Жуалылық 330 оқушы жаңа оқу жылын жаңа білім ордасында бастады. Ауданда 3 жаңа орта мектепте бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Заманауи жабдықталған 180 орындық Дихан орта мектебі, 100 орындық Алатау орта мектебі және 50 орындық Ақтасты бастауыш мектебі пайдалануға берілді.
Жаңа мектептердің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысып, оқушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен аудан әкімі Жалғас Мұртаза Дихан орта мектебінің табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге әліппе кітабын салтанатты түрде табыс етті.
Жалпы, Жуалы аудандағы жалпы білім беретін 39 мектепте алғашқы қоңырауы соғылып, 10724 оқушы оқу жылын бастады. Оның 962-і бірінші сыныпқа келген бүлдіршіндер. Соңғы 3 жылда ауданда 3 жаңа білім нысаны салынып, 8 нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Бұдан бөлек, «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 539 376,4 мың теңгеге 3 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде.
Сонымен қатар биылғы жыл халық жазушысы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай, аудан орталығында орналасқан №1 мектеп- гимназиясына Шерхан Мұртазаның есімі берілді.