«Antikor» орталығында сыбайлас жемқорлықтың психологиясына қатысты психолог, психотерапевт Айгүл Мұқатаеваның қатысуымен тікелей эфир өтті.
Тікелей эфирде спикер сыбайлас жемқорлыққа жол беретін адамдардың типі бар екенін атап өтті.
«Адам аш болғанда, өзінің нәпсісін тия алмайды. Сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол беретіндерді жүз пайыз сипаттау беру мүмкін емес. «Адамның аласы ішінде» деген сөз бар. Дегенмен, бұл типтегі адамдарды кейбір іс-әрекеттерімен ажыратуға болады. Олардың бойында энергиясы көп, белсенді, адамдармен тез тіл табыса алатын, конфликт жағдайдардан білдіртпей шығып кету қабілеттері бар және өтірікті шындай айтып, кез келген сынды қабылдамай, оған реакция білдірмеуі мүмкін,» деді Айгүл Мұқатаева. Сонымен бірге, психолог бұл типке жататындар көпшілік ортадағы психологиялық ойындарға қатыспайды, қатысқан күннің өзінде кері байланыс бермей, сақтықпен отырады деп пікірін жеткізді.
Сондай-ақ, спикеріміз Айгүл Жаңабайқызы адамның бойында адалдық, әділдік қасиеттерінің болуы отбасындағы тәрбиеге байланысты деп атап өтті.
«Бізде адамгершілік, мейірімділік, сауап алу, адамды қуанту деген сияқты құндылықтар азайып келе жатыр. Отбасыда ақша, дүние-мүлік деген құндылықтар жиі айтылса, сәйкесінше, бала да сол құндылықты сіңіріп өседі. Үйде, қоғамда адалдық туралы жиі айтылуы керек. Біз рухани баю жағын ойласақ, санамен жұмыс істеп бастауымыз керек деп есептеймін. Сонымен бірге, баланың қалыптасу шағында оған жақсы бағыт бере білуіміз керек. Осы сәтте балаға жиі ана тілі, елі, жері, достық туралы айта беру керек,» деді психолог.
Сонымен бірге, эфир қонағы тікелей байланыс арқылы көрермендерге кеңес берді.
«Ең алдымен, кез келген адам жауапкершілікті сезіне білу керек деп есептеймін. Содан кейін адам бойында энергия болады. Сол энергияны жақсылыққа, қуанышқа жұмсау үшін өзімізді үнемі жетілдіріп, бойымыздағы қабілет-қасиеттерімізді дамытып отыру маңызды. Біз өзімізді түсініп, жақсылыққа бет бұрғанда тыныштық, бақыт, гормония болады,» деді психолог.