Қаратау қаласының теміржол вокзалы маңындағы жер асты өткеліне бақылау камералары мен жарық шамдары орнатылды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Енді алдағы уақытта жаяу жүргіншілерге арналған жер асты өткелінде қала тұрғындары мен мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жеті жерде орналасқан бейне бақылау камералары арқылы Қаратау станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметтік кабинетіне қойылған мониторы арқылы кезекші полиция қызметкерлері қамтамасыз ететін болады.
Теміржол бекетінің кезекші полиция старшинасы Жолдас Алтынханұлы орнатылған бейне бақылау жүйесі үшін Қаратау қаласы әкімінің аппаратына алғысын білдірді.
— Алдағы уақытта жер асты өткелінде қоғамдық тәртіпті бұзғандарға, қоқыс тастағандарға шара қолданылып, әкімшілік айыппұл салынады, — дейді полиция қызметкері.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзғандарға және қоғамдық ортаны ластағандарға әкімшілік тарапынан да айыппұл салынып, арнайы шаралар қолданылатын болады.