Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев аудан орталығындағы дәріханаларды аралап шықты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудан басшысы бірінші кезекте қажетті дәрі-дәрмектің дәріханаларда болуына көз жеткізді.
Әрбір дәріханаға арнайы барған аудан әкімі дәріхана меңгерушілерімен және фармацевт мамандармен сөйлесіп, жұқпалы індетке байланысты қажетті дәрінің мүмкіндігінше болуын атап көрсетті.
— Қазіргідей жағдайда дәріханалар тұрғындар сұранысын қамтамасыз ету қажет. Инфекцияға қатысты дәрі-дәрмек тұрақты жеткізіліп, қауіпті індеттің алдын алуға бар күш-жігерді жұмсағанымыз жөн. Сондай-ақ карантиндік талаптарға сәйкес дәріханаларда тұрғындар арақашықтықты сақтауы тиіс. Жалпы ауданда дәрі тапшылығын болдырмау үшін жұмыла жұмыс жасауымыз қажет, – деді аудан басшысы.
Аудан орталығындағы дәріхана иелері бүгінде дәрі іздеген тұрғындар саябырсығанын жеткізді.
Дәріханаларды аралау барысында М.Сұлтанғалиев дәрі-дәрмек шекті бағадан қымбат сатылмауын ескертті.