Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 мемлекеттік мекемесінде жазасын өтеп жатқандарға тіс дәрігері де қызмет көрсетеді.
Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, жиырма төрт жыл ауруханаларда тіс дәрігері боп еңбек еткен Үсенов Қуатбек Тұрарбекұлын жазасын өтеушілер жақсы таниды. Тісі сыздап, мазалай қалса, кәсіби маманның көмегіне жүгінеді. Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі Департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінде 2016 жылдан бері тіс дәрігері болып қызмет ететін ол талапқа сай амбулаториялық журнал жүргізіп, ауруларды алдын – ала жазылым бойынша қабылдайды. Ал түрмеге жаңадан түскендер алты айға дейін дәрігердің бақылауында. Оларға амбулаториялық карта толтырылып, тіс жұлу, емдеу секілді медициналық емшаралар түрмеде тиісті талапқа сай жүргізіледі. Жылына бір рет профилактикалық тексеріс өткізу де дәстүрге айналған. Бұл ретте сотталғандарға қойылған диагнозына қарай бір-екі сағатқа дейін ем жүргізіледі. Осы салада талай жыл тер төгіп, өз мамандығының қыр-сырын жақсы меңгерген тіс дәрігері Қуатбек Тұрарбекұлы ауруы асқынған сотталғандарға алдымен емдеу ұсынады. Бүлінген тістер емделеді. Маманның айтуынша, сотталғандар арасында жиі кездесетіні — тіс жегісі.
Оны уақытында емдемесе пульпитке, одан ары қарай перидонтитке айналады, дейді тіс дәрігері. Осылайша, асқынулар туындап, басқа да тістердің зақымдануына апарып соғады екен. «Тістің саулығы — ағзаның саулығы. Уақытылы күтім жасау дағдыға айналғанда ғана табиғи тісті сақтап қалуға болады». Бұл – ширек ғасырға жуық еңбек өтілі бар білікті маманның баршаға үнемі айтып отыратын кеңесі.