Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылатын жобаларға 2,4 миллиард теңге бөлініп жұмыстар атқарылуда, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2025» бағдарламалары аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағаның айтуынша, жалпы құны 2,4 миллиард теңгегені құрайтын 22 жоба іске асуда екен. Атап айтсақ, Алатау ауылында 100, Диқан елді мекенінде 180 орындық орта мектептер салынуда. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегіндегі тұрғындарды пәтермен қамту мақсатында Б.Момышұлы ауылынан 18 пәтерден тұратын үш көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда.
Сондай-ақ «Достық» мәдениет үйі, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия мен А.Пушкин және Т.Тастандиев атындағы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілуде.
Сонымен бірге жоба аясында Нұрлыкент ауылындағы 180 орындық мәдениет үйі салынып, ел игілігіне берілді. Оның ауласын абаттандыруға облыстық бюджеттен 53 миллион теңге қаралған. Бас мердігері «Айна-CITY» ЖШС.
Биыл 14 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Б.Момышұлы ауылында жаяу жүргіншілер жолын жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 13 шақырым автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілуде. Ал 11 ішкі шаруашылық каналдарын механикалық тазалау жұмыстарына, қаржы бөлініп, бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті.
Алдағы жылы Қайрат және Көлбастау ауылдарынан 180 орындық мәдениет үйлерін салу жоспарлануда. Талапты ауылындағы Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның тұрған үйі мемлекет меншігіне алынып, аула клубы жасақталуда.
Сонымен бірге Б.Момышұлы ауылынан жаңа спорт кешенін, Қайрат және Кәріқорған ауылдарындағы спорт мектебін реконструкциялау бойынша құжаттары әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасына өткізілген.
Сондай-ақ Б. Момышұлы, Ақсай, Көкбастау, Нұрлыкент ауылдық округтеріндегі жаңа тұрғын алабын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобалары жасалған.