Нұржан Нұржігітов «Баркуаб» көне қалашығының қазба жұмыстарымен танысты

0 5

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында Теріс ауылының маңындағы «Баркуаб» археологиялық қалашығына барып, қазба жұмыстарының барысымен танысты.

Тарихи қалашықтағы қазба жұмыстары 2018 жылы басталған. Оған дейін мұнда тек барлау экспедициялары жүргізілген. Бүгінде қалашықтың құпиясын ашу мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Бұл ретте «Арк ғылыми ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков 2018-2019 жылдар аралығында біздің дәуірімізге дейінгі II ғасыр – біздің дәуіріміздің V ғасыры, біздің эрамызға дейінгі VI — XIII ғасырларға жататын 3000-нан астам артефактілер табылғанын жеткізді. Сонымен қатар, аталған елдімекеннен керамикалық ыдыстар, керамика фрагменттері, ұн тартқыштар және тасты диірмендер табылған. Археологиялық жұмыстар облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізілуде.

Аймақ басшысы артефактілермен танысып, қазба жұмыстар мен атқарылған бөліктерді аралап көрді.

Мұнда аса бүлінбеген қабырғалар, күмбез түріндегі төбелер, кең дәліздер және шағын бөлмелер барынша сақталған. Қазба жұмыстары барысында астыңғы қабатынан 12 метрлік құдық табылған. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталған. Сондай-ақ  бұл тарихи орыннан көмір қалдықтары да кездеседі.

Нұржан Нұржігітов көшпелі ата-бабаларымыздың ежелгі және ерекше өркениеті әлем тарихында үлкен маңызға ие екенін айтып, бұл аталған қалашық аумағындағы қазба жұмыстары барысында тағы бір дәлелденіп отырғанын атап өтті. Осы бағытта қазба жұмыстарын жемісті жалғастыру үшін биыл тағы облыстық бюджеттен тиісті қаражат қаралатынын айтты.

— Біз тарихи жәдігерлерімізді жаңғыртуға тиіспіз. Рухани құндылықтарымызды, өткеннің өнегесін ұрпақ бойына сіңіру маңызды. Тарихымызды таныту арқылы туризмді дамытуға да күш салу керек,-деді облыс әкімі.

Айта кетейік, «Баркуаб» археологиялық қалашығы Жамбыл облысының киелі жерлерінің географиясына енетін Қазақстанның оңтүстігіндегі Ұлы Жібек Жолының солтүстік тармағының бойындағы негізгі туристік нысандар тізіміне кірген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.