«Анаға тағзым» орталығы мен «Елім-ай достық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен орталықтың «Мирас» ата-дәстүр залында көрпе фестивалі өтті.
Шара барысында «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігі қолөнер бұйымдарының көрмесін ұсынды.
Халқымыздың ою-өрнектерінің түрлері де, атаулары да көп. Қазақтың ісмер, шебер қыз-келіншектері құрақты қиюластырып пішіп, құрауда алдарына жан салмай келеді. Бүгінде «Анаға тағзым» орталығының «Бойтұмар» қолөнер және дизайн үйірмесінде жас та, жасамыс та қол еңбегін дамытып жүр. Солардың бірі—Сапара Жайлаубаева, ол «Щи құрақ» әдісімен құралған бұйымдар туралы айтып берді. Сондай-а, үйірме қатысушылары құрақ көрпеден бөлек, ұлттық нақыштағы басқа да бұйымдар тігеді. Осы заттардың жасалу жолы бойынша шеберлік сағатын өткізді.
Фестивальдің мақсаты— қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғырта отырып, насихаттау. Көрпе-жастық тігуге икемі бар аруларды ынталандыру, әйелдердің өз ісін бастап, кәсіп игеруіне жол ашу және бағыт-бағдар бере отырып, қолдауды көздейді. Қатысушылардың ең жасы-14 те болса, үлкені 60-ты алқымдаған аналар. Олар шара барысында ою ойып, құрақ құрауды, кез келген дүниені үйлесімділікпен жасауды үйренді. Сондай-ақ, орталықтың жас өрендері әуезді ән айтып, әсем билерімен талайды тамсандырды.