Zerdeliден зейініңді аш!

0 68

Балалардың білімін дамытып, логикалық ойлау жүйесін, математикасы мен ағылшын тілін тереңдетуге үлкен үлес қосатын «ЗЕРДЕЛІ» ақыл-ойды дамыту мектебі Тараз қаласынан өзінің орталығын ашты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

 Ашылу 27 қараша күні, Тараз қаласындағы «ЗЕРДЕЛІ» ақыл-ойды дамыту орталығы орналасқан Тараз қаласы, Астана шағын ауданы, 14А ғимаратының алдында өтті.

Орталықтың ашылу салтанатына елімізге танымал математик, математика пәнінен республикалық «Алтын сақа», «Алтын түлек» және «Алтын тұғыр» олимпиадаларының авторы, Зерделі ақыл-ой дамыту мектебінің негізін қалаушы Рысбек Мәуіт,  Зерделі орталығынының негізін қараушылардың бірі, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ирландияның Дублин қаласындағы Треннити университетінің PhD докторы, Назарбаев Университетінің ғылыми жобалар жетекшісі, ондаған ағылшын тілі оқу құралдарының авторы Өжет Мәуіт мырза, «Жамбыл дарыны» мекемесінің директоры Майра Аманқұлқызы, Тараз қаласындағы ұлдарға және қыздарға арналған білім-инновация мектептері директорларының орынбасарлары, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорының орынбасары, Тараз қаласы білім бөлімінің өкілдері, сондай-ақ бірнеше жергілікті мектеп басшылары қатысты!

Ашылу салтанаты барысында қараша айында 5-6 сынып оқушылары арасында математика пәнінен Жамбыл облысында бірінші рет өткізілген «Алтын сақа» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, облыс бойынша оза шапқан 50 жүйріктің 25-не қаржылай және кәдесыйлар беріліп, оларға арнайы дипломдар табысталды. Сыйлықтардың барлығы Зерделінің қаражаты есебінен алынды. Ең маңыздысы сол, «Алтын сақа» олимпиадасына Тараз қаласынан қатысқан 215 оқушыға және облыстық кезеңде жүлделі орынға ие болған 25 дарынға «ЗЕРДЕЛІ» ақыл-ойды дамыту орталығында одан әрі білімдерін тереңдету үшін 10-50 пайыз аралығында жеңілдік сертификаттары берілді.

«ЗЕРДЕЛІ» ақыл-ойды дамыту орталығының басқа мектептер мен білім орталықтарынан негізгі ерекшелігі – балалардың логикасын дамыту, олардың математиканы мұқият түсініп, өз бетінше есеп шығаруы үшін оңай әдіс-тәсілдерді үйрету, логикасы жүйрік, есепке қабілеті бар дарынды балаларды республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындау, оқушыларға ағылшын тілін еркін меңгерту үшін авторлық методикамен оқыту болып табылады. Зерделі орталығында 2-11 сыныптарда оқитын кез-келген бала өзі қалаған уақытта математикасы мен логикасын және ағылшын тілін меңгеруге мүмкіндігі бар. Балаларды «дарынды» немесе «дарынсыз» деп бөліп қарамайды, барлық баланы қабылдап алып, оларды шамасына қарай топтарға бөліп, білімдерін арттыру бойынша жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар, заман талабына сай, қаламыздағы 125 және Достық оқыту орталықтары сияқты оқушыларды «БИЛ», «НИШ», «Дарын» мектептеріне дайындау және ҰБТ-ны сәтті тапсырып, Назарбаев университетіне  түсу үшін оқыту да Зерделінің маңызды қызметтерінің бірі. Бұл бағытта да тәжірибелі мамандар жұмыс жасайды. Аталғандардан басқа, мұғалімдермен оқыту жұмыстарын жүргізу, мұғалімдерді және оқушыларды қажетті математикалық материалдармен қамтамасыз ету, қалалық және облыстық байқаулар өткізу сияқты қызметтер де бар.

Тараз қаласында жаңадан ашылған орталықтың қысқаша қызметі осындай. Ал республикалық деңгейде, яғни Нұр-Сұлтан қаласындағы «ЗЕРДЕЛІ» ақыл-ойды дамыту мектебі негізгі бес бағытта жұмыс жасайды, соған сәйкес оның бес бөлімі бар.

