
Ал негізі келін жаман емес еді. Ол да мұғалім. Қарапайым
отбасының қызы. Осында педколледж бітіріп, мұғалім болып
қалып қалған. Ата-анасы Өскеменде тұрады. Тобықты екен.
Қанатта снабженец болып істейтін Елемес Тобықты Абайдың
елі деген. Кәдімгі «Абай жолындағы» Абай. Ол Абайға тартса,
ақылды қыз ау.
Соңғы кездері Қанат ауылды жиі еске алып жүр. Алпысбай
екеуі тауда мал ұстауды қатар бастап еді. Қанат бір үйірге
жеткізді де, әйелі «жұрттың бәрі қалаға кетіп жатыр» деп миын
жей бергеннен кейін, малды асығып, арзанға сатып, үйін шала
бұзып, қазір екі тауықтан басқа дымы жоқ. Алпысбай жылқыны
үш үйірден асырған бұл күндері. Екі жүз қой, сауын сиыр, бәрін
ұршықша үйіріп отыр. Бір жағынан қызығады, Қанат идиот
сияқты шала бүлінбеді, азаматтық танытып мығым отыр.
Алпысбай қаладағы өмірден де құр қалмады, баласы бұл сияқты
жер түбіндегі Шаңырақта емес, Алматының орталығында
тұрады. Одан басқа не керек?
Қанаттың әйелі түні бойы ұйықтай алмады. Баласы
үйленгенде той жасап бере алмаса ел-жұрт не дейді? Зылиқаның
руына таңба басылады ғой. Ойбай, әсіресе албан құрбылары
өсектеп күледі. Алматыда албандар мен осы Зылиқаның
руының арасында келе жатқан мың жылдық бәсекелестік бар.
Албандардан қалып қоймайын деп, олар көшкен Алматыға бұл
да көшіп алды. Олар жасаған тойды бұл да жасайды. Тіпті «Ялла»
тобын шақырады. Осыдан кейін өсектеп көрсін албандар. Осы
кезде ауладағы бар-жоғы екі тауықтың ішіндегі әтеші бір
шақырды да Зылиқа ұйықтап кетті. Ертең баратын жері көп.
Зылиқа өзін рудың көсемі санап жүрген, баяғыда трест
басқарған, артынан рэкет болған, қазір бірнеше базары бар
Амантайға құстай ұшып кірді. Біздің рудың атына кір келейін
деп тұр дегеннен кейін Амантай жалма-жан 5 мың доллар
ұстатты. Ол ақшаның ішінде тойға Амантайды шақырып, біздің рудың ағасы деп рудың таңбасы бейнеленген шапан жауып,
ақбоз ат мінгізетін болып келісті. Общым Амантайдың
инаугурациясы тойдың ішінде өтетін болды. Зылиқа жүгіріп
жүріп ресторанмен де, әншілермен де, шапан мен ат алып
келетін адамдармен де келісіп қойды. Ақшаны Қанат артынан
апарып беретін болды.
Тух, ақшаның жоқтығын қарашы деп келді Елемес. Қанат
асханада жұмысшылармен отырған.
— Не болып қалды?
— Көршіміз ақшадан қысылып, Орбитадағы 3 бөлмелі
квартирасын 6 мың долларға сатып жатыр. Бүгін ақша әкеліп
бергенге 5 мың долларға да бере салады.
Қанат ойға кетті. Ой болғанда қиял емес, жоспар еді. Үлкен
ұлға той қуаламай 3 бөлмелі пәтер алып берсе, бірден аяғынан
тұрып кетер еді. 5 мың доллар үйде жатыр. Бар да сатып ал.
Зылиқаның өлсе де көнбейтінін біледі. Бірақ тойдан кейін не
істейді? Өмір осы тоймен біте ме? Ертең бұлар бала-шағасымен
өмір бойы пәтер жалдап тұра ма? Әлде келін Зылиқамен
қырқысып, осы тар үйге тарақан боламыз ба?
Қанат барды да ана пәтерді сатып алды. Сол кеште
Шаңырақта атом бомбасы жарылғандай болды. Үлкен ұл үйдегі
ұрыс-керіске шыдамай қашып кетті. Келінді ешкім тіпті көрген
де жоқ, танысып біліскен де жоқ.
Тойға берген ақшаның пәтерге жаратылып кеткенін
естіген Амантай қатты ашуланды. 10 күн берді. Зылиқалар
ақшаны орнына қойып береді. Не пәтерден айрылады. Оған қоса
косягы үшін үстінен тағы мың доллар әкеліп береді. Болмаса
Қанат пен баласы көмусіз қалады. Бітті.
Қанаттың шашы бір күнде ағарып кетті. Баланың үйлену
тойы далада қалды. Әзірге баласы мен болашақ келіні
Орбитадағы үйде ау деймін. Шаңыраққа беттеу мүмкін емес.
Зылиқаның дауысы Рысқұловадан естіліп тұрады. Пәтерді 6 мың долларға сатуға газетке хабарландыру берген. Тірі жан
хабарласпады.
