Ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері ҚАЖД ЖД-158/4 түзеу мекемесіне барды
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері ҚАЖД ЖД-158/4 түзеу мекемесіне барды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары моральдық ұстанымдарды қалыптастыру мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментімен іс-шара ұйымдастырылды.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлері сотталғандардың түрмедегі тұрмыстық жағдайын көрсетті: камералар, серуендеу алаңы, ұйықтау, тамақтану орындары, спорт залы, ағаш шеберханасы.
«Мұндай кездесулер өте тиімді және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізетініне сенімдіміз. Біздегі жазаны өтеушілерге, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға да барлығына бірдей жағдай жасалған. Ешқандай артықшылықтар жоқ. », – деді мекеме басшысы Бақытжан Шәріпбеков.
Келушілерге колонияда жазасын өтеп жатқан лауазымды тұлғалармен жасалған бірнеше сыбайлас жемқорлық сипатындағы фактілер мысал ретінде келтірілді. Біреуі үлкен ақшаға орынбасарының «орнын сатпақшы» болса, екіншісі бюджет қаражатын жымқырған.
«Мен үшін мұндай орында өткен «экскурсия» ұмытылмас әсер қалдырды. Сыбайлас жемқорлық туралы біреудің ойы болса да, мүлдем жойылып кетті деп ойлаймын. Бүгінде мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық әрекетке барған жағдайда оларды қандай зардаптар күтіп тұрғанын өз көздерімен көрді. Еркіндікті бағалау керек. », — деп атап өтті мемлекеттік қызметші.
Шара соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаның қатаңдатылуын мәлімеді.