Қаңтар оқиғасының сан соқтырар сабағы көп болды. Бұдан көкейге біраз ой түйгенімізбен, ұтылғанымыз, жоғалтқанымыз да көп. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін, әсіресе жастар арандап қалмауы үшін әр сатыдағы тәрбие ісін жандандыру керек. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті осы мақсатта аға буын, орта буын өкілдерінің студенттермен кездесуін ұйымдастырды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Тәрбиенің діңгегі – ұрпақ сабақтастығының сақталғаны. Кездесу модераторы өңірлік университетінің проректоры Данияр Нұрмұханбет бүгінгі іс-шараның маңыздылығы осы екеніне тоқталып өтті. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев өз сөзінде сананың ашық болуы үшін сан алуан ақпаратты екшеп, өзіндік ой пікір қалыптастыру керек екенін, дүрмекке ермеудің өзі – азаматтық ұстанымның орнықтылығын көрсететінін атап өтті. «Өз елін, өз жерін қорғау, ең бастысы, ортақ құндылықтарды сақтап қалуға ұмтылу – елжандылықтың үлгісі», — деген Батырбек Әбдірасылұлы өз өмір жолынан сыр шертіп, көргені мен түйгенін жастармен бөлісті.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа қазіргі жас буынның ұстанымы мен пікірі туралы ой өрбітті. Кешегі дүрбелеңде дүрмекке іліскен жастардың 17-23 жас аралығындағылар екенін, өз ұсынысы мен көзқарасын нақтылап алмай, біреудің айтуымен көпке ілесудің қателік екенін әңгімеледі. Университет оқытушылары «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырова, «педагогикалық психология» кафедрасының меңгерушісі Клара Сматова өз ойларымен бөлісті. Магистрант Көркемжан Қанат,Тараз өңірлік университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Арнат Ұлтанбаев өз пікірлерін ортаға салды.