Таразда қалалық жұмыспен қамту орталығы мен пробация қызметі бірлескен іс-шаралар ұйымдастырды. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/4 мекемесінен босатылған сотталғандар Тараз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы шеңберінде пробациялық қызметке тартылды. Мұндағы мақсат – түрмеден шыққан азаматтардың әлеуметтік қоршаған ортаға бейімделуіне, жұмыспен қамтылуына жғдай жасау. Құзырлы мекеме қызметкерлері іс-шара барысында бостандыққа шыққан азаматтарға қоршаған ортаның талаптарын бұзбау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіту туралы» 2016 жылғы 8 желтоқсандағы №387 Жарлығын қолдануды жүзеге асыру үшін ел Үкіметінің кешенді стратегияны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Оның негізгілерінің бірі – нақ осы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыруға көмектесетін, қоғамға бейімделуіне бағытталған «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы болып табылады.
ЖД-158/4 мекемесінде жазасын өтеген 1993 жылы туған Қуанышбек Абылай Маратұлы мен 1988 жылы туған сотталған Ли Вячеслав Александровичке жазасының өтелмеген бөліктерін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру жөнінде Тараз қалалық №2 сотының қаулысы шыққан. Аталған сотталушылар мекемеде өздерін жақсы жағынан көрсетіп, көзге түскен. «Қақпа алдындағы кездесуде» мамандар бостандыққа шыққан екі азаматқа бос жұмыс орындарының тізімін таныстырды. Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыссыз ретінде тіркелу тәртібі мен жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаларын түсіндірді. Ал Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД Тараз қалалық №3 пробациялық бақылау инспекторы, әділет аға лейтенанты А. Масатбай заңнама баптарын түсіндіріп, қайталанған құқық бұзушылыққа жол берген жағдайда қандай жауапкершілікке тартылатыны жөнінде атап көрсетті.