«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында кездесу өтті

0 40

Бүгін «AMANAT» партиясы аудандық филиалының жанынан құрылған штаб төрағасы Марат Нарымбеков, штаб мүшелері Гүлнар Мусаханова, Эльмира Абишева, Халдыбай Байрамов қаржы саласының және өзге де сала мамандарымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.

Кездесуді штаб төрағасы Марат Нарымбеков ашып, Жолдауда айтылған бес бағдардың негізгі тұстарына тоқталды.

-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы жаңа Қазақстан, яғни заң үстемдігі жүретін әділетті мемлекет құруға бағытталған. Әлеуметтің әлеуетін көтеру, халықтың қажетін өтеу, әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету, балаларды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау әрі нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін, сот жүйесін реформалау негізгі басым бағыттар болып белгіленді. Алдағы уақытта қолға алынатын реформалардың бағыт-бағдары айқындалды.
Күнделікті өзгеріп отыратын әлеммен үндесу, көштен қалмау үшін қажетті реформаларды жүргізу, тиісті өзгерістерді енгізу аса маңызды. Бұл өз кезегінде заман талабына сай әрекет етуге, тұралап қалған экономикамызды көтеруге, мемлекетімізді әрі қарай дамытуға, елдігімізді нығайтуға, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге сеп болады,-деді.

Әрі қарай сөз алған Халдыбай Байрамов Жолдауда медицина саласына қатысты айтылған тұстарына тоқталды.

-Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Жолдаудағы үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Әсіресе алдағы үш жылда резидентура бойынша бөлінетін грант санының 70 пайызға артатыны жағымды жаңалық болды.
Сондай-ақ медициналық оқу орындарының жанынан ауруханалар мен емханалар ашу студенттеріміздің тәжірибе алмасып, маман ретінде өсуіне жағдай жасайды. Бәсекеге қабілетті денсаулық саласының бірінші көрсеткіші – кәсіби мамандар, яғни білімді, тәжірибелі дәрігерлер. Президент осы мәселе төңірегінде нақты шешімдерді ортаға тастады. Жолдауда көп түйткілді мәселенің шешімі айқын көрініс тапқан. Әділетті қоғамның басты белгісі – әділетті тұрғындар,-деді.

Өз кезегінде сөз алған Эльмира Абишева Жолдауда медицина саласына қатысты айтылған тұстарына тоқталып өтті.
Білім беру саласының өркендеп, өсуі үшін «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асатыны белгілі болды.
Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласында қызмет істейтін біздер үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Ендігі кезекте осы жобаны барлығымыз біріге отырып іске асырсақ деген ниет бар. Қазіргі уақытта балалардың қолайсыз жағдайда білім алуы, әрине өз кедергісін келтіреді. Осы білім саласына қатысты өзгерістердің барлығын іске асыру сіз бен біздің қолымызда», – деді.

Кездесуде қорытынды сөз алған Гүлнар Мусаханова Жолдауда айтылған әлеуметтік салаға қатысты тұстарына тоқталды .

-Президент «Ұлттық қор – балаларға» деген жаңа бағдарламасын бастау маңызды екендігін айтты. Демек, оның шегінде Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% — ын 18 жасқа толмаған балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына аудару тапсырылды. Атаулы жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан іске асырылады.
Онымен қоса, Президент 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдерді бір жарым жасқа дейін арттыруды тапсырды.
Және де Президенттің өзінің айтуы бойынша елімізге, «Халықтың жаңа сенімді мандаты қажет» деген пиғылмен 2022 жылдың күзінде Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімін жария етті.
Елімізде болып жатқан оң өзгерістердің барлығы Қазақстан халқына тек жарқын болашақ сыйлайтынына сенімдімін,-деді.

Кездесу соңында жиынға қатысқандар да Президентіміздің бастамаларын қолдайтындықтарын, реформалардан болған өзгерістерден үлкен үміт күтетіндіктерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.