Алпысбай бүгін огородтағы шаруаны еңсеріп, үйге шайға
кіріп отырған беті еді. Жаз кезі. Алматыдан келіні мен немересі
келген. Кемпірдің қолы ұзарды. Чакчак пен торт жейді. Домалақ
немересінің тәттісін ай. Келіні айналайын, кемпірі екеуіне жаңа
киімдер әкеліпті. НАТО-ның бәтіңкесі қатты ұнады. Огород пен
малға таптырмайтын зат. Шәй ішіп біте бергенде келін
пошташы жігіттің келіп кеткенін хабарлады. Алматыдан бір
қоңырау шалынып, Алпысбайды сұрапты. Қазір он минуттан
кейін тағы звондайды екен. Қой, поштаға барайық.
Қанат жаны тығырыққа тірелгесін, Алпысбайды іздеген
еді. Ең болмағанда ақыл бере алатын адам ғой. Алпысбай
Қанаттың сөзін бөлмей, бар әңгімесін тыңдап шықты. Бір
сөйлеммен жауап берді де, трубканы тастай салды.
«Уайымдама, бір мәнісі болар».
Не мәнісі болар? Ақыл айтатын Алпысбай қайда? Мұнысы
несі? Қанат трубканы құшақтап отыра кетті. Жылағысы келді.
Будканы айғайлап ұрғысы келді. Мына өмірдің әділетсіздігіне
лағнет айтқысы келді. Бірақ сыртынан қарағанда, жәй үндемей
отыр еді.
Алпысбай баласына қоңырау шалды. Қағаз бен қалам ал
деді. Үш сөйлем оқып берді. Хатты қай базарға, кімнің қолына
ұстататынын түсіндірді. Шаруаны бүгін бітір деді. 10 минуттан
кейін қара мерседес Е-класс барахолкаға қарай бет алған еді.
Қанат бүгін үйге қонғысы келмеді. Орбитаға да барғысы жоқ.
Служагы Ертайға барса ше, жоқ, жұмыстағы Елемес бойдақ,
жалғыз тұрады. Елемеске кетті.
Бұл кезде ру көсемі Амантай Орбитадағы үйге өз атынан
кілем мен ру таңбасы бар көз сыйлап, жігіттерге апарып
тастауын тапсырып жатқан. Еңгезердей көмекшісіне «екі жас
бақытты болсын, енді сендерге ешкім тимейді, папаң мен мамаң ештеңе қарыз емес, құдалықты Рысқұловадағы ресторанда
тегін өткізіп береміз» деп жеткіз деді. Көмекшілері ол
тапсырманы тез орындады. Орбитадағы жастар сол күні жақсы
ұйықтады.
Қанат ертеңінде сүйретіліп үйге келді. Зылиқа сериал көріп
отыр екен.
— Амантаймен келістім. Ол бізді кешірді. Орбитадағы үйді
қалдырамыз. Сосын той сияқты қылып құдалық жасаймыз. Оны
да реттеп қойдым» деді.
Қанат Зылиқаны құшақтап сүйіп-сүйіп алды. Әйел басымен
оның осындай үлкен тірлік атқарғанына таң қалды және өзінің
әбес қылықтары үшін қатты ұялды.
Амантай моншада отырып, Алпысбайдың хатын тағы еске
алды. Совет заманында трест басқарып тұрғанда, КГБ-ның
хищение бойынша жүргізген тергеуіне түсіп қалған болатын.
ОБХСС КГБ-ның жанында ойыншық. Тергеуші жанын шығарды.
Жалғыз қоңырауға рұқсат беріліп, Алпысбай есіне түсіп,
звондаған еді. Алпысбай әскери прокуратурадағы достары
арқылы Амантайды шығарып алған. Оны ауылда да, мында да
ешкім білмейді. Алпысбай соны еске салыпты да, сол қарызың
жастардың бағын байламасаң кешіріледі депті. Ешкім білмесін
деп жазыпты, өзі де ешкімге айтпайды.
Алпысбай Қанатқа да хат жазды. Біржан апарып тапсырар.
«Сенің үйің дайын тұр. Сәлмен Каринамен қалаға кетерде
маған тапсырып кетті. Мақаттан кейінгі құрдасым сен едің. Бір
үйір жылқы, 50 қойың да дайын. Жалғыз ұлдың өз табысы өзіне
жетеді. Малымды көрге алып кетпеймін. Огородқа тұқым
беремін. Жастар қаланың адамы, ал сен даланың адамысың. Әр
адам өз стихиясында болуы тиіс» деп жазыпты.
Қарияның осы даналығы менің де есімде. Әр адамның өз
стихиясы болуы керек. Қаланың адамы болады, оған қаланың асфальті мамық төсектей. Даланың адамы болады, оған еркіндік
пен самал жел керек. Қанат даланың адамы еді және оны өзі
хатты оқыған сәттен бастап қана толық түсінді.
Мелстің баласы айдайтын автобазбен Қанат ауылына
қайтып кетті. Жаңа өмірдің бастауы ма? Әлде ескі өмірдің жаңа
есігі ме?

Жалғасы бар.

Авторы:Айбар Олжаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.