Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың „Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғырту мәселесі баяндалды. Күшті Президент — Ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет” формуласын берік ұстану арқылы мемлекетті демократияландыру үдерісіндегі Президенттің өкілеттілігін қысқартпақ. Қазір аталған реформалау жүйесі халық тарапынан қолдау тауып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер қызу талқылануда. Осыған орай “AMANAT” партиясы Жуалы аудандық филиалының жанынан құрылған Партиялық штабының төрағасы Марат Нарымбеков және штаб мүшесі Эльмира Абишева Қайрат ауылының тұрғындарымен референдумның маңыздылығын түсіндіру жайында кездесу өткізді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
Кездесуде Конституцияға енгізілетін өзгерістерге Марат Нарымбеков қысқаша тоқталды.
—Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізіледі. Бұл – «Халық үніне құлақ астаны мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады.
Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600 ден 200 ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты. Алдағы референдум – Қазақстанның болашағын айқындайды,- деді.
Ал штаб мүшесі Эльмира Абишева референдум бұл – пафосты бөспе сөз емес, себебі егер конституциялық реформа қабылданса, онда саяси жүйемізде айтарлықтай өзгерістер жасалады. Ол өзгерістер қоғамды ашық етуге бағытталғандығын атап өтті.