Сарысу ауданында жыл басынан бері жалпы алаңы 16 629 шаршы метр болатын 99 жеке тұрғын үй мен 1 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Жақын арада «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан 2 көпқабатты тұрғын үй тұрғындардың игілігіне ұсынылады. Ал коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 1 832 адам тұр. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев мәлімдеді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін 255 адам тұрғын үймен қамтылады екен. Аймақтағы «Асарлатып үй салу» жобасы ауданда биыл да жалғасын табуда. Бұл бастама аясында 9 отбасы жаңа үйге қоныстанбақ. Бүгінге дейін 4 үйде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, иелеріне берілген. Қалған 5 үй Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жағдайда тапсырылады.
«Биыл жол саласына барлық бюджет көздерінен 1,3 млрд теңге бөлінді. Ауданда облыстық маңызы бар 271,8 шақырым автомобиль жолының 60,8 %-ы, аудандық мәні бар 64,8 шақырым жолдың 94 %-ы, елді мекендер ішіндегі 188,8 шақырым жолдың 73 %-ы қанағаттанарлық жағдайда. Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы 8 квартал ішілік жолдарға 36,6 млн теңге қаралса, «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасымен елді мекендердегі ұзындығы 9,9 шақырым болатын 11 жолға 206,3 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. 122,8 млн теңгеге Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Үлкен Көкдала ауылдарына кіре беріс жолдарды жөндедік», — деді баяндамашы.
Брифингте 970 млн теңгеге облыстық маңызы бар «Тараз-Аса-Аққөл-Саудакент» жолының 176-186 шақырымы мен «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» жолының 127-149 шақырымы орта жөндеуден өткізілгені белгілі болды.