Қазақтың батыр ұлы, Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры ерлігімен аты аңызға айналған тұғырлы тұлға, Б.Момышұлының 111 жылдығына орай мемориалдық музейінде қасиетті тұлғаның өр рухына тағзым ету мақсатында, Жуалы аудандық ақсақалдар алқасының және ауыл әкімдерінің қатысуымен «Батырға мың тағзым» атты салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады» деп артында даналығымен із қалдырған батырдың аруағын ардақтап құран бағышталды. Шара барысы келелі кеңеске ұласып, Мыңбұлақ орта мектебі оқушыларының батырға арнаған арнауларымен жалғасты.
Жуалы ауданының құрметті азаматы Ергебеков Әбілқасым өткенді еске алып батырдың өмір жолынан сыр шертті. Жиналған жұртшылыққа, қайталанбас тұлғаның өн бойына дарыған қадірлі қасиетін насихаттап, толғаныстан шыққан ақ батасын арнады.