Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алтай Сауруковтың айтуынша, ауданымызға 30 доза «Pfizer» вакцинасы жеткізілген. Екпе 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 16-37 апталық жүкті әйелдерге және 42 күннен асқан емізулі аналарға салынады.
Бүгін өңірде «Pfizer» екпесін алғашқылардың бірі болып Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясын оқушысы Жандос Реңбай қабылдады.
14 жастағы Жандос екпе ектіруге жергілікті емханаға анасымен бірге келген. Екпе қабылдаған соң жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір денсаулығы қалыпты, жайсыздық сезінбеген.
— Жер жүзіне жайлаған індеттің белең алуына тосқауыл болу үшін отбасымызбен екпе ектіргенбіз. Әрине, жақындарымыздың өмірі мен денсаулығы қай-қайсымыз үшінде аса маңызды.
Міне, бүгін жергілікті емханаға келіп, жасөспірімдерге салынатын «Pfizer» вакцинасын салдыртты. Өзімде куә болдым, Бастысы — отбасының амандығы, халықтың саулығы, — дейді анасы.
Вакцинаның басқа екпелерге қарағанда кауіпсіздігі де тиімділігі де жоғары екендігін айтады аурухананың иммунолог дәрігері Жадраш Тотаева.
Әрине, таңдау әрбір ата-ананың, баланың өзінде.
Дегенмен, бала өміріне барлығымыз жауапты екенімізді ескергеніміз абзал.