Ағымдағы жылдың 11-12 тамыз күндері Тараз қаласында «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтеді. Фестивальге шетелде тұратын және елдегі қандастар қатысады.
Жыл сайынғы дәстүрлі фестиваль, биыл – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Отандастар қоры» КеАҚ мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізіледі.
Фестиваль аясында вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме сайысы өтіп, қолөнершілердің үздік туындылары жиылған жұртшылыққа көрсетіледі. Өнер фестиваліне еліміздің әр өңірінен келетін қандастарымыздан бөлек, Түркия, Моңғолия, Украйна, Ресей, Қытай, Өзбекстан сияқты мемлекеттерден елуге жуық өнерпаз қатысады деп жоспарланған.
Шетелдегі дарынды қазақтардың қолөнерді, сөз өнерін, ән мен термешілік дәстүрді меңгерудегі шығармашылық шеберлігіне баса назар аударылып, олардың ұлттық нақышта жасалған бұйымдары, кәдесыйлары, өлеңдері мен орындаушылық шеберлігі жұртшылыққа таныстырылады.
Сондай-ақ, қандастарымыздың әр алуан елде тұрса да бір тұтастығы мен отансүйгіштігін кеңінен насихаттау көзделген.
«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері мен жүлдегерлерге арнайы төсбелгілер мен дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталады.
Фестиваль лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында (Ж.Баласағұн концерт залы) танымал шығармашылық орындаушылардың қатысуымен 2022 жылғы 12 тамыз күні сағат 19:00-де өтетін гала-концертке ұласады.
Облыс жұртшылығы мен қонақтарын тамашалауға шақырамыз!
«Отандастар қоры» КеАҚ-ы Жамбыл облыстық фронт офисі