Жаһанды дүрліктірген аты жаман аурудың еліміздегі дүрбелеңі де әлі басыла қойған жоқ. Десе де Қазақстан Республикасының азаматы ретінде елдегі атқарылған шараларға куәміз. Төтенше жағдай уақытында Мемлекет басшысы қатаң тапсырған талаптарды бұлжытпай орындап, тәртіпке бағынғанның нәтижесінде өзге елдердегідей кеңінен белең алып кетпегенін көрдік. Осындай оң нәтижеге қол жеткізіп келе жатқан еліміздегі ахуалдың жайын Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде: «Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды. Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар. Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін. Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым. Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр. Елімізде қатаң карантин шаралары енгізіліп, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды. Мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті» дей келе әр аймақтағы ахуалдың әртүрлілігін атап өтті. Кей өңірлерде әлі де болса ауру жұқтырғандар тіркеліп жатқандықтан санитарлық ахуалға қарай әрекет жасаймыз деп тағы да бір нақтылап өтті.
Иә, қай кезден де мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың денсаулығы болып табылады. Сол себептен ұлттың саулығын ойлаған Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Ел Президентінің: «қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды» деген сөзі барша қазақстандықтың көңіліне қуаныш ұялатып, көңілдегі сенімін одан әрі нығайта түсті.
Алдағы міндет, індетпен күресу жолында баршамыз жұдырықтай жұмылып, талапты орындау ғана. Елдегі көрсеткіштерден байқап отырғандай көбі кетіп азы қалған тұста сабыр таныта білейік, ағайын. #Бізбіргеміз #Мывместе
«Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбек Бұралқыұлы Есмұрзаев