Біріншісі – «Зерделі-Білім» бөлімі, мұнда бастауыш сыныптан бастап балалардың математикасын, логикасын, сауат ашу пәні мен ағылшын тілін түсініп, тиянақты үйренуге көмектеседі. Балалар 5-6 сыныпқа келгенде оларды әртүрлі олипиадаларға дайындайды, сонымен қатар «БИЛ», «НИШ», «РФММ» және «Дарын» сияқты мектептерге түсу үшін бейімдеп оқытады. Балалар аталған мектептерге түспей қалғанның өзінде, олармен жұмыс жасап, 7-10 сыныпта математика мен физика, химия мен биология сынды күрделі пәндерді оңай меңгеруге көмектеседі. Осылайша, балалар 10-11 сыныпқа жеткенде, оларды жоғары оқу орындарына, оның ішінде Назарбаев Университетіне түсуге бейімдеп оқытады. Нәтижесінде, балалар жоғары оқу орындарына қиналмай түсе алады. Екіншісі – «Зерделі-Талант» бөлімі, бұл бөлім республика көлемінде түрлі олимпиадалар өткізу, дарындарды анықтау және оларды одан әрі дамыту үшін тиісті жұмыстар жүргізеді.

Үшіншісі – «Зерделі-Digital» бөлімі, бұл заман талабына сай құрылған, өзінің аты айтып тұрғандай, Қазақстанның түкпір-түкпірінде отырған балаларды онлайн оқытумен айналысады. Онлайн деген аты болмаса, шет елден әкелінген заманауи технологияның арқасында балалар сабақта оффлайн отырғандай, мұғаліммен еркін қарым-қатынаста болады және сабақты терең түсіне алады. Қазіргі таңда тек онлайн білім алатын балалар саны 600-ге жетті.

Төртіншісі – «Зерделі-Кітап» бөлімі, бұл бөлім мұғалімдер мен оқушыларға және жалпы мектепке қажетті материалдарды, кітаптарды, қосымша ақпараттарды дайындаумен айналысады. Қазақстан бойынша әрбір Зерделі орталығы өз оқушыларын осы бөлімде дайындалған кітаптармен оқытады. Оқулықтар белгілі математик, әрі автор, әрі мектептің негізін қалаушы Рысбек Мәуіттің бақылауында болады.

Соңғы бесінші бөлім – «Зерделі-Көмек» бөлімі деп аталады, бұл бөлім негізінен біздің мұғалімдер мен дарынды немесе күн көрісі төмен оқушыларды материалдық тұрғыда қолдаумен айналысады.

Өздеріңіз байқап отырғандай, «ЗЕРДЕЛІ» ақыл-ойды дамыту орталығының басты мақсаты — математиканы мығымдау! Неге математика?

Себебі, Карл Фридрих Гаусс айтқандай «Арифметика математиканың, ал математика ғылымдардың патшасы». Михаил Ломоносовтың тілімен айтсақ: «Ақыл — ойды тәртіпке келтіретін математика». Сондай-ақ, біз, математикасы кенжелеп қалған, логикалық ойлау деңгейі төмендеу, ағылшыншасы амандасудан ары аспайтын, білім жүйесі енді ғана дамуға бет алған халықпыз! Сөйте тұра дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деген маақсатымыз бар. Егер математиканы дамытпасақ, бізде ешқашан да физика, информатика немесе химия дамымайды. Жаратылыстану ғылымы дамымайынша, біз ешқашан дамыған ел бола алмаймыз.

Осы себепті Зерделі ақыл-ой дамыту мектебі Тараз қаласынан ашылып отыр, Орталық математика мен логикадан мамандандырылған және республика бойынша әртүрлі олимпиадалар өткізу арқылы сынақтан өткен. Оны Жамбыл облысының математиктері де біледі.

Сол үшін Зерделі ақыл-ой дамыту орталығы барша облыс тұрғындары мен тараздықтарды, ұстаздар мен оқушыларды бірлесіп жұмыс жасауға шақырады!

Zerdeli оқушыларға математика мен логикадан зейінін ашуға көмектеседі!

P.S. Zerdeli-Taraz орталығының директоры болып, Ұлыбританияда магистрлік білім алған, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басқармасында қызмет жасаған және Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарған Жанат Алтаев мырза тағайындалды. Қазіргі таңда Орталықта аталған мектептің математиктері мен ағылшын тілі мұғалімдері қызмет атқарады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.